Елімізде ана мен баланы қорғау туралы жүйе өткен ғасырда қолға алынған екен. 1917 жылы ана мен баланың денсаулығына жауапты алғашқы мемлекеттік орган құрылды. Бір жылдан кейін 66 перзентхана, әйелдерге кеңес беретін 50 бөлімше және 46 балалар үйі ашылған. Ойлап қарасақ, күні кешеге дейін қаншама бағдарламалар қабылданды. Түрлі орталықтар ашылды. Талай скринингтік зерттеулер жүргізілді.
Ал еліміздің қорғаны болар ерлердің денсаулығына түк те көңіл бөлінбеді. Дәл қазіргі таңда ер-азаматтарға қатысты түрлі аурулар асқынып, белсіздік белең алды. Олардың денсаулығы, тіпті медициналық емес, әлеуметтік проблемаға айналып кетті.
Халық санын 20 миллионға жеткізуді мақсат еткенде, некедегі ерлердің белсіздігі 16 пайызды құрап отыр. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінде, егер елдегі бедеулік 15 пайыздан асса, бұл әлеуметтік-демографиялық мәселеге айналады. Астана қаласында «Ерлер денсаулығы мектебі» аясында өткен конференцияда еліміздің бас урологы еркектерге қатысты небір деректерді келтірді.
Біріншіден, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. Екіншіден, әйелдерге қарағанда ерлер қатерлі ісік ауруына екі есе көп шалдығады. Үшіншіден, Қазақстандағы өлім-жітім дерегінде ер-азаматтар алдыңғы орында тұр. Төртіншіден, ерлердің репродуктивті денсаулығын қорғау жөнінде бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жоқ. Мүмкін, осының әсерінен болар, ер-азаматтардың 65 пайызы
өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайды екен. Айта берсек көп. Жүрекпен, қан қысымымен, гиперхолестеринемиямен, семіздікпен де көп ауыратын – еркектер.
Конференция барысында
Мырзакәрім Алшынбаев жиынға қатысқан азаматтарға «Соңғы рет урологқа қашан бардыңыз?», «Тестостеронге қашан тест тапсырдыңыз?», «Күніне қанша шақырым жүгіресіз?», «Арақ, темекіге әуессіз бе?» секілді қарапайым сауалдар қ ойды. Өкінішке қарай, көңілге қонатын ешқандай жауап жоқ. Азаматтардың көбі жүгірмейді, денсаулығына байланысты кеңес алмаған, тіпті отырған жүзге жуық адамның ешқайсысында үш баладан артық бала жоқ. Төрт баласы бар бір-екеуі ғана қол көтерді. Бұл нені білдіреді?
Профессор Алшынбаевтың бастамасымен Урология ұлттық ғылыми орталығы жүргізген скринингтік зерттеуге назар аударсақ. Оған еліміздің барлық аймағынан 26000 ер-азамат қатысқан екен. Зерттеу нәтижесі мынадай: ерлердің 56,3 пайызынан түрлі дәрежедегі эректильдік дисфункция белгілері анықталған. 30,4
пайыз – ұрықтың бұзылуы, 42,4 пайызы жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауруларға шалдыққан. Ал түсті
металлургия кәсіпорындарында жұмыс істейтін жұмысшылардың 53,2 пайызында репродуктивтік қызметтің бұзылуы байқалады.
Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде «Ерлер денсаулығы орталығы» ашылған. Аталмыш орталықта уроандрологиялық ауытқулар әсерінен болатын жүрек-қан тамырлары мен эндокриндік патологиялардың деңгейін анықтауға болады. УДЗ диагностикасы арқылы аурудың қай деңгейде екенін біліп, алдын алуға әрекет жасайды. Бұйырса, 2018 жылдан бастап аталған орталықтарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбек.
Айта кетейік, конференция кезінде академик Михаил Зельцер, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев, Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының директоры Жәмила Баттақова және Тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мақсұт Шәкіров ер-азаматтардың денсаулығына қатысты баяндама оқып, пікір алмасты.
Гүлмира Аймағанбет