Мәдениет

Beles fest белесі қандай?



Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елордалық орта арнаулы оқу орындары арасында «Jana Beles Fest – 2024» шығармашылық фестивалі басталды. Іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды.

«JANA BELES FEST – 2024» фестивалі елордалық ең жігерлі әрі шығармашыл жастардың басын қосатын, сондай-ақ студенттер асыға күтетін іс-шаралардың бірі. Фестивальдің мақсаты – Астана қаласының жастары арасында мәдениет пен өнерді дамыту, көшбасшылық дағдыларды дамыту, студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, талантты студенттерді анықтау және жан-жақты қолдау.

– Фестиваль бірнеше номинацияларды қамтиды. Оның ішінде «Вокал», «Ұлттық би», «Заманауи би», «Ұлттық аспаптар», «Үздік жанкүйерлер» аталымдары бар. Іс-шара алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылды. Биыл оған 35 колледж студенттері қатысады, – деп атап өтті «Астана жастары»  жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Арайлым Сапаралы.

Жобаның алғашқы күнінде «Вокал» номинациясының қатысушысы Наргиза Маликова «Қазақ елі осындай» патриоттық әнін орындады. Сөз барысында қатысушы белгілі әнші Маржан Арапбаеваның жанкүйері, оның вокалдық шеберлігіне ғана емес, шығармашылығына да тәнті екенін айтты.

– Мен «Сервис және туризм» колледжінің студентімін. Түрлі байқауларға қатыссам да, бұл фестивальде бірінші рет бақ сынап отырмын. Мамандығым – аспазшы, бірақ бала кезден ән айтуға қызығамын. Фестиваль – жастар үшін мүмкіндік алаңы, студенттер қабілеттерін көрсетіп, өз өнерін ортаға салады, – деп бөлісті студент.

Жобаның жабылу және марапаттау рәсімі 29 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Оның барысында «Ең үздік колледж» номинациясының жеңімпазы анықталады.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button