Жаңалықтар

БЕНЗИН ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ



13f67938940021fcbdd7dae8c1a35f8f

Үкімет жанар-жағармай тапшылығын болдырмау мақсатында оның бағасын реттеуден бас тартады. Жақында ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жұмыс жасап жатқан мұнай өндейтін зауыттар ішкі сұранысты толықтай өтей алмайды. Сондықтан жанар-жағармайдың 30 пайызы Ресей Федерациясынан тасымалданады. Бұрынғы теңге бағамы кезінде бензиннің литрі 97 теңгеден сатып алынып, бізде 108 теңгеден сатылып келген.

  • Ал қазіргі уақытта 120 теңгеден сатып алындады да, бізге біразға

дейін бұрынғыша 108 теңгеден босатылды. Мұндай жағдай ұзаққа созылса, қыркүйектің аяғында-ақ бензин тапшылығы орын алуы мүмкін. Сол себептен Үкімет АИ-92 және АИ-93 бензин түрлерінің бағасын реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдады, – деп мәлімдеді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Дегенмен, бұл үкімет ештеңе істемей қол қусырып отырады деген сөз емес. Осы нарықта тапшылықты қолдан жасап, пайда табуды көздейтін алаяқтар да бой көрсетері сөзсіз. Үкімет мұндай жағдайға жол бермей, нарықты қатаң қадағалап отырмақ.

 Энергетика министрі В.Школьниктің айтуынша, егін жинау науқаны қарсаңында еліміздің аграрлары дизель отынымен толық қаматамасыз етілген. Қазіргі уақытта фермерлерге дизель отыны бұрынғысынша төмен бағамен босатылып жатса керек. Министрдің сөзіне сенсек, оның бағасына ешқандай қауіп жоқ. Себебі, дизель отыны бізде үлкен мөлшерде өндіріледі. Қоры жеткілікті. Тек Павлодардағы мұнай өндеу зауытында ғана модернизация жүргізіледі де, қалған зауыттар жұмысын тоқтаусыз жалғастыра береді. Бұл жағдай да осы жанар-жағармай түрлері бағасының тұрақты болуына септеспек.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев баспасөз мәслихатында АИ-80 бензині мен дизель отынының бағасы бұрынғыша өзгеріссіз қалатынын жеткізді. Себебі, бұл екі жанар-жағармай түрі бізде көп өндіріледі екен. Сондықтан бағасына қатысты ешқандай мәселе туындауы мүмкін емес. Қазіргі уақытта бізде АИ-80 бензинінің бір литрі 89 теңге болса, дизель отыны 99 теңге. Осы бағаны сақтау және қадағалауды үкімет толық көлемде жүзеге асырмақ.

Тағы бір айта кетер жай, еліміздегі жанар-жағармай бағасы басқа елдермен салыстырғанда біршама арзан болатын көрінеді. Себебі, еліміз осы уақытқа дейін тұрғындар үшін жанар-жағармайды субсидиялап келген. Сол себептен де бізде мұнай өнімдерінің бағасы өзге елдермен салыстырғанда арзан болып қала бермек.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button