Қала тіршілігі

Білікті маман – ел болашағы



ХХІ ғасырдың жаһандану үрдісі мен ақпараттық қордың молдығынан қазіргі кезде өзгерістерге бейімделу кез келген маман иесіне аса қажетті саналады. Себебі тез арада жаңалықтарға құлағын түріп жүретін білікті және білгір мамандар ғана алға қарай жылжып, өсіп-өркендеп, соның есебінен мемлекетті де дамытуға үлестерін қоспақ.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бүгінгі таңда Қазақстан елінің дамуы мен өркендеуі, жаңа заман легінен қалыспай жүруі үшін жасап жатқан қадамдары мен реформалары заман талабынан туындағаны дау туғызбаса керек. Сол себепті өмірдің өзі талап етіп отырған ақпараттық жауынның астында қалып қоймай, қайта соның есебінен дамуды ойлап, алға қарай ұмтылу керек. «100 нақты қадам» атты негізді бағдарлама осы айтылғандардың талабынан туындаған дүние деп санаймыз.
Ең бастысы, мықты мемлекетті құрып, тұрақтану үшін оның кәсібилік деңгейі өзгеге қарағанда артық болуы шарт. Ал мықты мемлекетті кәсіби біліктілігі жоғары, өз мүддесін өзгенің мүддесінен жоғары қоймайтын, ел аузында игі істерімен жақсы атын қалдыра білетін, алдына келген халықтың жанайқайын өз мұңындай жоқтай алатын, елдің мұң-мұқтажын толтыра алатын азаматтар қалайды. Тек осындай азаматтардың ғана мемлекет іргесінің қалану ісіне араласуына құқығы бар деп санаймыз. Тек сонда ғана мемлекет бірлігі мен ынтымақтастығы артып, заң бұзылмай, қоғам ілгерілейді. Осындай деңгейдегі кәсіби аппараттың, яғни азаматтардың тобын құру үшін мемлекеттік қызметке қабылдаудың алғышарттары мен ресімдерін жаңғырту яки жаңа сипатта өткізу қажет. Бұл саясаттың не болмаса жүйенің ескіргендігінен ғана емес, бұл – заман талабынан туындаған қажеттілік.
Мемлекеттік қызметке қабылдау тарихы бірнеше сатыдан өткені мәлім. Ал қазіргі кездегі «100 нақты қадам» ұлт болашағы үшін жасалған жоспарының бірінші қадамы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту» деп аталады. Мұның ішіндегі басты міндет – «мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс». Демек, бұрынырақта белгілі бір салада қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкер біліктілік талаптарына сәйкес өзіне жақын, тіпті кейде ешқандай қатысы жоқ саладағы басқа, яки жоғарырақ лауазымға ауы­суына мүмкіндік болған болса, қазіргі кезде ол мүмкіндік жойылған. Бұл сол салада қызмет етіп жүрген қызметкерлердің де белгілі бір мансаптық жетістікке жетуге қатысты мұраттарының орындалуына жол ашады. Оған қоса, шын мәнінде, қызметіне мықты, білікті маман ретінде өзін таныта білгендердің бағы ашылады.
Екінші қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу ІСКЕРЛІК ҚАСИЕТТЕР негізінде жүзеге асырылуы тиіс» делінген. Жоғарыда айтылғандай, теориялық оқуын бітірген маман бірден қызметке алына салмай, тек білгірлігі мен іскерлік қасиеттеріне ғана байланысты жұмысқа қабылдануы көптеген жастардың білім мен білгірлікке деген құлшыныстарын арттыратыны сөзсіз. Бұл ата-анасының, таныс-тамырының күшіне емес, адамның жеке өзінің теориялық білімі мен бейімділігіне ғана сену керектігіне баса назар аудартады, демек оқуы мен білу құлшынысын арттырып, болашаққа ынталандырады.
Үшінші қадамда – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу» делінген. Ал төртінші қадамда «3+3 ФОРМУЛАСЫ БОЙЫНША мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін МІНДЕТТІ ТҮРДЕ СЫНАҚ МЕРЗІМІ (тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау)» делінген. Бұл екі қадам бір-бірімен тығыз байланыста. Нақтыласақ, бірінші кезең тестілеуден тұрады. Екінші кезең – адамның жеке қасиеттерін бағалаудан, ал үшінші кезең әңгімелесуден құралады. Бұл кезеңдердің барлығынан өткен азаматтарға сол салада қызмет етушілерден тәлімгерлер бекітіліп, 3 айдан бастап 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді. Бұл да болса білікті жас маманға қатысты оңтайлы орындалар шараның бірі деп санаймыз.
Бесінші қадамда «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты ӨСІРУ» деп айтылған. Оған қоса, «ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру» деген 8-қадамдағы нұсқаулықтың мәні мемлекеттік қызметке орналасқан адам үшін өте маңызды. Біздің ойымызша, қазіргі заманда бұл екеуі де аса қажетті, міндетті шарттардың бірі. Өйткені «еңбегіне қарай – жемісі» демекші, адам­ның атқарған шаралары мен жұмысына қарай бағалау Еуропа елдерінде әлдеқашан өзінің оң нәтижелерін беріп жүрген бағдарлардың бірі саналады.
Алтыншы қадам мен жетінші қадамдар бірімен-бірі үндесіп жатыр – «ЕҢБЕКАҚЫНЫ НӘТИЖЕ БОЙЫНША ТӨЛЕУГЕ КӨШУ», яғни мемлекеттік қызметкерлер үшін – жеке жылдық жос­парларды орындау; мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындау; министрлер және әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнау­лы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту; Үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторлар» және «мемлекеттік қызметкерлердің ЛАУАЗЫМДЫҚ ЕҢБЕКАҚЫЛАРЫНА ӨҢІРЛІК ҮЙЛЕСТІРУ КОЭФФИЦИЕНТТЕРІН қосу». Біздіңше, шын мәнінде, лауазымы мен мүмкіндіктеріне қарай қызметкерлер өз жұмыстарын атқаруы, жоспарды орындауы, инвестиция көздерін тартуы деген сияқты әрекеттер тікелей қызметкерлердің міндеттерінен шығады. Қазақстан аумағындағы бір айлық есеп көрсеткіші мен аймақтық өмір сүру мүмкіндіктері әртүрлі екені белгілі. Сол себепті бұл қызметшілердің өмірі мен өздеріне қатысты осы бағыттардың да ескерілуі өте маңызды.
Жалпы, «Ұлт жоспары – бес институ­ционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тиімді жолдарының бірі санатында. Ең бас­тысы, қазіргі кезде мемлекеттік қызметте жүрген қызметшілердің кешенді түрде аттестаттаудан өтуі, олардың кәсіби талаптарға сай болуы, соған орай оларға жаңаша еңбекақы төлеу мәселелері он бесінші қадамда айтылған. Осы айтылған қадамдардың барлығы мемлекеттік қызметте кәсіби, білікті, білгір, өз ісінің мықты маманы болатын адамдардың болуы мұраттарынан туындаған. Елбасының бұл бағдарламасы Қазақстанның гүлденуі, азаматтарының тұрақты, бейбіт елде тұру қажет екендігін жете түсінуінен туындаған деп білеміз.
Сонымен, ойымызды қорыта айтсақ, ең алдымен, бұл қадамдар жастардың білімге деген құлшынысын арттыруына көмектеседі, соның негізінде ел болаша­ғына немқұрайлы қарамайтын, жаңа заманға лайық мемлекет басқарушылары келмек. Екіншіден, үш кезеңдік шарттан сүрінбей өтіп, тәлімгерліктің арқасында кәсіби білгірлігін жетілдірген маман, шын мәнінде, «сегіз қырлы, бір сырлы», заң ұстанымдарына берік азамат, басшы болып шығады. Үшіншіден, меритократия негізінде, шын мәнінде, өз біліміне сенген жастар мен мамандарға жол ашылатыны қуантады. Төртіншіден, еңбегі еленіп, өзгенің астауына көз тікпейтін, өз лауазымы мен қызмет бабын асыра сілтеп пайдаланбайтын қызметкерлердің артатыны қуантады. Себебі бесінші қадам бойынша әр қызметшінің атқарған жұмысына қарай қаржы-қаражат төленсе, сыбайлас жемқорлықтан құтылуға жол ашылмақ.
Негізінде, өз қызмет бабында не істесе де халық мүддесі үшін атқаратын, ел болашағын бәрінен үстем көретін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді түрде күрес жүргізе алатын саналы, білікті, кәсіби маманданған азаматтар, шын мәнінде, Қазақстанның болашағы деп ойлаймыз. Жаңа ғасырда жаңғыру үдерісінде жаңаланған ақпараттар мен қадамдарды атқарушы жас буын ел үмітін ақтар – жарқын болашағы екендігіне сенім мол.

Гүлшира Шойтанова,
Астана қаласы
Қазынашылық департаменті
персоналмен жұмыс істеу
бөлімінің басшысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button