Жаңалықтар

…БІР МЕЗГІЛ КЕТПЕН, КҮРЕК ҰСТАМАСА



Өткен сенбі күні Астана қаласында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке 20 мыңға жуық адам қатысты. ПИК басшылары бастап шыққан тазалық шарасына шаһардағы 435 ПИК-тің 417-сі атсалысты.

Негізгі жұмыстар Есіл және Алматы аудандарында жүргізілді. Есіл ауданы ағаш егуден қалған екі ауданмен салыстырғанда көш ілгері екенін айту керек. Мұнда 468 ағаш егілді. Ал Алматы ауданында 410 кө­шет отырғызылды. Жалпы, осы күн қала бойынша 892 ағаш орнын тапты.
Бұған қоса, сенбілік барысында көп қабатты үйлердің кіреберістері сырланып, әктелді. Шатырлар жөнделіп, қоршаулар мен қасбеттер жаңартылды. Жалпы алғанда, 100-ге тарта аулаға, саябақтарға сән кіріп қалды. Барлық жұмыс­тарға 175 арнаулы техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, қураған шөп пен сарғайған ағаш жапырақтары жиналды. «Паритет» ПИК басшысы Шамиден Тапаевтың айтуынша, ағаштардан түскен жапырақтарды уақытында тазаламаса, бұл жапырақтар жасанды көгалға зиянын келтіреді.
Сенбілікке еңкейген қарияларға дейін үлес қосып, ПИК басшыларының алғысын алды. Солардың бірі үш жыл бұрын зейнеткерлік демалысқа шыққан Владимир Устюжанинов бәрі жұмыс істеп жатқанда үйінде отыра алмағанын жеткізді.
Сенбіліктен кейін «Паритет» ПИК-ке қарасты үйлердің тұрғындары дастарқан басында бас қос­ты. Аула тұрғындарының сө­зінше, олар сенбілікке отбасыларымен шығады және тазалық шараларын жиі өткізіп тұрады.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button