Жаңалықтар

БИЫЛ ТАҒЫ ҮШ ЕМХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ



ZAH_9159

Бейсенбіде оқырмандарымыз қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаевамен тікелей байланысуға мүмкіндік алды. Тұрғындарды толғандырған сұрақтар тым көп болды. Басқарма басшысы солардың әрқайсына жеке-жеке жауап беріп, шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті емдеу мекемелерінің бас дәрігерлеріне, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы, тікелей желі арқылы хабарласқан азаматтардың өтініш-тілектері дер кезінде қанағаттандырылып жатты. Төменде солардың бірнешеуін жариялап отырмыз.

Алтынай:

– Қалада тiркелмегенмiн. Ауыра қалсам, қайда барып емделуіме болатынын білгім келеді. Пәтерде тұратын мекен-жайдағы емханаға тiркелуіме бола ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2011 жылғы 1 қарашадағы қаулысына сәйкес, қаланың әрбір тұрғыны дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдау принципі бойынша әрі қарай көмек алу үшін емханаға немесе бастауыш медициналық-санитариялық көмек орталығына бекітіле алады. Емханаға бекітілу үшін қалаға тіркелу қажет емес. Дегенмен, емханадағылар ақпараттық жүйе арқылы сіздің тұратын және алдыңғы тіркелген жеріңізді анықтауға құқылы. Ал, бекітілу үшін Астана қаласының аумағында тұруыңыз қажет және өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен ЖСН болуы тиіс. Қолжетімділік принципі бойынша өтініш берген барлық азамат емханаға бекітіледі.

Бекітілген емхана ауданынан басқа жерде тұрсаңыз, алыс орналасқанына және қызмет көрсету радиусының көп болуына, халықтың көшіп-қонуы мен емхана жүктемесінің жоғары болуына байланысты сізге үй жайында қызмет көрсетілмейді. Егер емхана жүктемесі көп, бекітілген халық саны нормадан жоғары, дәрігер жүктемесі көп болса, медициналық ұйым сізді осы емханаға бекітпеуге құқылы. Қосымша ақпаратты біздің басқарма мен қала емханаларының сайттарынан немесе тікелей медициналық мекемеге жүгініп алуға болады.

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде  халыққа медициналық қызмет көрсету бекітілген жеріндегі емханаларда, ал шұғыл жағдайларда жүгінген жері бойынша көрсетіледі.

Өмірбек:

– Бүгінде психолог мамандарға деген сұраныс жоғары. Бірақ олардың қызметі көбіне ақылы. Тегін қызмет көрсететін психологтар неге жоқ?

– Астанадағы медицина мекемелерінде психолог мамандар жұмыс істейді. Қаладағы №3, №4 емханаларда жедел психологиялық жәрдем кабинеті бар. Ондағы мамандар тегін медициналық кепілді көмек көлемінің шеңберінде ересектер мен балаларға ақысыз көмек көрсетеді.

Зарина:

– Биыл Астанада қанша жаңа нысан пайдалануға беріледі?

– Жыл соңына таман Есілдің сол жағалауындағы Бас прокуратура ғимаратының жанынан 500 адамға арналған қазіргі заман талабына сай амбулаториялық-емханалық кешен пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, биыл Ильинка елдімекені аумағында және Досмұхамедұлы көшесінің бойынан әрқайсы 500 адамды қабылдауға ыңғайластырылған екі емхана ашылады. Ал, келесі жылы балалар жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасының да мәселесі шешіледі. Біздің жұмысқа қатысты барлық жаңалықтар Денсаулық сақтау басқармасының densaulyk.astana.kz сайтында толық жазылған.

Айтжан Күлбаев:

– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан еліміздегі денсаулық сақтау нысандарын жаңа үлгідегі  медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Ал, бұл салада осы құралдардың «тілін» меңгерген мамандар жеткілікті ме?

– Иә, мемлекет денсаулық сақтау нысандарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді ерекше назарда ұстап, соның ішінде Астананың медициналық мекемелері заманауи үлгідегі жабдықтармен толықтырылып, жаңартылуда. Ал, кадр мәселесіне келсек, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін мамандардың білімін жетілдіруге көп көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте басқармаға қарасты оқу-клиникалық орталығымен бірлесе отырып, жергілікті бюджет есебінен оқулар өткізіледі. Медициналық ұйымдардың өтінінімдеріне байланысты оқуларды толық көлемде өткіземіз.

Сонымен қатар, осы бағытта шетел мамандарымен де тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын жаңа инновациялық технологияларды енгізу мен қолдану бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі. Тәжірибе алмасу бойынша мамандарды шетелге де оқуға жіберіп отырамыз.

Раушан Арынқызы:

– Астанадағы №2 қалалық емхананың дәрігері Қыдырбаева Жәзира Жақанқызына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Дәрігер болудың қиындығын сырқаты жанына батқан, басы ауырып, балтыры сыздаған адам ғана жақсы біледі. Мен – сондай жандардың бірімін. Еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық, жеке өмірлеріңізге бақыт пен шаттық тілеймін!

– Рахмет, ауырмаңыз.

Риза:

– Қайырлы күн, Айгүл Кимқызы?! Жүктiлігіме байланысты перзентхананы еркiн таңдауыма бола ма?

– Қаламызда әрбір емханаға бекітілген перзентхана бар. Дегенмен, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес және елімізде Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiнiң енгізілуіне байланысты сіз босанатын жерді еркін таңдау құқын еркін пайдалана аласыз.

Антонина Ивановна:

– Жолдасым Ресей Федерациясының азаматы болғандықтан, жақында сол жерде ішкі ұйқы артериясына ота жасатып келді. Астанада мұндай ота жасайтын мамандар бар ма?

– Астана қаласында ұйқы артериясына және жалпы қан-тамырларға операциялар жасалынады. Ол операциялар қаламыздағы №1 және №2 ауруханаларда, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ-ның интервенционды кардиология және кардиохирургия бөлімшелерінде рентгенхирургия әдісімен жасалынады.

Камила:

– Биыл қыз балаларға жатыр обырына қарсы вакцинация жүргiзiлетiндiгiн естiдiм. Бұл екпе міндетті ме?

– Елімізде әйелдер арасындағы жатыр мойны обыры ауруынан өлім-жітім екінші орынды алып отыр. Оның алдын-алу және пайда болу жиілігін төмендету мақсатында 11-12 жастағы қыздар арасында адам папиломасы вирусына қарсы вакцинация жүргізу басталды. ҚР ДСМ 2012 жылғы 22 қазандағы «Қыз балаға адам папиломасының жұқпасына қарсы екпе салу туралы»  бұйрығымен Қазақстанның төрт өңірінде, атап айтсақ Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар және Атырау облыстарында осы бағдарламаны енгізу қарастырылған. Бұл екпе қыздардың ата-аналарының ерікті келісімі бойынша жүргізіледі.

Ербол:

– Дәрiгерлердiң қызметiне көңiлім толмаса, қайда шағымдануыма болады? Мекемелерде немесе басқармада сенiм телефондары бар ма?

– Астанадағы әрбір аурухана мен емханада бас дәрігердің медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары бар. Олар сол мекемеге қатысты шағымдарды қарап, талап-тілектерінің орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ, әрбір медициналық ұйымда шағымдар мен ұсыныстарды қабылдайтын сенім телефондары жұмыс істейді. Басқармамыздың сайтындағы «Байланыс үшін ашықпыз» бөліміне еніңіз. Біздегі сенім телефоны: 55-69-85. Сонымен қатар, 2014 жылдың маусым айында Call-орталық медициналық анықтама қызметі ашылды. Басқа да барлық ескертпелеріңізді 963-777 нөміріне хабарласу арқылы жеткізуіңізге болады.

Қаламқас:

– Перзент сүю үшiн ЭКО-ға кезекке тұрғым келедi. Ол үшiн қандай құжаттар қажет және оларды қайда тапсыруым керек?

– Ең алдымен, күйеуіңіз екеуіңіз тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаға барып, дәрігердің толық тексеруінен өтіңіздер. Бедеулік анықталғаннан кейін дәрігер сіздерге қаламыздағы №1 перинаталдық орталықта орналасқан отбасын жоспарлау және репродукция бөліміне жолдама береді. Бұл бөлімде жұбайыңызбен бірге толық тексеріліп, жыныс гормондарының, спермограмманың, инфекцияның бар-жоғын анықтап, эндокринолог, маммолог, психолог секілді арнаулы мамандардың кеңесін аласыздар. Осы тексерулерден өткеннен кейін бедеуліктің себебі анықталады. Егер бедеулікті емдеу мүмкін болса, дәрігерлер емдейді, ал емделмейтін жағдайда экстракорпоралды ұрықтандыруды қажет ететін тұлғалардың тізіміне тіркеледі.

Қазіргі таңда қаламызда экстракорпоральді ұрықтандыруды қажет ететін жұптар саны 400-ден асады.

Дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button