SportӘлеуметТаным

СТАРОСТИНДЕР

семья

Шаңғы жарысынан әлемдік деңгейде талай мәрте жүлдегер атанған бұл әулеттің үлкені Юрий Стростин спорттың осы түрінен қалалық команданың аға жаттықтырушысы. Спортқа  кездейсоқ келген оның әкесі кезінде әскери офицер болса керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан Михайл Старостин сол кезде қалыптасқан әдетімен балаларының тәрбиесіне келгенде тым қатал болыпты.

– Әкем біздің спортшы болғанымызды басты мақсат тұтпаған. Ол үшін біздің деніміздің сау, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын мықты, шыныққан шымыр азаматтар болып өсуіміз маңыздырақ болатын. Дәл осындай тәртіппен өскен спортты өмірімізге серік етіп, салауатты өмір салтын ұстандық. Қыстың күнгі суықтарға қарамай, қарындасым екеуміз таңсәріден суық сумен жуынып, күн сайын жаттығу жасауға дағдыландық. Мен бір жылдай егіс даласында тракторшы, кейін комбайншы болып еңбек еттім. Дала төсінде, егіс алқабында ел игілігі үшін тер төгудің рахатын сезіндім. Әрине, мен үшін бұл бір ерекше кездер болатын. Содан Целиноградтағы Ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, жоғары білім алдым. Сол кезде де кішкентайымнан бойыма сіңген қасиеттен арыла алмадым.  Институтта ұйымдастырылатын спорттық шараларға белсене қатысып, қолым қалт етсе, жаттығу жасаумен, өзімді-өзім шынықтырумен айналыстым. Уақыт өте келе мен ауыл шаруашылығын емес, кең жазық даланы, айналамызды қоршаған табиғатты сүйетінімді түсіндім. Сөйтіп, мамандығымнан біржола қол үзіп, спортқа ден қойдым. Мені өмірлік жолдасыммен табыстырған да – спорт, – дейді Юрий Михайлович.

Бүгінде оның шәкірттері елімізді әлемге әйгілеп жүрген атақшы спортшылар қатарын толықтыруда. Жұбайы Маргарита да 15 жасынан спортпен айналысқан, мықты спортшы.

Юрий мен Маргарита Старостиндердің балалары Дарья мен Марк шаңғы жарысынан өткен әлем біріншіліктерінде бірнеше дүркін жүлдегер атанып, ата-анасының ғана емес, елінің мерейін асқақтатып жүр. Ең бастысы, балалар спортты әу баста-ақ өз жүрек қалауларымен таңдап алған көрінеді. Сондықтан да, олар әр жарысқа шын ықыласымен, бойындағының бәрін салып беріле дайындалады. Себебі, бұл – балалардың өмір салты.

Спортшы Старостиндер әулетіндегілердің басы үнемі бірге қосыла бермейді. Бірі үйде болса, екіншісі жарыста, үшіншісі жаттықтыруда жүретін олар жыл сайын тек Жаңа жыл мерекесінде ғана бір дастархан басына жиналуды дәстүрге айналдырған.

Қоштасарда кейіпкерім Юрий Михайлович отбасының тағы бір құпиясын ашып берді: ол әкесі үйленген күні отау құрған екен. Оның әкесі де дәл сол күні шаңырақ көтеріпті. Енді Марктің де отбасылық осы үрдісті жалғастырып, ата-анасына әлі талай қуаныш сыйлайтына сеніміміз мол.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button