Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

Бөкейханнан «Бәйтерекке» дейін…



Қалалық мәслихаттың сессиясында көптеген маңызды шешімдер қабылданды

Астанада өткен күзде қалалық мәслихаттың шешімімен бір­неше көшеге атаулар беріліп, кейбіреулері қайта аталды. Со­ның ішінде №36 көше мен Еңбекшілер көшесі біріктіріліп, Әли­хан Бөкейхан көшесі атауын алды. Астана қаласы Тіл­дерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қыш­қаш­ба­ев­тың айтуынша, бұл мәселе техникалық жағдайларға бай­ланысты кібіртіктеп қалды. Кеше қалалық мәслихаттың ке­зектен тыс сессиясында аталмыш мәселе мен №31 көшені Иор­дания королі Хусейн бен Талалдың атымен атау мәселесі то­лығымен шешілді. Сонымен, бұрын оң жағалаудағы 400 метр болған Әлихан Бөкейхан көшесі бүгінде сол жағалауға ауы­сып,  4823 метрге созылып жатыр. 

19

Бұған қоса, қала әкімінің орынбасарлары Андрей Лукин мен Қосман Айтмұхамбетов қатысқан сессияда Астана қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесіне өзгерістер енгізу, Астанада балабақшалар салуға және пайдалануға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндет­темелерді қабылдау қаралды. Тиісті мәселелерге қатысты баяндамаларды қалалық Қаржы басқармасы бас­шысының орынбасары Бақыт Сүлейменова, қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Әліби Жұмаев, қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Астана қаласы мәслиха­тының тұрақты комиссияларын сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізіліп, Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерін тағайындау, олардың лауазымдық нұсқаулығы мен осы комиссияның «Б» корпусының мемле­кеттік әкімшілік лауазымдарына қойы­латын біліктілік талаптарын бекіту қаралды.
Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин Астана қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстарды енгізді. Оның айтуынша, қала қазір «ЭКСПО-2017» көрмесіне толықтай дайын болды. Биылғы қаңтар-сәуір аралығында қала бюджетіне 76 млрд 763 млн теңге кіріс кірді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда кіріс 10 млрд теңгеге жуық сомаға ұлғайған.
Андрей Лукин Астана әкімі аппараты аудан әкімдіктері мен бірқатар басқармаға бюджеттен қосымша қаржы бөлуді ұсынды. Соның ішін­де әкімдіктерге санитарлық та­залықты қамтамасыз етуге, қаланы абаттандыруға ақша бөлу жөнінде айтты. Бұған қоса, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері «ЭКСПО-2017» қалашығының аумағында күндіз-түні кезекшілік атқару үшін де керек қосымша қаржы көлемі туралы айтылды.
Сондай-ақ, коммуналдық шаруа­шылықты дамытуға, көлік инфра­құрылымын ілгерілетуге, жолдарды жөндеуге, сумен жабдықтау жүйесіне, әсіресе, «Талдыкөл» су жинағышындағы топырақты қалпына келтіруге, Кіші Талдыкөлдегі суды реттеуге де бюджеттен қосымша қаржы қарастырылды.
Білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, соның ішінде төрт балабақша жобасын дайын­дап, оларды салу жұмысына да қанша қаржы керектігі анықталды. Сирек кездесетін ауруларды емдеуге дәрі-дәрмек сатып алуға да қаржы бөлу жос­парланды.
Спорттық құралдарды жаңартуға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға да қосымша қаржы қарас­тырылады.

21
«Ағымдағы жылдың қыркүйек пен желтоқсан аралығында мүгедектерді санаторлық емдеуге жіберуге 97,5 млн теңге бөлуді ұсынамын. Мұнымен біз Астанадағы барлық мүмкіндігі шектеулі балаларды, І, ІІ топтағы ересек мүгедектер мен зейнеткерлерді 100 пайызға бейімдеу шараларына іліктіреміз. Қазіргі таңда арбаны қажет етіп тұрған мүгедектер саны 630 адамға көбейді. Оларға 100 пайызға жағдай жасау үшін 112 млн теңге керек. Протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету үшін, нақтырақ айтсам, 1062 құрал алу үшін 80 млн қажет. Бұған қоса, үйде көмек көрсетуге қаржы керек» деді қала әкімінің орынбасары.
«Астана-Бәйтерек» монументінің жөндеуін аяқтауға да қаржы қарасты­рылды. Астана әкімі орынбасарының айтуынша, құрылысшылар аталмыш жұмысты алдағы маусым айының басында аяқтап, жаңарған монумент қонақтарға есігін айқара ашады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button