ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЙДА?

«Астана – таза қала» ұра­ны­­мен елордада жалпы­қа­ла­­лық сенбілік­терді өт­кізу дәс­түр­ге айналды. Әсі­ре­се, көк­­тем шық­қан бетте жа­рия­ланатын сани­тар­лық та­залық айлығы ая­сында қа­ланы қо­қыстан арыл­туға үл­кен мән берілуде. Алайда оған үлес қо­­судың орны­на, керісінше, шаһарды лас­тап жатқан жеке адамдар да, мекемелер де әлі көп­теп кездесетін сияқты. Мұны қаланың Ішкі істер де­партаментінің Жергілікті полиция қызметі табиғатты қор­ғау инспекторларымен рейд­­ке шыққанда байқадық.

экспо

Аталмыш рейд Астанада өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» атты жедел-алдын алу шарасы шеңберінде ұйымдастырылды. «Астанадағы қауіпсіздік пен жайлылық» кешенді жоспарын жүзеге асыру барысында «Қоқысты жинау және жоюмен байланысты түйткілдерді анықтау мен жағымсыз жағдайды болдырмау» жол картасы бойынша жұмыстар қолға алынды.
Жалпы, қазіргі таңда қоқысты рұқсатсыз жерге төгетіндерге тиісті жазалау шараларын қолдану жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ, өзіне тиесілі аумақты уақытында тазаламай, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығармағандарға да жаза қолданылады. Мәселен, жыл басынан бері осы үшін 35 мердігерлік ұйымға 2 210 930 теңге сомасына айыппұл салынды.
Ал 14-16 мамыр аралығында қоқыс­ты рұқсатсыз жерге төгу бойынша үш факт анықталып, тиісті шаралар қолданды. Атап айтсақ, «Железнодорожный» кенті, Е16 көшесінде, Алматы ауданының қар полигоны аумағында қоқысты төгу барысында ұсталғандардың әрқайсысына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (45 380 теңге) айыппұл салынды. Қала тазалығына немқұрайлы қарап, осындай келеңсіздікке жол беретіндер, негізінен, құрылыс компаниялары екен. Жыл басынан бері де «Қала мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін» бұзғаны үшін 97 құрылыс компаниясына 7 млн теңгеге тарта сомаға айыппұл салынды.

08
Қалалық Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау аға инспекторы, подполковник Жанарбек Жетімековпен бірге біз «BI Village» коттедж қалашы­ғының аумағына барып келдік. Бұл маңайда «Есіл-Нұра» арнасы ағып жатыр. Алайда көркем көріністі қалашықтан сәл әрірек далиып жатқан далаға төгіліп, желмен жан-жаққа таралған күл-қоқыс бұзып-ақ тұр. Негізінен, құрылыс материалдары әр жерде төбе-төбе боп үйілген. Бұл жерді бірнеше шақырымға созылған «қоқыс қаласы ма» дерсіз. Сол далада тұрып, алыстан көзге анық шалынатын «ЭКСПО-2017» көрмесінің бас павильонының ұшар басындағы шеңбер – «Сфераны» көруге болады. Сол көрме қонақтары тау боп үйілген қоқысты көрсе, әрине, бұл жағдай қалаға абырой әпермейді.
Енді маңайды тазалап, сол қоқысты шығару жеңіл тимейтіні анық. Бүгіндері аумақ одан әрі ластанып кетпес үшін бұл жерде тәртіп сақшылары күндіз-түні кезекшілік атқарып отыр. Сол жерде тасаға жасырынып, қоқыс төгуді болдырмай отырған полиция лейтенанты Бауыржан Байдәулетовпен аз-кем тілдестік. Оның айтуынша, кезекшілікте ол таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін отырады. Сөзіне сенсек, күніне 2-3 қоқыс төгуге келген көлікті ұстайды. Ал кезекшілігі аяқталған соң ауыстыруға әріптестері келеді.
Қорыта айтқанда, әр адам Астанада тұрғаннан кейін «астаналық» атына сай болуы керек. Құрылыс компаниялары да пайданы ғана ойлай бермей, қала тазалығын да ойласа игі. Әйтпесе, бір жағынан шаһардың әрін кіргізетін көрікті ғимарат тұрғызып жатса, екінші жағынан ластап жатыр. Құрылыс компаниялары, жауапкершілік қайда?

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button