ЖаңалықтарРуханият

Көп нәрсе керек емес, көңіл керек…

32-039

Адамдар қысқа ғана
ғұмырында
Бірін-бірі сыйласып ұғысуға
Көп нәрсе керек емес,
көңіл керек,
Тұру үшін адамдық
тұғырында.
Көңіл керек, көл-көсір
көңіл керек.
Авторы, өкінішке қарай, маған белгісіз осы бір өлеңнен: «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақи тәмсілдің астарын аңғару қиын емес. Иә, ой таразысына салып көрсеңіз, адамның көңілі көтеріңкі болып, өзінің айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, жақсылықтың, мейірбандылықтың нұрын төгіп жүргенге не жетсін шіркін?! Ал мұндай адами қасиеттер – жанының құнары бар, санасының шырағы барларға ғана тән қасиет. Бүгінгідей саяси өлермендік, материалдық ашқарақтық пен пайдакүнемдік бел ала бастаған тұста осындай рухани құндылықтардың аса қажеттілігі айқындала түсері анық. Жаратылыс пайымында жақсылықтың дәні молынан себілген тұлғаларға қоғамның ерекше зәру болатыны да сондықтан.
Мұны мен қоғам қайраткері, заң шығарушы орган тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған, үлкен жүректі азамат, ақын, кө­семсөз бен көр­кемсөз шебері, ойы тұнық қа­лам­гер, сезімтал сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты кітабын оқып отырған сәтте мейлінше түйсіндім. Бұл кітаптың бірінші бөліміне Қазақ радиосында бірнеше жылдардан бері өзі жүргізіп келе жатқан «Көңіл қымбат» атты авторлық радиохабарларына басты арқау болған материалдар топтастырылған екен. Осындағы қысқа да нұсқа 56 әңгіменің қай-қайсысының астарына үңілер болсаңыз, ұлан-ғайыр ұлағат ұялап жатқанын байқайсыз және санамен ғана сезінуге болатын толағай тербелістер құдіретіне кенелесіз. Әкім кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесімен өзіңмен бөліскен кезде, бұғып жатқан ең қуатты сезімнің өзі бұлқынып, лықсып шығып, жүрегіңді шымырлатады, көңіліңді толқытады, жанарыңа жас үйіртеді, осылайша бұл өмірде не қымбат екендігін меңзеп барып, әр әңгімесін түйіндейді. Кітаптың маңыздылығы да осында. Енді сол кітаптан бір-екі мысал келтіре кетейін.
1997 жылдың 14 мамыры. Түбі ауылдан шыққан депутат Әкім Ысқақтың дайындаған «Халықтың көші-қоны туралы» және Үкіметтің Қажыгелдиндей Премьер-министрі мен 20 министрі қол қойып, ұсынған «Көші-қон туралы» заң жобалары Парламенттің қарауына беріліп, таңдаудың кімнің пайдасына шешілер сәті. Міне, осы тұста Әкім өзінің жан толқынысынан лүп етіп көкейіне келген иірімді сол заматында:
Ар жетім болар егер де,
Арыңды біреу лайласа.
Бақ жетім болар егер де,
Бағыңды біреу байласа.
Сөз жетім болар егер де,
Сөзіңе ешкім нанбаса, – деп екпіндете отырып, жыр­ға айналдырып жібергенін тіліне тиек етеді. Солай дейді де: «Бір қарасам, залдағы депутаттардың бәрі көздеріне жас алып отыр. Бұларға не болды десем, ар мен намысымыз тапталмасын деген ыза жүрегімді толқытқаннан шығар, бәлкім, өзімнің көзім жасқа толып тұр екен» деп ағынан жарылады. Осыдан кейін қызу талқылау басталып, дауыс беру нәтижесінде үш-ақ қарсы дауыспен Әкімнің қазақ тілінде дайындаған заңы қабылданып, ана тілімізді асқақтатқан сәт туған-ды. Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов болса: «Бұл күн – тарихи күн. Бұдан бұлай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады» деп бағалап, төрдегі орнынан түсіп келіп Әкімге өзінің ыстық ықыласын білдіргені есімізде. Иә, бұл Заң соңғы 20 жылда миллионнан астам қандастарымызды туған ата мекеніне қайта оралып қоныс­тануына мүмкіндік берді.

foto-kongil-qymbat
Мына оқиға да ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Әкім: «Американдық машиналардың отаны Детройт қаласында қазақтың қарадомалақ баласы бар» дей келе, онымен қалай танысқанын кітабында әңгімелейді. Шетелден балалар асырап алған бір топ аналармен кездесу кезінде, сол маңдағы алаңқайда ойнап жүрген балдырғандардың ішінен бөлініп шыққан бір баланың ентелей келіп, өзінің алдына отырып алғанын, ал бұған жұрттың бәрінің таңдана қарағанын сөз ете келе, Әкім бұл сәбидің Даяна атты грек келіншегінің Ресейдегі балалар үйінен асырап алған қазақ баласы екенін айтады. Кезінде аты Сережа делінген баланың жасы төртке толғанын, ал есімі Джо болғанын анықтайды. Өзі болса баланы құшағына алып, бетінен сүйіп, Серік деп атап, жанары жарқылдаған бүлдіршінге қазақ тіліндегі «Саламатсыз ба?», «Қазақстан, Ордабасы» деген сөздерді қайта-қайта айтқыз­ғанын, Даянаға осы сөздерді балаға ұмыттырмай, қадағалап айтқызып отыруын, сөйтіп Серіктің санасына құйғызуын өтінгеніне назар аударады. Серікпен қоштасу сәті кітапта былайша баяндалады: «Серік менен ажырағысы келмеді. Мойнымды құшақтаған күйі жіберер емес. Қолын созған Дая­наға мән бермей маған қарай тығыла түскен Серікті еріксіз анасына табыс еттім.
– Қа-зақ-стан! Ор-да-ба-сы!
Қаракөз бауырдың қоштасардағы айтқан сөзі еді бұл. Жүрегімді дір еткізіп, шымырлатып жіберді. Серік сол сәт маған бір, омырауына тағылған төс белгідегі тәуелсіз Қазақ елінің көк Туына бір қарады. Ерекше қимастықпен жәутеңдеп, жәудіреген осынау қарадомалақ баланың сол кейпі көз алдымнан кетер емес».
Түйсіне білген жанға қыбыр еткен тіршіліктің әрбір сәті түрткі. Алайда, солардың арасынан жан-дүниеңнің қыл қобызын шертіп жүре беретін ерекше шақтар болады. Парасат пайымыңды нығайтып, рухты шыңдайтын, жүрегіңді тербеп, қиялға қанат байлайтын, шабытты шалқытатын да дәл осындай кездер. Бұл «Көңіл қымбат» кітабының «Жаным – қазақ, қаным – қазақ» деген атаумен берілген екінші бөліміндегі эсселерден, көсемсөздерден, толғаныстардан анық байқалады. Әкім Ысқақ аз сөзбен-ақ кейіпкердің ойын жеткізетін өзіне тән суреткерлік стилі бар журналист һәм жазушы ретінде шығармаларында адамдардың ішкі психологиялық иірімдерін ұтымды көрсете біліпті. Сонымен бірге бірқатар эсселерінде өзінің де көңіл-күйін қамшының сегіз өріміндей құп кіріге жымдастыра отырып, елдің жаңа бір есею жолының қиын жылдарын тез жеңілтпек болып серпіле сөйлеп, сергек ойлайтын жарқын мінезін паш етіпті. Бұл жастайынан Баубек Бұлқышев тәрізді 28 жасында Отан қорғау жолында жанын пида еткен асыл азаматты үлгі етіп өскен Әкімге тән қасиет болу керек. Мәселен, «Жастық маған от берді…» деген көсемсөзінде бойларында қуат, көңілдерінде шуақ, жүректерінде жастық жалыны бар жастарға қаратып Әкім: – Тыңда, бүгінгі ұрпақ! – дей келе, Баубекше ой толғайды: «Жас ұрпақ! Жаңа ғасырдың лайықты азаматы болу жарқын міндетті, сындарлы жауапкершілікті жүктейді. Әрбіріміз өзімізге сын көзбен қарай білейік.
Кітаптың «Санадағы сәуле» атты соңғы үшінші бөліміндегі келтірілген көрікті ойлар да оқырман жүрегіне жол табары сөзсіз.
Әсіресе, Әкім Ысқақтың қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастайтын, рухты шыңдайтын «Абзалдық әліппесі», «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптарына мектеп оқушылары мен студенттер, жастар мен аға буын аса зәру екендігіне назар аударылып, салалық министрліктен осы кітаптар мемлекеттік тапсырыс арқылы шығып жатса, өте дұрыс болар еді деген пікірлерін де білдіріпті. Бұл, әрине, Әкім Ысқақтың кітаптарының оқырмандар жүрегіне жол тапқанның арқасы. Иә, халықтың көңіліне ештеңе жетпейді және ол әрқашан қымбат!

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button