Басты ақпаратЖаңалықтар

БОЛАШАҚ БЕЙНЕСІ



Монаконың «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмедегі павильоны жоғары технологиялар қоршаған ортаны қорғауға кедергі еместігін, қайта екі сала өзара үйлескен жобаға айналатынын дәлелдемекші.

20170518-monacopavilion12

Франция мен Италияның арасында Жерорта теңізінің жағасында орналасқан Монако патшалығының жер аумағы небәрі – 2,02 шаршы километр. Ал «Болашақ бейнесі» деп аталатын патшалықтың павильоны 750 шаршы метрді құрайды. Онда ұйымдастырушылар елдегі «жасыл» экономиканың жетістіктерімен бөліседі.
Бұл туралы баспасөз мәслихатында Монако патшалығының ұлттық павильоны комиссарының орынбасары Александр Бокийон толығырақ айтып берді.
– ЭКСПО – Монако үшін тұрақты даму саласындағы озық тәжірибемен бөлісуге үлкен мүмкіндік. Бұл бастаманы аса мәртебелі II Альберт патша қолдап, жасыл экономикада туындайтын барлық қиындықтардың шешімін болашақ ұрпақ табатынына сенім білдіреді. Сондай-ақ Монаконың көрмеге қатысуы екі ел арасындағы сауда-саттық, туризм, құрылыс, ауыл шаруашылығы және банк пен қаржы салаларындағы ортақ жобаларды ілгерілетуге ықпал етеді, – деді ол.

20170518-monacopavilion6
Меймандар павильонға дәліз арқылы кіреді, қабырғаларда Монако қаласының сыртқы келбеті бейнеленіп, аса мәртебелі II Альберттің айтқан сөздері жазылған. Теңіз толқыны секілді қозғалатын интерактивті қабырға – павильонның басты инсталляциясы. Онда адам мен табиғат арасындағы байланыс туралы фильмдер көрсетіліп, келушілер теңіз әлеміне еніп, саяхаттайды. Ал атмосфераға енуге теңіз самалының хош иісі көмектеседі.

20170518-monacopavilion8
– Екінші аумақта қонақтар виртуалды көзілдірік арқылы Монаконың ең көрнекті жерлерін аралап, қала көшелерімен жүріп өтеді. Нақтырақ айтсақ, келушілер патшалықтың келбетін қала ішінде, теңізден, аспаннан және табиғат аясында тамашалайды. Сол себепті бұл бөлікті «қаланы зерттеңіз» деп атадық, – деп атап өтті павильон комиссарының орынбасары. – Келесі алаңда Монако патшалығының аумағын офшорлық кеңейтудің жолдары көрсетілген макет болады. Онда еліміздің энергетика саласындағы үздік жұмыстар мен барлық инновациялық жобалар көрсетіледі. Төртінші аумақ – «жасыл зертхана» патшалықтың экологиялық икемділігін, тұрақтылығын және жауапкершілігін баршаға таныстырады.
Ал павильондағы ең қызықты аумақ күн энергиясымен жұмыс істейтін велосипедке арналмақ. Қос дөңгелекті көлікті Монакодағы техникалық мектептің оқушылары ойлап тапқан. «Solar bike» сағатына 37 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Жобаға танымал велошабандоз Александр Винокуров демеушілік білдірді. Көрме кезінде спортшының өзі аумаққа келіп, велосипедті айдап көрсетеді. Бұдан басқа павильонда кофе-бар, кәдесый дүкендері және ВИП-аумақ болады. Жалпы павильонның бағдарламасы 25 минутқа шақталған, бір уақытта интерактивті зал 50-ге дейін көрермен қабылдауға арналған.

img_2999
Патшалық павильоны комиссарының орынбасары Александр Бокийон ЭКСПО-дағы аумақты салуға 3 млн еуро жұмсалғанын мәлімдеді. «Павильонды жобалау және іске асыру екі жыл еңбекті талап етті. Қазіргі таңда 2 қабаттан тұратын аумақтың құрылысы 65 пайызға бітті. Барлық жұмыстарды 30 мамырға дейін аяқтаймыз» деді ол.
Павильон ресми түрде 10 маусымда ашылады. 25 мау­сымда «ЭКСПО» аумағында Монаконың ұлттық күні атап өтіледі. Мереке күні Монте-Карлоның цирк шоуы келеді. Сондай-ақ сол күні Астанаға аса мәртебелі II Альберт патшасы мен оның апасы Стефани ханшайым арнайы келмек.
Көрме кезінде патшалық павильонына 250 мың адам келеді деп күтілуде.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button