Әлеумет

Босану бейнетке айналмасын



№1 перинаталдық орталықта орын алған оқиғаға елең ете қалғанымыз рас. Өткен маусым айында арасына төрт күн салып, 35 және 31 жастағы астаналық екі әйел бақилық болды. Апта өтпей жатып бала үстінен кеткен 26 жасар жас келіншектің өлімі жұртшылық алаңдаушылығын туғызды.

Жасыратыны жоқ, орталықтың дәрігерлері кәсіби міндеттерін ла­йықты атқармады ма деген ой келді. Үш әйелдің қазасының жанында перзентхана қызметкерлерінің күшімен жыл сайын 12 мың бала босандырып алатыны, орталық дәрігерлерінің 5 мыңға жуық күрделі ота жасайтыны да алаң көңілді жұбатпады. Қаза болған жерде тәулігіне дүние есігін ашып жатқан қырық шақты баланың ­қуанышы да көмескі тартты.

Мәселенің мәнін білуге тырысып, сұрастыра бастадық. Оған бір себеп, жаңа босанған бір әріптесіміздің әлеуметтік желіде тараған: «босанғаннан кейін әйелдің өлуі мен соқыр ішектен қайтыс болу – таза дәрігерлердің немқұрайлылығынан» дегені еді. Сұрастырғанымыздай, 25 маусымда босанған 31 жастағы келіншектің қан қысымы күрт көтеріліп, содан көз жұмғанын білдік. Оны жанында толғағы бірге болғандар растап отыр. Оның анық-қанығы тәуелсіз сараптамадан ке­йін анықталып, қалың бұқараға да жетер.
Ойымызға түрткі болған әріптесіміздің мына сөзі бізді тағы ойландырды. «Үшінші баламды босанғаннан кейін мені етпетімнен жатқызып, бір система жалғап, кезекші дәрігер де, медсестралар да кетіп қалды. Тіптен терезені ашып кеткенін қайтерсің. Палатада жалғыз өзім жатырмын, сис­тема бітіп барады, оны қойшы, қалтырап тоңып барамын. Медперсоналдардың келетін түрлері жоқ. Ақыры жыным ұстап, түннің сағат үш екеніне қарамай, меңгерушіге шықтым, телефонын ала салғаным мұндай жақсы болар ма? Сондағысы – 10 минуттың ішінде дәрігер де, медсестралар да халіңіз қалай деп жетіп келді ғой. Үстіме көрпе жауып, жаным кіріп қалды. Одан кейін акушер бес минут сайын келіп тұрды, телефон соқпасам, менің де жағдайым не болар еді?!» деп жазыпты. Мүмкін, толғатқандардың бәріне бас дәрігердің телефон нөмірін беріп қою керек шығар?
Осы оқиғалардың басында жүріп, қайтыс болған әйелдің біреуінің күйеуі Сапар Әміртайұлымен де тілдестік. Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өткізген бір жиынына ол да қатысып, «тым болмаса, сәбиімді аман алып қалыңдаршы» деп жүрегі қан жылап, көзіне жас үйі­рілді. «Тас – түскен жеріне ауыр», жарының жетісін бермей жатып, елдің алдына шығу оған да жеңіл емес. Балаларының анасының өліміне кім кінәлі деп тепсінбей, көзге көрінген шақалақтан айырылмауды жанына медет еткен шығар. Әлде, ажал алдында мойынсұнғаны ма? Олай деп те түсінуге болар, бірақ ажалға арашашы дәрігерлердің өз ісіне адалдығын неге есептен шығарамыз?
Не айтарсыз, баласының бауырына басып үлгерместен, кететін жандар кетті. Ұлардай шулап артында бала-шағасы, туған-туысы қалды. Бірақ кінәліні іздейтін жа­йымыз жоқ дей алмаймыз. Өлімге себеп болған дәрігерді анықтау да біздің міндетіміз емес. Онымен айналысатын құзырлы органдар бар. Жүйедегі жіберілген қателіктердің нәтижесі үшін бір-екі дәрігер мен медбикені кінәлі санау санаға сыймайды. Алдымен осы жүйенің бұрыс кеткен жерлеріне үңілгеніміз жөн болар деп шештік.
Меніңше, соңғы кезде дәрігерлердің жалақысы аз дегендей әр жерде айтылып қалып жүрген әңгімелер ақ желеңді жандардың жұмысына жауапкершілігін босаңсытып алғандай көрінеді. Бірақ жалақының аз болуы ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Осы мамандыққа бірнеше жыл оқып, таңдауын жасағаннан кейін жұмысқа тек адалдық керек. Дегенмен жалақының аздығын желеу етіп, өз қызметіне салғырт қарайтындар көбейіп, тікелей міндетін түсінбейтіндер тым еркінсіп кеткен сияқты. Сөзіміз негізсіз емес. Мұндай пікірді жас босанғандардан жиі естиміз. «Айқайлап шақыртып ала алмаймыз» деп, «туармаңға келгенге дейін жанымызға бір акушер жақындаған жоқ» деп жатады. Өкініштісі, бұл үрдіске айналып кетіп, қалыпты жағдайдай қабылданатын сияқты.
Одан кейін «Серіктестік босану» деген де дәрігерлердің қырағылығын босаңсытқан сияқты. Өйткені жанында шыр-пыр болып жүрген жанашыры бар дегендей, екіқабат әйелдерге дәрігерлік ықыласпен, мейірімімен бөлісуге құлықсыз. «Босандыратын серіктестерінің» бәрі дәрігер не акушер емес қой. Сол себепті ақ желеңділер өз жауапкершілігін олардың иы­ғына ысыра салуға құқысы жоқ. Мұны ешкім жоққа шығара алмай­ды. Алайда қалтасына ақша салмаса не бас дәрігердің телефон нөмірі болмаса, кейбір дәрігерлер бұл іске мойнын бұрып қарауға мұршасы жоқ.
Медициналық қызмет сапасының күрт төмен түсуі оның ақылы, ақысыз болып бөлінуінде емес пе екен? Соңғы кезде үрдіске енген бұл қызмет адамдардың арасын бөліп, пиғылды да өзгертті. Ақылы қызметтің аты ақылы. Әйел босанып, қол-аяғын бауырына жинағанға дейін жанында бір дәрігер, бір медбике кірпік қақпастан жанында тұрып, тудырып алады.
Орталыққа келген әйелдерге алдымен ақылы түріне жатасыз ба деп сұрайтыны да рас. Алайда тегін қызметті қаласаңыз, онда қолайсыз жайттарға дайын, өзіңізге берік болуыңыз керек. Әйелдің әбден толғағы пісіп, баланың басы көрінгенде «серіктесінің» дәрігерлерді іздеп шарқ ұруының бір ұшы осында жатыр. Осыған қарап, босануды тек ақылы не ақысыз ету керек пе деген ойға қаласың.
Елордадағы барлық перинаталдық орталықтарда кемінде тәулігіне қырық бала дүниеге келіп жатады. Толғағы қатар келген қырық әйелдің қайсысына бір-бір дәрігерден қоярсыз. Оны да түсінуге болады. Демек, перзентхана орталықтандыратын орын емес. Тағы да перзентханалар ашып, жүкті біршама жеңілдету керек болар.
Қазіргі күні Астананы «адалдық алаңына» айналдырамыз деп біраз нәрсеге қол жеткізіп жатырмыз. Соның бірі перзентханалардың сәбиді құндақтап ата-анасына табыс ететін жеріне де көзқарақ орнатып, аңдытып қойды. Бұл дұрыс емес. Аман-есен баласын босанып, бір аяғы көрде тұрған келіншектің аяғы төрге шыққанынан артық не қуаныш бар. Ендеше, ағайын­дарының алғысын сол жерде айт­сын, құндақтаулы бөпесін қолына беріп тұрғанның қолы жеңіл болсын деп ұстататын гүлін ұстатсын, тіпті атағаны болса құба-құп. Бұл пара емес. Бұл – алғыс, дәстүр, тіпті адамның жылы ықыласын, мейі­рімін оятатын жағымды әдіс. Оны парақорлыққа баламай, дәрігерлердің адал қызметіне разылығы, ынталандыру деп те қарау керек.
Әйел толғатып жатқанда, тым болмаса қолынан ұстап, жылы көңілімен дем берсе, есінде қалады. Артынан аяқ-қолына, бауырына жинап алғанда нәрестесінің жарық дүниеге келуіне көмектескен, сәбиінің кіндігін кескен жанға риза көңілімен атағанын ұстатса, ол айып болмауы тиіс. Бұл – осындай ұлық сәттің садағасы.
Осы жолдарды жазып отырып, елордалық дәрігерлердің бәріне түгел топырақ шаша алмаймыз. Адам өлімі болды деп жазғырсақ та, олардың қызметін жоққа шығармаймыз. Тек көпті ойландыратын нәрсенің оң шешіміне бірге қол жеткізсек деген үміт қана бар.




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button