Мәдениет

«Шәмшімен» шымылдығын жапты

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXVII
маусым шымылдығын осы маусымның алғашқы премьерасы – «Шәмші» элегия­сымен жапты.

Жалпы, бұл маусымда Қаллекиліктер С.Тұрғынбекұлының аталмыш туындысымен қатар А.Салбанның «Ойыншықтар оянғанда» ертегісінің, У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясының, К.Кизидің «7+1» драмасының тұсаукесерін өткізді. Ақтау, Ақтөбе қалаларына гастрольдермен барып қайтты.
Театр маусымы аяқталғанымен, шығармашылық ұжым Астананың 20 жылдығына арналған Астана қаласының аймақтардағы мәдени күндері аясында гастрольдік сапарын жалғастырады. Атап айтсақ, 18 шілде күні Семей қаласының тұрғындары назарына «Зере» поэтикалық драмасы (авторы – Ұ.Есдәулет, режиссері – Н.Жақыпбай), 19-20 шілдеде Өскемен жұртшылығына «Зеремен» қатар «Абай» трагедия­сын (М.Әуезов, Ә.Оразбеков) ұсынады. Гастрольдер 28-30 шілде күндері Шымкент пен Түркістанда жалғасады.
XXVII маусымда театр ұжымы бірқатар фестивальге қатысып, өнерімен өрге озды. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының 45 жылдық мерейтойы аясында өткен Жанат Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестиваліне «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы «Ең үздік режиссерлік жұмыс» аталымын жеңіп алды (режиссері – Нұрлан Жұманиязов). Спектакльдегі Марио рөлі үшін Нұркен Өтеуілов Жанат Хаджиев атындағы арнайы жүлденің иесі атанды.
Астананың 20 жылдығына арналған «Samgau» VI халық­аралық театр фестивалінде «Қымбатты Памела» комедия­сында бас кейіпкер бейнесін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова «Үздік актриса» аталымында топ жарды. «Астана» ІІ дүниежүзілік театр фестивалінде «Отелло» трагедиясы ерекше аталды.
Театр әртістері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, Бақыт Исабекова мен Сырым Қашқабаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Бірқатар актер мен актриса «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығын иеленді.
Театрдың жас буын актерлері «Samgau» VI халықаралық театр фестивалі аясында актерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйым­дастырылған шеберлік сабақтарына қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды. «Астана» ІІ дүниежүзілік театр фестивалінің арнайы қонағы, «Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Биноштың шеберлік сабақтарына қатысқан өнер ұжымының 20 әртісі осындай сертификаттарды алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button