Басты ақпаратҚоғам

Әселдің арманы

Әсел АЯПОВА – Орал қаласында туып-өскен қарапайым қазақ қызы. Жасы 38-де. Үш баланың анасы. М.Ломоносов атындағы ММУ-ді, Варшавадағы Леон Кузьминский академиясы жанындағы бизнес мектебін бітірген. Стэнфорд және Джордж Вашингтон университетінде білімін жетілдіруде. Қазір АҚШ-тың AES корпорациясының Арлингтондағы штаб-пәтерінде жұмыс істейді. Осы корпорацияның әлемнің 16 еліндегі халықаралық инновациялық бағдарламасын ұршықша иіріп, басқарып отыр. Таң қаларлығы, ол жобаларды басқару саласындағы 14 жылдық тәжірибесінде 12 түрлі салада жұмыс істеп, жиынтық бюджеті 1 млрд АҚШ долларын құрайтын 30-дан аса жобаларды табысты аяқтаған. Өмірде алдына айқын мақсат қойып, адами арманына табан ақы, маңдай терімен қол жеткізген, өзінің қарым-қабілетімен күллі әлемді таң қалдырған Әселмен Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері бас қосқан форумда таныстық. Сұхбатымыздың кейіпкерімен табысты мансап, сүйікті жұмыс, отбасы бақыты туралы сырласып, роботтар мен дрондар келешегі жөнінде ашық  әңгімелескен едік.

Отбасым туралы

Туып-өскен жерім – Орал қаласы. Бала күнімде анам үй шаруасына көмектесуге баулитын еді. Мен көбінесе кітап оқығанды ұнататынмын. Сол кезде үй шаруасын жылдам атқарып шығатын роботтар туралы армандадым. Қазір балалық арманыма қол жеткіздім. «Адам арманымен асқақ» демекші, біз арманның арман күйінде қалмай, жүзеге асырылуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Пешенеме жазылған тағдырыма ризамын. Өзімді бағалайтын, үнемі қолдайтын күйеуім, үш балам бар. Барлық балаларымыз өзінің ана тілінде сөйлейді, туған елін сүйеді. Отбасымен бірге күн сайын қазақша кітаптар оқимыз. Бос уақытымызда музейлер мен саябақтарды аралап, шетелде саяхаттаймыз.

Мансабым туралы

Оралдағы физика-математика лицейін тәмамдаған соң, Мәскеу мемлекеттік университетіне оқу­ға түстім. Мамандығым – эко­номист. Студент кезімде оқу мен жұмысты қатар алып жүр­дім, ақша жинадым. Ондағы ойым – Лондонға барып, ағылшын тілін үйрену. 1,5 жыл Англияда тұрып, ағылшын тілін үйреніп, елге оралдым. Табысты мансабым Қазақстаннан басталды. «Қазына» тұрақты даму қорында, «Астана жылжымайтынмүлік» АҚ-та инвестициялық жобалар бойынша директор болып қызмет еттім. Жобаларды басқару өмірлік бағдарым болатынын түсіндім. Мен басқарған екі жоба халықаралық байқауда 17 елдің 600 жобалары арасынан жеңімпаз атанды. Бұдан кейін AES корпорация­сының басшылығы Арлингтондағы бас кеңсесіне жұмысқа шақыр­ды. Адами мақсаттың өмірлік мұратқа жетелейтініне көзім жетті.

Жұмысым туралы

AES корпорациясы – әртүрлі активтері бар энер­гетикалық компания, оның көмір және күн сәулелерінен электр қуа­тын өндіретін станциялары әлем­дегі 17 мемлекетте бар. Бас кең­седе барлық өңірлер бойын­ша түрлі бағыттарға жетекші­лік ететін 200 адам қызмет етеді. Мен – энергетика саласында дрондарды қолдануды дамыту жөніндегі жаһандық инновациялық бағдарламаның директорымын. Халықаралық компанияда мұндай лауазымды иелену оңай емес, себебі АҚШ-та мықты менеджерлер өте көп. Мен өз бойымдағы еңбексүйгіштік, іскерлік, өз-өзімді таныту сияқты қасиеттердің арқасында табысқа жеттім деп ойлаймын. Қазір жаңа технологиялар (дрондар, роботтар) бо­йынша Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Азиядағы 16 мемлекеттің кәсіпкерлерімен, үкімет басшыларымен жұмыс істеймін. Қысқаша айтсақ, сертификатталған жобалардың жетекшісімін. Аталған жобалар құрылыста, өнеркәсіп индустриясында, энергетикада, қоршаған ортаны қорғау және «ақылды» қалалар саласында кеңінен қолданылады. Әлемдегі жетекші энергетикалық компаниялар биік ғимараттардың құрылысында немесе электр қуатының кернеуі аса жоғары жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізгенде техникалық қауіпсіздікті арттыру мақсатында дрондарды қолдана бастады. Менің командам дрондарды сынақтан өткізіп, заманауи стандарттарды әзірлейді.

Роботтар мен дрондар

Әуелі роботтар туралы ойымды айтайын. «Роботтар адамның жұмысын алмастырады. Мыңдаған адамдар жұмыссыз қалады» деген ақпаратты жиі еститін болдық. Қоғамда осындай қауіп бар ма? Егер оны «қауіп» деп қарасақ, қауіп болмақ. Инновациялар мен технологиялар заманында роботтардан мүлдем бас тарта алмаймыз. Бүгінгі таңда жер шарындағы мемлекеттердің көпшілігі роботтарды әртүрлі жұмыстарға пайдалануға ұмтылып жатыр. Бұл – тамаша бетбұрыс. Әлем ғалымдары роботтар 10-12 салада адамның жұмысын алмастыратынын болжады. Бірқатар салаларда ауыстырып та үлгерді. Менің ойымша, роботтар жұмысымды тартып алады деп қорқудың қажеті жоқ. Әр маман иесі жаңа технологияларды игергені абзал. Күн сайын оқып, тоқып, білімін жетілдіре беру керек. Қажет болса, мамандығын ауыс­тыруға батыл қадам жасағаны жөн. АҚШ-та роботтардың неше түрі бар. Жыбырлап жүретін, қайнап тұрған алып қазандарға кіре алатын роботтар жасалды. Олар адамның жұмысын алмас­тыра алатынын дәлелдеді.
Дрондардың (ұшқыш роботтар деп те атауға болады) келешегі өте зор. Себебі оларды көп салаларға қолдана бастадық. Крайс-Куперс шетелдік компаниясының бағалауына сүйенсек, 2016 жылы дрондардың 61%-ы инфрақұрылымдық және ауыл шаруашылығы жобаларында қолданылған. Қалған 40%-ы құрылыс, көлік, телекоммуникация, медиа, кино, спорт салаларында қолданылады. Дрондарды көбіне ойыншық түрінде пайдаланамыз. Сондай-ақ, кинематографияда, спортта және жаңалықтар таратуда табыс­ты нәтижелер бар. Дрондар – құ­рылыстың сапасын, қауіпсіздігін бақылауда таптырмас құралдың бірі. Әсіресе, адамның тоққа түсу қаупі зор жерлерде, зәулім-зәулім ғимараттардың жоғары бөлігін тексеруге өте тиімді. Мәселен, Астана сияқты үлкен қалада 20-40 қабатты үйлер, алып көпірлер, кең тас жолдар салынады. Сонда 40-шы қабаттағы пәтерлердің қауіпсіздігін тексеру үшін, бір дронға дұрыс бағдарлама жүктеп, тексеруге жұмсаймыз. «Ақылды» қаланың ең маңызды мәселесі – қауіпсіздік, ауаның сапасы. Астананың ортасынан ағып жатқан Есіл өзені суының сапасын, ауаның тазалығын тексеру үшін дрондарды қолдану аса тиімді. Шынымды айтсам, бүгінде АҚШ пен Қытай дрондарды барлық салаларда пайдалануға рұқсат берген. АҚШ-та рұқсат етілмеген 2-3 салаға қатысты ұлттық заңнамаға өзгеріс дайындауда.

Жоспарым жайлы не дейін?

Арлингтон – Вашингтон ма­ңындағы  қала. Ол тұрмысқа өте жайлы, қауіпсіз мекен. Әрі қымбат қала. Мысалы, ақылы балабақшаға бір аптаға 450 АҚШ долларын төлейсіз. Екі орындық пәтердің жалының ақысы – 2500 АҚШ долларына тең. Шетелдегі өмірімді өзімді, отбасымды дамытуға берілген зор мүмкіндік деп білемін. Арманым көп. Соның бірі – жат елде тұрсам да, елімнің игілігіне қызмет ету. Мен кең-байтақ Қазақстанымды сүйе­мін! Сол себептен халықаралық дәрежедегі тәжірибемді тәуелсіз Отанымның бір кәдесіне жаратқым келеді. Мысалы, кеңесші есебінде қазақстандық-­шетелдік жобаларға қатысып, жинаған тәжірибеммен бөліссем деймін. Әйел адамның да қарым-қабілеті шексіз. Алдына мақсат қойған әр қазақ әйелі ше­телдік компанияда басшы болып, табысты мансап жасай алады. Әлемді түгел шарлап, ғарышқа турист болып ұшып баруды да армандаймын. Бүгінге дейін жер шарындағы 40 мем­лекетті араладым. Менің ұстанымым – үздіксіз даму. Әр қазақтың табысты, үздік, көшбасшы болғанын қалаймын! Ару Астананың, тәуелсіз Қазақстанның бақ-беделі күн сайын арта берсін!

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button