Sport

Қазақстан клубтары – Еуролигада

Тобылдың» сәтті саны – 94

Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында Грузияның «Самтредиа» клубымен кездесті.
Матч Тбилиси қаласында өтті. Алаң иелері алғашқы минуттан шабуылға дем беріп, қарсыласын қыспаққа алды. Қонақтар да қарап қалмай, сәті келсе алыстан да, жақындап та қақпаға соққы бағыттап көрді. Соңғы минутқа дейін таразы басы тең тұрғанмен, «Тобыл» бір ебін тауып, есепті ашып үлгерді. Қосымша уақыт қосылып, 94-минутта Максим Федин жеңісті голды салды. Енді қарымта ойын 19 шілде күні Қостанайда өтеді.

«Астананың» аяқалысы жаман емес

«Астана» клубы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногория­ның «Сутьеска» командасын қабылдады.
Елордалықтар кездесудің фавориті саналғанымен, қарсыласты осал түсті деп айтуға келмес. Жаңалығы – «Астана» сапына жаңа қосылған Антонио Рукавинаның дебютті ойыны. Ол жақында ғана Ресейдегі Әлем чемпионатынан оралған еді. Сонымен матч тағдырын шешкен жалғыз гол 29-минутта пенальтиден соғылды. Оны орындаған – Роман Мұртазаев. Сырт алаңдағы голдың салмағын жақсы білетін қонақтар біраз тырысып бақты. Алаң иелері де есепті неғұрлым еселеуге ұмтылды. Бірақ ойын сол күйі 1:0 есебімен аяқталды. Енді «Астана» 19 шілдеде Никшич қаласында ойнайды.

«Ертіс» тең түсті

Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде Павлодардың «Ертісі» бірінші ойынын сырт алаңда Литваның «Тракай» командасына қарсы өткізді.
Қос команда ә дегеннен алға ұмтылып, ашық ойын көрсетуге көшті. Қазақстандықтар алаң иелері басымдықты беріп, қарсы шабуылға иек артты. «Ертісті» қорғанысы бекем болды деуге келмейді, өйткені «Тракайға» гол соғатындай мүмкіндіктер беріп қойды. Екінші таймда қонақтар бірінші нөмірмен ойнайды. Ойын соңына таман ұтып кететіндей жағдайы болды. Бірақ Сергей Кисляк пенальтиден мүлт кетті. Есеп – 0:0. Жауапты ойын 19 шілдеде Павлодарда өтеді.

«Қайрат» қатты кетті

Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының іріктеу кезеңін өте сәтті бастады.
Сырт алаңда Андорраның «Энгордани» командасымен ойнаған алматылықтар ойынды ірі есеппен аяқтады. Жергілікті клубқа жауапсыз үш гол соғып, кездесу тағдырын алғашқы ойында-ақ шешіп тастады деуге болады. Гол авторлары – Адеринсола Эсеола (5-минут), Бауыржан Исламхан (25-минут) және Мартон Эппель (91-минут). Енді қарсылас команданы 19 шілде күні Алматыда қарсы алады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button