Қала тіршілігі

Ескі киімді жарату жолдары

Кейде киімді бір ғана маусым киіп, жаңасын алғың келетін кездер болады. Оған жалт-жұлт еткен жарнама да, адамның сұлулыққа құмарлығы да себепші болуы мүмкін. Сіздің қолыңыз жеткен дүние – біреуге арман. Әлі де киюге жарамды ескі киімдерді қоқысқа тас­тамас бұрын мына мақаланы оқып шығыңыз.

«Астана қайырымды жандары» қоры

Еріктілер тобының құрылғанына 3 жылдай уақыт болды. Топ азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттарды қабылдап, кө­мекке мұқтаж адамдарға ай са­йын барып үлестіреді. Жағдайы төмен, көмекке зәру отбасылардың тізімін мешіттен алады. Мұқтаж отбасыларға ай сайын көмек көрсетумен қатар қарттар үйі, балалар үйімен үнемі байланыста екен. Дені жастардан құралған топ қайырымдылық жасау үшін материалдық жағдайдың жоғары болуы керек деген көпшіліктің ойын жоққа шығарады. Сіз де бұл топпен бірге азық-түлік пен киім-кешек жинап, бірнеше отбасыға қолдау білдірсеңіз болады.
Байланыс телефоны: 87026718488

«Нұр Әлем Қазақстан» қайырымдылық қоры

Бұл қор киім-кешек, аяқ киім, ойыншық, дәрігердің нұсқаулығы бойынша берілген дәрі-дәрмектер, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті техникалар және азық-түліктерді жинайды. Қызметкерлер, ең алдымен, жағдайы нашар отбасылардың өтінішін қарастырады.
Мекенжайы: Қажымұқан көшесі, 14, 2-3-кіреберістердің арасындағы жертөле
Байланыс телефоны: 87755183626

«Дар» қайырымдылық қоры

Ұйым ата-анасынан айырылған жетім балаларға, көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға қолғабыс беру үшін ашылған. Сол себепті балалар мен ересектерге арналған таза киім мен аяқ киімдерді, жиһаз бен тұрмысқа керек барлық заттарды қабылдайды.
Мекенжайы: Жеңіс даңғылы, 79А, 201-кеңсе
Байланыс телефондары: 87172522962, 87710466696

«Клуб добряков Астаны» қайырымдылық қоры

2015 жылдан бері аз қамтылған отбасылар мен балаларға қол ұшын беріп келе жатқан қайырымдылық қорға таза киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды өткізуге болады. Ол үшін еріктілер Сарыарқа ауданымен бірігіп, қаланың үш бірдей жерінде арнайы жәшік орнатты.
Мекенжайы: «Sine Tempore» сауда орталығы, Бейбітшілік көшесі, 9;
«Рахмет» сауда орталығы, Н.Тілендиев көшесі, 45;
«Астықжан» сауда үйі, Ш.Бей­секова көшесі, 3.
Байланыс телефоны: 87778667711

«H&M» дүкені

Сән саласының қоршаған ортаға әсері орасан зор. Ол та­биғатты ластау жағынан мұнай өнеркәсібінен кейін екінші кезекте тұр. Сол себепті киімді қай­та өңдеп, жаңасын тігу аса маңызды. Астанадағы шведтік H&M дүкенінде ескі киім, текстиль өнімдерін арнайы жәшікке өткізуге болады. Осылайша сіз әлемде кең таралған Garment collecting атты матаны қайта өңдеу шарасына қатыса аласыз. Сатып алушыларға бір пакет үшін 15 пайыздық жеңілдік беріледі.
Мекенжайы: «MEGA Silk Way» сауда орталығы

Жанбота НҰРЛАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button