SportБасты ақпаратЖаңалықтар

Бұқаралық веложарыс



Қазақстанның велосипед спорты федерациясы мен Астана қаласының әкімдігі және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен веложарыс өтті. Аталған шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындарды бұқаралық спорт түрлеріне көптеп тарту.

img_5852-20-05-17-17-52

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан игілікті шара биыл да жалғасын тауып, оған 1500-ге жуық адам қатысты. Жарысқа қатысқан көпшілік Қабанбай батыр даңғылы бойымен Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылынан өтіп, «Астана Арена» стадионы жанында мәреге жетті. Жарысқа қатысушылар «ең жас қатысушы» және «ең жасы үлкен қатысушы» номинациялары бо­йынша іріктелді. Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы жетекшісінің орынбасары Азамат Имашевтың айтуынша, жарысқа қатысушылар жалпы ұзындығы 10 шақырым 500 метр қашықтықты бағындырған. Сондай-ақ, ол спорттық шара «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізіліп отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды бұқаралық спорт түрлеріне көптеп тарту. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұқара халықтың спортпен айналысып, белсенді болуын жиі айтып келеді. Өйткені денсаулығы мықты ұлт кез келген кедергіні жеңіп, биік белестерді бағындыра алады. Оның үстіне, халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп тектен-тек айтпаған. Ал денсаулығымыз мықты болуы үшін міндетті түрде спортпен шұғылдануымыз керек. Осы себепті бүгінгі жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді, – деді ол.

img_5838-20-05-17-17-52
Веложарысқа қатысуға келген 1500 спортшының бірі – Әнуар Сапарұлы. Ол жарысқа қатысу үшін таңертең келіп, велосипедті жалға алғанын айтады.
– Жарысқа қатысудағы негізгі мақсатым – жеңіске жетіп, бірінші орын алу емес, елімізде енді қалыптасып келе жатқан бұқаралық спорттың дамуына атсалысу. Шыны керек, маған өзге спорт түрлерінен қарағанда велосипед теуіп, қаланың әсем жерлерінде серуендеген қатты ұнайды. Оның үстіне, бұл жарысқа өзіммен құрдас көптеген қыз-жігіттер қатысып жатыр. Сондықтан да мен үшін бүгінгі шара – жарыс қана емес, сонымен қатар, құрбы-құрдастарыммен жақынырақ танысудың бірден-бір жолы. Әлеуметтік желіде отыра бергенше, бір сәт осындай жарыстарға қатысып тұрғанға не жетсін?! – дейді ол.

img_5842-20-05-17-17-52
Сондай-ақ, Астаналық саябағында «Шуақты әлем» қоғамдық бірлестігі ҚР велоспорт федерациясының қолдауымен Даун синдромы бар балалардың арасында «Солнцекросс» велосипед жарысын өткізді. Игі шараның өтуіне қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы, «Ski Club Astana» және «Таңғажайып елі» мерекелерді ұйымдастыру агенттігі мұрындық болды. Жарысқа 1 жастан 6 жасқа дейінгі ең кішкентай 90 қатысушы ниет білдірді. Олар 500 метрлік қашықтықты самокатпен жүріп өтті. Ал 6 жастан 12 жасқа дейінгі қатысушылар самокатпен 1 шақырым жолды бағындырды. Барлық балаларға бағалы сыйлықтар ретінде самокаттар, шлем және велосипедтер сыйға тартылды. Сондай-ақ, үлкендер екі қашықтық бойынша өзара бақ сынады. Мәселен, әйелдер – 5 шақырым, ал ерлер 10 шақырым аралықта сынға түсті.
Жалпы, Астанада Даун синдромы бар үш жүзден астам бала тұрады. Ерекше тағдыр иелерінің толық дамуы үшін оңалту шаралары үздіксіз жүргізілуі қажет. Осы орайда 2016 жылдың қарашасында «Асыл бала» қауымдас­тығының қолдауымен Даун синдромы бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылған болатын. Ал қайырымдылық жарысында жиналған қаржы осындай санаттағы балалардың дамуы мен еміне игерілетінін жеткізді ұйымдастырушылар.

Серік ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button