ЧЕХОВ ТЕАТРЫНЫҢ ТАРТУЫ
Ресейліктер аяғын жерге тигізбейтін Чехов атындағы Мәскеудің көркем театры 14-17 қараша күндері Астанаға алғаш рет гастрольдік сапармен келді. «Астана — Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жобасы аясында елордалықтарға өнерін тарту еткен театр ұжымы екі спектаклін әкеліпті. Оның бірі — А.Вампиловтың «Өткен жазда Чулимде» («Прошлым летом в Чулимске») драмасы болса, екіншісі — Н.Гогольдің атақты «Үйлену» («Женитьба») комедиясы.
Чехов атындағы Мәскеу көркем театрына КСРО халық әртісі Олег Табаков жетекшілік етеді. Ол денсаулығына байланысты Астанаға келе алмаған. Өнер ұжымының өзге әртістері түгел келді. Олардың ішінде театрмен бірге жасасып, көрермендердің көзайымына айналған белгілі актерлер бар. Атап айтсақ, Ресейдің халық әртістері Владимир Краснов, Наталия Егорова, Михаил Хомяков, Станислав Дужников, Анна Банщикова, Александр Голубев, Яна Гладких және басқа да өнер саңлақтары бар.
Ресей театрының тарландары К.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың бастамасымен 1898 жылы құрылған театр тұңғыш сахналық қойылымын сол жылдың 14 қазаны күні А.Толстойдың «Федор Иоаннович патша» спектаклімен ашқан екен.
Жұртшылықтың аузында «МХАТ» аталып, құрметке бөленіп жүрген өнер ошағы 1987 жылы екіге бөлініп, бірі А.Чехов театры атанып, екіншісі М.Горький есімін иеленеді.
Бірақ, бұл бөліну қос театрдың шығармашылық өрлеуіне ешқандай да кедергі келтірмеді. А.Чехов атындағы Мәскеу көркем театры жұртшылықтың жүрегінен жол тауып, өлмес туындыларды сахналады.
Әйгілі кино және театр актері Олег Ефремовтың шеберлік қолтаңбасымен шыңдалған театр тізгіні 2004 жылдан бастап Олег Табаковтың қолына өтеді.
Биыл 115-ші маусымын ашқан өнер ошағының Мәскеудегі күллі қойылымдары осы театрдың негізін қалаушы Константин Станиславскийдың туғанына 150 жылдық мерейтойына арналған екен.
Ресейлік өнерпаздардың тартуы елорда көрермендерінің де көңілінен шығары сөзсіз. Мәскеуліктердің алып келген қойылымдары күнде сағат 19.00-де Конгресс-холда өтіп жатыр. 14,15 қараша күндері «Өткен жазда Чулимде» драмасы қойылды. Бас-ты рөлдерді Наталия Егорова, Никита Зверев, Станислав Дужниковтар сомдады.
Кеше Н.Гогольдің Чехов театрынша «Үйленуі» сахнаға жол тартты. Көпшілік тарихи шығармаға көзайым болды. Ондағы образдарды Юрий Стоянов, Евгения Добровольская, Ирина Пегова бейнеледі. Қоюшы-режиссері – Игорь Золотовицкий. Бүгін де астаналықтар осы спектакльді тамашалай алатынын еске саламыз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ