Мәдениет

ДАЛА АРУЫ СҮЙІНБИКЕ



Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенованың «Сүйінбике – Ұлы дала аруы» атты кітабының таныстырылымы өтті.

11

Біз бұған дейін қарымды қаламгердің азаттық жолында құрбан болған тағы бір ару – Сүзге ханшайым жайында жазған «Сүзгенің соңғы күндері» атты хикаятын тамсанып оқыған едік. Ал жұрт­шылыққа ұсынылған айтулы еңбекте туған халқының дербестігі үшін басын бәй­геге тіккен қайсар тұлға – Сү­йін­­­­бике ханым жайлы тағы­лымға толы тарихи деректер жи­нақ­талған. Жалпы, түркі жұрты сүйсініп айтатын Сүйін­бике ханым кім? Жаратылысынан асыл текті ару кешегі XIV ға­-сыр­­дағы Алтын орданың ық­пал­ды тұл­ғасы болған, ел бас­та­ған көсем, сөз бастаған шешен, баһадүр батыр Едіге бидің тікелей ұрпағы саналады.
Кездесуде қаламгер Қазан хандығының соңғы патшайымы болған асыл арудың өмірі мен қилы тағдыры жайында парасатты ой өрбітті. Осы батыр апаларымыз жайында қалам тербеуге түрткі болған жағдайларды әңгімеледі.
– Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» деген танымал журналда қызмет атқардым, – деп бастады сөзін жазушы. – Сонда жүргенде мені үнемі бір ой жиі мазалайтын еді. Біздің өткен тарихымызда елі үшін еңіреген қандай апаларымыз болды, оларды бүгінгі ұрпақ біле ме, солардың бейнесі не үшін қымбат деген сауалдар көкейімде жүретін. Егемендіктің елең-алаң жыл­дарында журнал ішінен «Азаттық жолында құрбан болған арулар» аталған айдар ашып, соған дерек ізде­генде, алдымен Сүйінбике ханым жайында жазылған материалдарға көзіміз түсті. Қазан хандығының соңғы пат­шайымы болған, қаһарлы Иван Грозныймен соғысудан тайсалмаған батыр ару туралы көлемді мақала бердік. Одан кейін Сүзге ханым жайында жаздық. Содан бері Сүйінбике ханым туралы көлемді дүние жазғым келіп, біраз тарихи кітаптар мен архивтерді қопарып, көптеген тың де­ректерді кездестірдім. Биыл Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр мен Сүйінбике патшайымның туғанына 500 жыл толып отыр. Бұл кітап осындай айтулы даталар қарсаңында жарық көрді. Барлық деректер мен мәліметтерді кітапқа сыйғызуға тырыстық, – деді Шәрбану Қонақбайқызы.
Қаламгердің айтуынша, осы кітапқа қажетті тарихи деректер жинау барысында белгілі ақын Жанат Әскербекқызы екеуі Қазан қаласына әдейі барып, ондағы ұлт зиялыларымен жүздесіп, кітапхана­лар­дағы көне кітаптармен танысып, көптеген тың мағлұ­маттар алып қайтқан. Айта кетейік, көрнекті еңбек «Фолиант» баспасынан «Ұлы дала арулары» атты алғашқы сериясымен жарық көрді. Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында Сүйінбике ханым туралы айтылса, келесі бөлімде Сүзге ару жайында парасатты ой қозғалады.
Жазушының оқырманға жол тартқан жаңа туындысы тарихымызда көп айтыла бер­мейтін ержүрек, асыл апа­ларымыздың өмірі мен күрескерлік жолы пайымды пікір­лерге негізделген шынайы дүние деп айтуға болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button