Руханият

ҰЛЫ МЕРЕКЕНІ ҰЛЫҚТАДЫ

Астанадағы «Жастар» театрында Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойына ар­налған қала­лық Тілдерді дамыту бас­қармасының ұйымдасты­руымен «Тарих толқынында» атты әдеби-сазды кеш өтті.

????????????????????????????????????

Игілікті шараның мақ­саты тәуелсіздік құнды­лықтарын ұлықтап, өскелең ұрпақты отан­сүйгіштікке, ел­жандылыққа бау­лып, ана тілі­­міздің мәртебесін кө­теріп, ме­рейін асыруды көздеген.
Кеш барысында еліміз еге­мендік алған кездегі оқиғалар мен Елбасы жайында түсірілген бейнебаяндар көрсетіліп, бел­гілі қаламгерлер сол уа­қыт­тағы тарихи кезеңдер жайын­да салмақты сөз сабақтады. Әсі­ресе, жазушы Алдан Смайыл асқақ Астана туралы парасатты ой қорытса, Тіл комитетінің алғашқы төр­ағасы болған Сұлтан Оразалы азаттық алған шақтағы ана тіліміздің абыройы үшін атқа­рылған жұмыстар жайында салиқалы әңгіме өр­бітті. Белгілі ғалым, академик Ғарифолла Есім де дербестік алған жылдардағы елеулі оқи­ғаларға тоқталып, жиналған қа­уымға тәуелсіздік деген ең асыл дүниені көздің қарашығындай сақтап, оны қастер тұтып, ардақтап жүріңіздер деген ізгі лебізін білдірді.
Әдеби кештің көрігін елор­далық Қаллеки театры­ның әртістері қыз­дырды. Олар сахнада қазақ ақын­дарының азаттыққа арна­ған айбынды жырларын оқып, рухымызды көтерді. Ана тілі­міздің қадір-қасиетін түсі­нуге, баға­лауға бүгінгі жас­тарға ой салатын қырғыз дра­матургі Мар Байд­жиевтің «Тіл та­быс­қандар» қойылымынан үзінді қойды. Дарынды актер Қуандық Қыс­тықбаев Мемлекет басшы­сының «Тәуелсіздік толғауы­нан» үзінді оқыды. Ондағы: «Біз тәуелсіздікті ақыл­мен, ата-баба жолымен алдық. Тәуел­­сіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-баба­ларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабала­рымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Бүгінгі біздің тәуел­сіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұм­тылған қайсар­лы­ғында жатыр» деген ойлы сөз­дерден азаттықтың құны мен бәсін іштей ұғынасыз.
Көркем жырмен өрілген сазды кеште отансүйгіштік рухтағы әндердің байрағы желбіреді. Енді ғана көпшілікке танылып келе жатқан жас әнші Жасмина Тұрашева «Отаным үшін» деген ән шырқаса, талантты өнерпаз Алтынай Жорабаева «Қазақстаным, алға!» деп атал­ған патриоттық әнімен көрер­мендердің ыстық ықы­ласына бөленді. Кеш шы­мыл­дығын Жанат Шыбықбай ар­қалы ақын Қадыр Мырза Әлі­нің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындылады.
Түйіндеп айтқанда, тәуел­сіз­діктің мерейлі белесіне арнал­ған тамаша кештен тағы­лымға толы танымдық дүние­лердің көп болғаны көңілімізді көтерді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button