Басты ақпаратСұхбат

Дәмежан САДУАҚАСОВА, Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы: ЗЕЙНЕТАҚЫ АРТЫП, ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджеттік сала мамандарының жалақысын арттырып, халықты әлеуметтік қорғау шаралары шеңберінде зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшерін де көбейтуге байланысты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Дәмежан Садуақасовамен әңгімелескен едік.

IMG_3582

 

– Дәмежан Төлеубайқызы, биылдан бастап, жалақы және әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі артатынынан жұртшылық хабардар. Мұндай төлемдерге елордадан қанша тұрғын ие бола алады?

– 2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті зейнеткерлердің зейнетақы төлемдері мөлшерін 9%-ға арттырды. Олардың саны әлеуетті құрылымдар саласының зейнеткерлерін қоса есептегенде 58,5-тен астам тұрғын деген сөз. Осылайша, Астана қаласы бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 43 553 теңгені құрады, ал республика бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 35 183 теңге.

– Сонда биыл 1 сәуірден бастап, бұл төлем көлемі тағы көбейеді ғой?

– Иә, 2014 жылдың 1 сәуірінен бас­тап зейнетақы төлемдерінің көлемі тағы да көбейеді. Яғни, 2014 жылы зей­нет­ақыларды жалпы арттыру мөлшері 14 пайызды құрайтын болады.

– Жұртшылыққа түсінікті болу үшін тарқатып, кеңірек айтып берсеңіз?

– Мысалы, азамат С-ның зейнетақы мөлшері 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін 32 000 теңгені құрады делік. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап оның зейнет­ақысы 9%-ға, яғни 34 880 тең­геге көбейді. Ал 1 сәуірден бастап зей­­нетақы мөлшері мынадай тәртіпте есеп­телетін болады: алғашқыдағы
32 000 теңгені 14%-ға арттырамыз, яғни ол 36 480 теңге болады. Жалпы 14 пайызға арттыру дегеніміз – осы. Үстеме ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 1 600 теңгені құрады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайтын базалық зейнетақы төлемі ЕТК өзгеруіне байланысты
10 450 теңгеге дейін көтеріледі. (2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТК
9 983 теңгені құраған).

– Басқа да әлеуметтік төлемдер төңірегінде не айтасыз?

– Мүгедектігі және асырушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты жәрдемақы жылдың басынан бері 7%-ға арттырылғанын ескергенде, 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 12 % -ға ұлғаяды.

Нәтижесінде, аталған жәрдемақы­лардың мөлшері орташа есеппен: мүгедектігі бойынша 21 323 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 19 804 теңге, жасына байланысты жәрдемақы 10 450 теңгені құрайды.

Еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстармен айна­лысатын адамдарға берілетін мемлекеттік арнаулы жәрдемақы­лар­дың көлемі 2014 жылғы 1 сәуірден бас­тап қосымша арттыруды қосқанда айлық есептік көрсеткіш көлеміне байланысты (бұдан әрі – АЕК) №1 Тізім бойынша 17 451 теңгені, №2 Тізім бойынша 15 512 теңгені құрайды.

– Ал мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік сала мамандарының жалақысы қаншалықты көтерілді?

– Осы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметшілерінің лауазымдық жалақысына 10% мөл­шерде үстеме ақы төленетін болады. Айталық, бүгінде қалада жұмыс істей­тін бірінші санаттағы дәрігер-терапевтте 9 жылдан 11 жылға дейінгі еңбек өтілі болса, лауазымдық жала­қысы біліктілік санатына қосымша ақы есебімен (21236 теңге сомасында) 47428 теңгені құрайды, бүгінгі күнде оның еңбекақысының мөлшері 68664 теңгені құрайды, олай болса қазіргі үстеме ақы (4723 теңге) есебімен ол 73387 теңгені алатын болады.

Ал, ауылдық жерде жұмыс істейтін осындай бірінші санаттағы дәрігер-терапевтте лауазымдық жалақысы 59285 теңгені құрайды (ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25%-ға артатын көбейткіш есебімен) және тағы біліктілік санатына қосымша ақымен (21236 теңге сомасында) бүгінде еңбекақысы 80251 теңгені құрайды. Лауазымдық жалақысына үстеме ақы (5929 теңге) белгіленгеннен кейін 1 сәуірден бастап ол 86450 теңге мөлшерінде еңбекақы алатын болады.

Сонымен бірге, 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолда­уындағы Елбасының тапсырмасын орындау шеңберінде азаматтық қызмет­шілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуге байланысты 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілер еңбекақысын есептеу әдісі өзгеретіндігін, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақыларын білім беру саласында 29 %-ға, денсаулық сақтау саласында 28%-ға, басқа салаларда – 40%-ға дейін артатындығын атап өту қажет.

Қымбат Тоқтамұрат

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button