Әлеумет

Дәмежан СӘДУАҚАСОВА, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы: БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДІ ЕКІ ЕСЕЛЕНДІРЕДІ



Жиырма жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1 қазан – Қарттар күні болып белгіленгені есімізде. Біздің мемлекетімізде қоғамның барлық мүшелерін құрметтеп, қарт кісілердің еңбегінің маңыздылығы ескеріліп, бұл мереке көпшіліктің қолдауымен ерекше мәртебеге ие болған. Мереке қарсаңында газет тілшісі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәмежан Сәдуақасовамен тілдесіп қайтты.

img_3582

Әлеуметті мемлекет қолдайды

– Дәмежан Төлеубайқызы, алдымен Астанада тұратын қарттар мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға көрсеті­летін қамқорлық пен жәрдем­ақы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Қазақстан Республикасы да басқа елдер сияқты өз аза­мат­тарының зейнетақысы мен әлеуметтік қамсыздандырылуын мемлекеттің жауапкершілігіне алған. Бүгінгі күні бас қалада 72036 адам жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алады. Мүгедектікке байланысты – 16852 азамат, асыраушысынан айрылуына байланысты – 4763 азамат және жасына байланысты 223 адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтылған. Сонымен бірге, 1998 жылдан бастап бізде арнайы мемлекеттік жәрдемақылар енгізілді, оның мөлшері айлық есептік көрсеткіш шамасына тәуелді. Ағымдағы жылдың қыркүйегіндегі статистикаға жүгінсек, аталған көмекті мү­гедектігі бойынша 19604 адам, Ұлы Отан соғысына қаты­су­шылар ретінде 117 адам, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған 11200 көпбалалы ана, төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы және тылдағы еңбегі үшін 3759 адам иеленеді.
Айта кететін мәселе, зей­нет­ақы және мемлекеттік жәрдем­ақылардың мөлшері жыл сайын артып келеді. Соңғы 17 жылда ең төмеңгі зейнетақы мөлшері 9 есеге жоғарылап, 3000 тең­ге­ден 25824 теңгеге дейін өсті, ал орташа алғандағы зейнетақы мөлшері базалық зейнетақысыз есептегенде 10 есе өсіп, 4179 теңгеден 42791 теңгені құрады.

– Азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде, мемлекет қандай зейнетақы кепіл­дерімен қамтамасыз етеді?
– Бүгінгі күні зейнетақы жүйесі мынадай құрамдас бөліктерден тұрады: бірінші, базалық зейнетақы төлемі. Мұнда барлық зейнеткерлерге еңбек өтілі мен табысына қарамай, республикалық бюджет қаражатынан тағайындалады. Екінші, еңбек зейнетақысы. Азаматтың 1998 жылдың 1 қаң­­­тарына дейінгі еңбек өтілі және зейнет алдындағы табысына байланысты есептеліп, республикалық бюджет қара­жатынан тағайындалады. Үшін­ші, міндетті 10 пайыздық зей­нетақы жарналары есебінен қалыптастырылған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­нан төлемдер. Төртінші, ерікті зейнетақы жарналарының бо­луы­на байланысты төленетін ерікті зейнетақы төлемдері.
– Көпшіліктің ішінде біл­мейтіндер бар, Қазақстанда зейнетке қай жаста шығуға болады?

– Бүгінде ерлер зейнетке 63 жасында шықса, әйелдер 58 жасында шыға алады. Алайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға өсіп отыратын болды. Сонда әйел­дердің зейнетке шығатын жасы 2027 жылы 63-ке жетіп, ер кісі­лермен теңеседі. Әйелдер үшін зейнеткерлік жастың артуына жыл сайын еңбек зейнетақы мөлшерінің азаюы себеп бол­ғанын айту қажет.

Аналарға қамқорлық айрықша

– Дәмежан Төлеубайқызы, азаматтардың зейнетке ерте немесе жеңілдік шарттарымен шыға алатын қандай санаттары бар?

– Жөн сауал, ең алдымен, бес және одан да көп бала туған (асырап алған) немесе оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда, зей­нетақы төлемдерін алуға құ­қылы. Екінші, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймағында 1949 жылдың 29 та­мызынан, 1963 жылдың 5 шіл­десі аралығында кемінде бес жыл тұрған азаматтар. Бұл санат­тағы ер кісілер 50 жасқа толғанда, әйелдер 45 жасқа тол­ғанда зейнетақы төлемдерін тағайындатуға құқы бар. Зейнетке ерте шығуға мүмкіндік беретін келесі жағдай – зей­нетақы аннуитетi шартын жасау. Ол дегеніміз, зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде, зейнетақы аннуитеті шартын жасау мүмкіндігі ерлерге 55 жастан кейін, әйелдерге 50 жастан кейін туады. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төленетiн айлық сақтандыру төлемiнің мөлшері зейнетақы аннуитетi шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмауға тиіс.

– Түсінікті, ал зейнет­кер­лікке шыққан кезде еңбек өтілі және зейнетақының мөл­шері қалай есептеледі?
– Жасына байланысты еңбек зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі өтілі есепке алынады, себебі елімізде сол кезден бас­тап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі ерлерде 25 жыл, әйелдерде 20 жыл болған жағдайда, толық көлемде зейнетақы тағайындалады.

Ннегізгі мөлшер – еңбек өтілі мен табыс

– Дәмежан Төлеубайқызы, болашақ зейнетақы мөлшері қызметкердің кірісіне де байланысты болды ғой сонда, иә?
– Зейнетақының мөлшерін есептеу кезінде екі құрамдас ескеріледі, ол – еңбек өтілі және табыс. Зейнетақының мөлшерін есептеу үшін 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жасына жеткен кезге дейін жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жылдың табысы ұсынылады. 1998 жылғы 1 қаң­тардан басталған кезең үшін орташа айлық та­быстың мөл­шері жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгіленеді. Бұл ретте, зейнетақы есептеу үшін табыс Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөл­шерінен аспауға тиіс, яғни 2016 жылға зейнетақы есептеу үшін ең жоғары табыс 86961 теңгені құрайды.
Атап өтетін бір жайт, департамент зейнетақы төлемдерін тағайындаудағы уәкілетті орган ретінде, зейнетақы таға­йындау үшін ұсынылған құжаттарды дұрыс ресімдеуге қайтаруға және тексеруге құқылы. Мә­селен, біз салық органдары, мұрағаттық мекемелер және әділет органдарымен өзара тығыз байланыстамыз.

– Зейнетақы мен жәрдемақы та­ғайындау үшін жалған немесе растал­маған құжаттар ұсынылған жағдайлар болды ма?
– Иә, ондай жағдайлар болып тұрады. Мемлекеттік органдардан жұмыс фактісі немесе ұсынылған табыстың растал­мағаны туралы жауап алған кезде, осы расталмаған жұмыс кезеңдері еңбек өтіліне есептелмейді, ал салық органдары арқылы ұсынылған табыс расталмаса, зейнетақы төлемдері мөлшерін есептеу кезінде ол табыс есепке алынбайды.

– Бүгінгі таңда зейнет­кер­лердің арасында 1998 жылға дейін де және одан кейін де еңбек өтілі үлкен, бірақ зей­нет­ақылары ең төменгі мөл­шерден аспайтын кісілер бар. Сол азаматтардың құқын қорғау мәселесі қалай шешілуде?
– Дұрыс айтасыз, зейнет­кер­лердің арасында еңбек өтілі көп болғанымен, зейнетақы мөлшері ең төмен, яғни 2016 жылғы республикалық бюджетпен бел­гіленген 25824 теңге алатын азаматтар көп. Сондықтан осындай санаттағы азаматтардың зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында 2018 жылдың 1 шілдесінен бас­тап базалық зейнетақы төлемін тағайындау шарттары өзгереді. Базалық зейнетақы төлемі тек қана жалпы белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде тағайындалатынын атап өту керек. 2018 жылғы 1 шілдеден бас­тап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз бол­ған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған Рес­публикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күн­көріс деңгейі шамасының 50 пайызы мөлшерінде, зей­нет­ақы жүйесінде қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла оты­рып, өтілі 35 жыл және одан артық болғанда, ең төмен күн­көріс деңгейі шамасының 100 пайызына теңестіріледі.
Мемлекеттік базалық зей­нетақы төлемін есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі; жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (бағып-күтуді ол нақты жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыт; 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт; міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асы­рылған кезең; әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет кезеңі; ҚР дипломатиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлері жұ­байының (зайыбының) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиын­тығы 10 жылдан аспайтын кезеңі; әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекетттік органдар қыз­меткерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады.
Солай, 2018 жылдың 1 шіл­десінен бас­тап осы норманы іске асыру мақсатында қазіргі зейнеткерлерге зейнеткерлік құжаттарда бар мәліметтер негізінде базалық зейнетақыны қайта есептеу өткізіліп, базалық зейнетақы төлемін екі есе арт­тыруға мүмкіндік береді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button