ӘлеуметБасты ақпарат

Дәстүрдi дәрiптейтiн дәрiгер



Күн мен түн теңелiп, күллi әлем жаңарып, жер бетiне шаттық орнайтын мезгiл де келiп жеттi. Жан-жануарлар төлдеп, ескiнiң жаңарып, жақсылықтың, шаттықтың бастау алатын бұл қасиеттi күнiн, яғни Наурыз мерекесiн астаналық Алмагүл Бейсембаева да жыл сайын ерекше ықыласпен қарсы алады.

Жан жадыратар көгiлдiр көктемдi өзiмен ерте келетiн дәстүрлi мерекенi асыға күтуiнiң сыры да жоқ емес. Өйткенi, ол сол бiр заманда әжесiнiң тығылып намаз оқығанын, ешкiмге бiлдiртпей ораза тұтқанын көзiмен көрiп өстi. Қарағанды облысының Ағадыр ауданында дүниеге келiп, сол тұстың талабымен орта мектептi орысша оқыды. Қарағандыдағы медициналық иститутты да сол тiлде тәмамдады. Жаңадан ашылған көпсалалы ауруханаға жұмысқа орналасқаннан кейiн ұзақ жыл бойы өзге ұлт өкiлдерiмен араласып, қызметтес болды. Соған қарамастан, кейбiреулер секiлдi орыстанып кетпедi.
Әлi есiнде, «Ұлыс күнi қазан толса, ол жылы ақ мол болады» деп отыратын әжесi наурыз көже пiсiретiн. Сыйлы қонағының аузына бар жылы-жұмсағын тосу – қазақтың қанына сiңген әдетi ғой. Сол бала күн-дерiнде әжесiнен көргендерiн қайталап, өзiнше дастарханын ұлттық тағамдарға толтырып, бауырсақ, қаймақ, сүт, сөк, сүзбе, ақтарды көп қойып, оларды жай ыдыстарға емес, ағаш ыдыстарға салып, үй иелерiн құрметтей келген қадiрлi қонақтарға тостағанмен ас ұсынуды, құдайы көршiлерiн шақырып, сыйлықтар берудi әдетке айналдырғалы қашан?!
– Неге екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр әжем қыста тобық етiн ұнның арасына тастайтын. Көктем шыға сүрленген еттi қазанға салып қайнататын. Мен де солай, бүгiнде әжемнiң рецептi бойынша наурыз көже дайындаймын. Оның сорпасына тары, бидай, арпа, жүгерi, сұлы секiлдi жерде өскен өсiмдiктердi әрқайсынан бiр шай кеседен саламын. Суыған соң сүт не айран, құрт қосамын. Құрт қосқаннан кейiн көжемiз қымызға да ұқсап, қышқылдау дәм бередi. Еттi кiшкене етiп турап, сорпаға қосып жiберуге де болады. Майы бетiнде қалқып жүретiн, ал дәмi тiл үйiретiн бұл көженi бала-шаға сүйсiнiп iшедi, – дедi Алмагүл Төлеубайқызы.
Мамандығы бойынша ол – жоғары бiлiктi, тәжiрибелi дәрiгер. Дәрiгер болғанда да жай ғана дәрiгер емес, оташы (хирург) дәрiгер. Оның үстiне қазақтың бiртуар перзентi, шертпе күйдiң шеберi, атақты Жанғали Жүзбаевтың жұбайы.
Жәкең болса Шымкент облысының Созақ ауданында туып өссе де, өмiрiнiң дерлiк шағы Жезқазғанда өткен екен. Астанаға атбасын бұрғанына он жылға жуықтапты. Онда да мұнда әлем әртiсi, профессор Айман Мұсақожаеваның шақыртуымен елордаға келген едi. Қазiр Астанада ұлттық өнер академиясында домбыра кафедрасының меңгерушiсi болып қызмет атқарып жүрген Ж.Жүзбаев бүгiнде «Қазақтың шертпе күйлерi», «Шертпе күйдiң төрт мектебi» атты зерттеу еңбектерiнiң, «Ұстаздың педагогикалық репертуары» атты арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындарына арналған әдiстемелiк нота кiтабының авторы. Сүгiрмен қатар Қыздарбек, Сембек, Итаяқ, Бегiмсал, Дәулетбек сынды халық композиторлары күйлерiнiң орындаушысы, Сүгiрдiң, Ықыластың, Жаппастың, Төлегеннiң, Генералдың бiраз күйлерiн қайта жаздыртқан.
Жолдасына ерiп, қызмет бабымен Астанаға келгелi берi әр Наурыз сайын Алмагүл таңмен таласа тұрып, таң намазын оқиды. Тәңiрден елiмiздiң амандығын, жұртымыздың тыныштығын, халқымызға ынтымақ, елiмiзге молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тiлейдi. Дәстүр бойынша, бұл күнi адамдардың бiр-бiрiне деген ренiшi кешiрiлiп, әр адам Наурыз қарсаңында үйлерiн қалыпқа келтiрiп, мейрамға орай ағаш отырғызып, гүл ексе, қыздар жағы бастарына үкiлi тақияларын киiп, шолпы-моншақ-тарын тағынып, желбiреуiктi көйлегi жарасып, әркiм өз қадiр-қасиетiне қарай сән-салтанатын асырса, қандай жарасымды деп ойлайды. Әсiресе, ата дәстүрдi сыйлауға, үлкендерге iлтипат көрсетiп, өнегелi ортадан тәлiм алуға үйреткен бабалар тәрбиесiне мойынсұнады. Немерелерiмен қонаққа келiп алып, таза орысша да емес, қойыртпақтап сөйлеп отыратын егде әйелдердi көргенде көңiлi құлазиды. Ақ-көкпен шашын бояп алғандарды мүлде суқаны сүймейдi.
«Бастарына кiшкентай болса да косынка байлай салса, қандай жарасымды! Бояудың орнына шашын хнамен жуса, оның өсуiне, қатаюына да жақсы. Ал, өздерi аппақ, көздерi ботадай қазақ қыздары неге өзге ұлт өкiлдерiне ұқсауға тырысады?» Ол осы мәселелер төңiрегiнде көп ойланады.
Түптеп келгенде, мұның бәрiн жою үшiн қаймағы бұзылмаған қазақы қалпымыздан танбауымыз керектiгiн жанымен түйсiнедi. Астаналық қарапайым дәрiгер Алмагүл Бейсембаева, мiне, осындай.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button