Мәдениет

ДЕШТІ ҚЫПШАҚ ДАЛАСЫМЕН ДИДАРЛАСТЫРДЫ



Астанада Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының аясында «The spirit of Desht-I-Kipchak» атты этникалық мәдениеттің халықаралық фестиваль-сайысы өтті. Төрт күнге созылған шараны Астана әкімдігінің қолдауымен «Тілеп» қайырымдылық қоры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

Фестиваль шеңберінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Дешті Қыпшақтың орта­ғасырлық тарихы» тақыры­бы бойынша І ғылыми-теориялық халықаралық конференция өтіп, оған Қазақстан және шетел ғалымдары қа­тысты. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерт­теу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец, италиялық ғалым, РһD докторы Андреа Картени, Әзербайжан, Грузия, Литва сынды, жиыны 13 елдің өкілдері сөз сөйледі.Былтыр және биыл «Дешті Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақов «Бабалар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырып, бірқатар елді аралады.

«Біздің ортағасырлық тарихымыз, әсіресе, Дешті Қыпшақ дәуірінен бері тартқанда X-ХV ғасырлар аралығындағы тарих тиісті деңгейде зерттелмеген. Соның уақыты келді. Шетелдерге барып, архивтерді қопаратын болсақ, талай дүние табуға болады. Мәселен, Грузияға барғанымызда Қазақстандағыдай балбалтас­тар­ды көрдік. Демек, бабалары­мыздың ізі сол елде қалған болып отыр ғой» дейді ол.

Оның айтуынша, келесі жылы «Бабалар ізімен» экспедициясын жал­ғастырып, тағы 20-ға жуық елді аралау жоспарланып қойыпты. Ал алдындағы сапарлар барысында түсіріл­ген деректі фильм жуырда отан­дық телеарналардан көрсетіле бастайды.

Этникалық мәдениеттің халықаралық фестиваль-сайысына келсек, оған 36 елден 100-ге жуық өнерпаз жиналды. Олар «Халық әні», «Халық биі», «Музыкалық аспаптарда орындау» аталымдарында өнер көрсетті. 17 қыркүйек күні «Астана» концерт залында өткен гала-концертте іріктеу кезеңдерінен сүрінбей, финалға жолдама алған ән­шілер, бишілер, музыканттар дүйім елдің қошеметіне бөленді.

Фестивальдің бір шарты қазақ халқының шығарма­ларын орындау болса, қорытынды концертте АҚШ азаматының қобызды сарнатқаны, сириялықтың сол елдің аль-канун атала­тын ұлттық аспабында Құр­ман­ғазының «Адай» күйін бебеулеткені, италиялық опера әншісінің Абайдың әніне тамылжыта салғаны көрермендерді таңғалдырмай, сүйсіндірмей қоймады.

Толығырақ тоқталсақ, «Му­зы­калық аспаптарда орын­дау» аталы­мында үшінші орынды Қуат Шілдебаевтың «Қара кемер» күйін сарнатқан АҚШ азаматы Рэн Элхай иеленді. Осы аспапта ойнауды ол белгілі қобызшы Ләйлә Тәжібаева-Исаевадан үйреніпті. Ал екінші орын Нұрғиса Тілендиевтің «Баламишкасын» шерткен қара­қалпақстандық Нұрмұхан Жұбатқановқа бұйырды. Бірінші орын Абайдың ән­де­рінен бас­тап, Марат Омаровтың «Анашым», Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әндерін, «Гүлдерайым» халық әнін сыбызғыда сы­зылтқан Башқұртстан халық әртісі, өзіміздің Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория түлегі Ишморат Ильбаковқа берілді. Ал бас жүлдені Қазақстанның «Номад» ансамблі алды.

«Халық әні» аталымында үшінші орын иегері – Түр­кияның әнші аруы Эрсой Айбен. «Жігіттер, жаман істі-aй кәсіп етпе» атты қазақтың термесін домбырамен тәп-тәуір айтып шыққан венгр қызы Фоди Агнесс екінші орынды иеленді. Бірінші орын қазақпен тө­секте басы, төскейде малы қосылған қырғыз еліндегі қа­рындасымыз Айпері Құл­баева алды. Шыны керек, ол Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ­маңдайлым» әнін шырқап жатқанда, алдымызға жап-жас Роза Бағланова оралғандай күйді кештік.

Алессандро Дель Пьероның доп тепкенін көрдік. Алайда оның аттасы Алессандро Голдонидің ән салғанын бұған дейін көрмеппіз. Міне, осы Алессандро Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бас жүлде осы әншіге бұйыр­ды. Жүлде қолына тиген соң ол: «қазылар ал­қасының құрамындағы қазақтың жез таңдай, бұлбұл көмей әншісі Майра Мұхамедқызымен бірге ән шырқау ежелгі арманым еді, сол арманымды орындасаңыздар екен» деген тілегін білдірді. Майра Мұхамедқызы оның сөзін жерде қалдырмай, екеуі дуэтпен Д.Вердидің «Травиата» операсынан үзінді орындады.

Ал «Халық биі» аталымында Сымбат Хайлати (Қытай), Назгүл Қаскеева (Қазақстан), «Жігіт» ансамблі (Қара­шай-Шеркеш) жүлделі орындарды иеленді. Бұл аталымда бас жүлде «Горец» ансамбліне (Грузия) берілді.

Бұған қоса, Астана қаласы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқар­масы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина қала әкім­дігінің арнайы сыйлығын «Наво» ансамбліне (Өзбекстан) тапсырды. «Тілеп» қайырымдылық қоры мен С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қо­рының арнайы сыйлықтары ие­лерін тапты. Әзербайжан және өзбек этно­мәдени бір­лес­тіктері тағайындаған сый­лықтар тапсырылды.

Гала-концертте Бауыржан Исаев, Әсел Мәдекешова, Шаһризат Сейдахмет, «Белес» тобы, «Қарақат» мектеп-студиясының шәкірттері көрермендердің көңілін көтерді. Қазылар алқасының тағы бір мүшесі, белгілі балет әртісі Досжан Табылды қойған «Қыпшақ» биі кештің кульминациясы болып, оған фестивальге қатысқан барлық өнерпаздар тартылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button