Мәдениет

«ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕМІСІ

Биыл өнердегі 10 жылдық белесіне көтерілген Астана қаласының «Жастар театры» Уфа қаласында өткен «Туғанлық» атты түркітілдес халық­тарының VI халықаралық театрлар фестиваліне Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсымен қатысып, үш бірдей жүлдені қанжығасына байлады. Артынша Бішкекте ұйымдастырылған «ART-ORDO» театр­лардың VI халықаралық фестиваліне У.Шекспир­дің «Асауға тұсау» коме­диясымен барған астаналық өнер ұжымының онда да мерейі үстем болды.

Осыдан 21 жыл бұрын Қ.Қуаныш­баев атындағы мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театры «Туғанлық» фестиваліне Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе» му­зыкалық комедиясымен қатысып, лауреат атанған еді. Осы жолы «Жастар» театры астаналық театрлар осал еместігін бекіте түскендей болды. Башқұртстанда жастар­лықтар «Кәсіби жабдық пен ансамбльдік ойын үшін» және «Үздік музыкалық безендіру» аталымдарында топ жарды. Ал Анна Андреевна бейнесін сомдаған театр актрисасы Маxаббат Мадғұлова «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымын иеленді.

Қырғызстанда «Ревизор» трагифарсы мен «Асауға тұсау» комедиясын сахналаған театрдың көркемдік жетек­­шісі, бас режиссері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Нұрқанат Жақып­байдың өнері жан­ды. Ол «Үздік режиссер» аталы­мын иеленіп, Қырғызстан театр қайраткерлері одағы, қоғамдық театр өнері ака­демиясының академигі атан­ды. Өнер ұжымын да, биыл жетпіс жастың жотасына көтерілген режиссерді де осынау жетістіктерімен құттықтаймыз!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button