Қоғам

МОНОТІЛДІ ҚАЗАҚТЫҢ МОНОЛОГЫ

Латын әліпбиіне көшуге қатысты әңгіме басталғалы ішкен асым бойыма сіңбей, ой қуып кеткенімді несіне жасырайын. Үш жүз жылдық отарлықтың уыты тарап кеткен бойымда жылт еткен санам құптап отырса да, жүрегіммен қабылдай алмай дал. Білетін ағаларымыз уақыт алдамайды депті. Ол да рас шығар. Ендеше, еншімізге берілген сол уақытқа көз жіберейікші.

Осы күні жер ортасынын асқан, ауылдан шыққан ме­нің құрдастарымның бас­тарына түскен сынақтың шегі жоқтай көрінеді. Алдымен ширек ғасыр бұрын ат жалын тартып мінетін жасқа келгенінде, дүние төңкеріліп сала берді. Көкке ұшқан социа­лизмнің кепілдіктерімен қоса, алға апаратын сүрлеуіміз де көмескіленді. Жастар тізе­лері қалтылдап, өз жолын таба алмай жабырқаса да, жүрегі қуанышты еді. Ел тәуелсіздігімен бірге ана тілі­міз мәртебесін алды. Оның төл тіл екенін сезініп, қазақ тілін білгендер төрге шықты. Орыстілділердің мысы басылып, қазақ тіліне, қазақ тілінде сөйлейтіндерге құрметпен, қызыға қарай бастаған сәттерді бастан кешірдік. Алғаш рет тіліміз ұзарып, көшеде де, қоғамдық көлікте де қысылып- қымтырылмай, ана тілімізде тілдесе бастадық. Бұл да бір бақыт еді.

Егемендіктің алғашқы жыл­дарында дүние есігін аш­қан сәбилеріміздің атын Азат, Азамат қойдық. Азаттар мен Азаматтарымыз жеті жасқа жеткенде, бірі – орыс, бірі қазақ мектебіне барды. Түгел қазақша оқытуға мектеп жетіспей, білімсіз қалмасын дедік. Сөйтсек, орыс мектептерінде оқып жүрген баланың біздікінен пысықтау, білімі нық екеніне көзіміз жетті. Оған да көзімізді жұмдық. Кеудемізге нан пісіп, қазақ тілін білгенімізге ғана мәз болдық. Болашағымызды қазақ мемлекетімен байланыстырып, ешнәрсеге алаң болмадық. Өстік, жетілдік, алдымызға мал бітті, аузымыз аққа жарыды. Бірақ бұрынғы екпін жоқ, қазақ тілінің де қайығы қайраңға тіреле бастады. Жақсы қызметке, жайлы жерге орналасқан орыстілді бауырларымызбен жұлыса жүріп, өмірден өз несібемізді айыруға тырыстық. Алайда орыстілдінің өрісі кең, оны білгендердің аузы жоғары екенін іштей мойындадық. Орысша біл­мейтіндерге миығымен қара­ғанын да күнделікті көріп жү­ріп, үндемей жұтып келдік.

Латын қарпіне көшу сол кездерде, 25 жыл бұрын да сөз болған. Онша мән бермедік. Күні кеше әліпбиді алдымызға тастағанда, өткен өмір жолымыз осылайша ойға оралды. Бұл әріппен Азат пен Азаматтарымыздың балалары қара танып, тілі шығатын болады.

Өкініштісі, бар үмітімізді артқан, бірі орыс, бірі қазақ мектебінде оқыған Азаттар мен Азаматтардың арасы тағы ашылғалы тұр ма? Неге екеуі екі түрлі әріппен оқу керек деген сауал бар қазіргі қоғамда.

Кезінде орыстілділерден қалмаймыз деп, намысқа тырысып Толстой, Пушкиндерді оқып шыққанбыз. Еуропаның классикасын да осы тілде ұғындық. Кейбір құрдастарыммен сол тілде тілдеспесек те, білгеніміз теңесті. Енді кирилл қарпінен бас тарттың ба, онда өзгеден білімің кем түспес үшін Шекспирді түпнұсқада оқуың керек. Бұл – Азат пен Азаматтың балалары, менің немерелерімнің маңдайына жазылған тағы бір сынақ. Ал оқи алмаса, қазақ тілінен басқа тілді білмеген менің кейпіме түсіп, тағы да кем несібе болып жүре ме деп уайымдаймын.

Рас, латын әліпбиіне көшу көңілге үміт ұялатады. Егер Азат пен Азаматтың шөбере­лерінің атын Жеңдік қойсақ, қуанар едім!

Айгүл  УАЙСОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button