ЖаңалықтарМәдениет

«ДОСМҰҚАСАННЫҢ» ДАРА ЖОЛЫ



dos1

Қазақстандағы эстраданың алғашқы шамын жаққан «Дос­мұқасан» ансамблі­нің құрыл­ғанына 50 жыл толады.

БАЯНАУЫЛДАН ТҮЛЕП ҰШҚАН ТОП
Өнер атаулы адам баласын тек ізгілікке тәрбиелейді. Ме­ніңше, өнердің ең қадірлісі, ең қасиеттісі – музыка. Музыка – адам жанын қайғы-қасі­реттен арылтып, жүрекке мөп-мөлдір шуағын таратып, жан дүние­ні әдемілікке, сұлулыққа, ма­хаббатқа бөлейтін сиқырлы да құдіретті күш.
Досмұқасандықтар 1967 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық инсти­тутының студенттері бола жүріп, техника саласында оқыса да, өнерге енді ене бастаған электронды ас­пап­тарды игеріп, ансамбль құрып, теңдесі жоқ шеберлік деңгейіне көтерілді.
Ол уақытта коммунистік партия саясатымен жоғары оқу орындарының студенттері құрылыс жасақтарының құ­рамында жер-жерге барып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды салатын. Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1967 жылдың 1 тамызында құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай өткен концертте Янош есімді ұлты венгр студент «азан шақырып» ансамбльдің атын «Дос­мұ­қасан» деп қояды. Бұл атау ансамбль мүшелері есімдерінің бастапқы буындарынан (Дос-Досым, Мұ-Мұрат, Қа-Қамит, Сан-Саня) құралған.
Баянауыл – қазаққа қаншама ғұламаларды берген қасиетті жер. Демек, «Досмұқаcан» тарихының осы өңірден бастау алғаны тегін болмаса керек.
Осы жарты ғасырдағы ан­самбльдің өмірі мен өнері тұтас бір дәуір десек те болады.

ҚАЗАҚ РУХЫН СЕРПІЛТТІ
Ансамбльдің өзі тарихи ке­зеңде құрылды. Өткен ғасыр­дың 60-70 жылдары ұлттық мүдде ескерілмей, ұлт мәселесін ашық айтуға жол берілмеді. Осы тұста досмұқасандық таланттардың белсенділігі, өнерге деген құлшынысы, ұлтжандылығы, қажымас қай­раты мен жанкешті еңбегі, ел-жұрт санасында сілкініс тудырып, ойға қозғау салып, қазақ рухын серпілтті. Мұны бүгіндері бәрі мойындап отыр. Электронды аспаптармен қазақ әндерін рухтана шырқап, музыка тілі арқылы ұлт табиғатын, батырлығын, елдігін танытты. Қазақтың халық әндерін іріктеп, өңдеп, тұңғыш рет жаңаша сипатта ұсынды.
Тіпті, «Досмұқасанның» өмірге келуі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жаңалық болғанын айта кет­кен жөн. 1971 жылы Ташкент­те техникалық жоғары оқу орын­дары арасында өт­кен бү­кіл­одақтық конкурс­та «Дос­мұқасан» ансамблі бірін­ші орынды жеңіп алды. Кон­курс­тың бас қазысы, атақ­ты әнші Батыр Закиров түркі тек­тес ұлттар ішіндегі «Дос­мұ­қасан» тұңғыш ансамбль екенін айтып, бас жүлдені тапсырды.
1973 жылы Минскіде кеңес әндерін орындайтын кә­сіпқой орындаушылардың бүкілодақтық конкурсында «Песняры» – бірінші, «Дос­мұқасан» екінші орын­ды иеленіп, Берлинде өтетін әлемдік фестивальге жол­дама­ның бірін жеңіп алды. Қазақ ансамбліне Совет әндерін «Аса үздік өңдегені» үшін атты арнайы сыйлықты қазылар алқасының төрайымы, атақты ком­позитор Александра Пахмутова тапсырған еді. Ал Берлинде « Досмұқасан» КСРО-ның намысын қорғап, алтын медальге ие болды.

ӘМІРЕНІҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАДЫ
Әміре Қашаубаев Еуропаға, оның ішінде Францияға қазақ әні «Ағаш аяқты» паш етсе, 1977 жылы «Досмұқасан» КСРО-дағы 15 республика ішінен тұңғыш эстрадалық ансамблі ретінде қазақ әуенін Америкаға апарып, оны сол жұртқа танытып, жер бетінде қазақ деген ұлт бар екенін жария етті.
«Досмұқасан» тәуелсізді­гіміздің жаршысы десе де болады. Халқымыздың азат­тыққа деген алғашқы құлшы­нысын «Досмұқасан» әндері тұтатты десек те артық бол­мас. Ансамбль мүшесі, белгі­лі әнші, марқұм Бақытжан Жұмаділов «Америкаға да, Түркияға да жол ашқан ал­ғашқы «Колумбтар» – бізбіз» деген әзілінің астарында үлкен шындық жатыр.
«Досмұқасан» өз өнерін қазақтың төл өнерімен, ұлы даласымен, табиғатымен үн­дестіріп, шері мен мұңын, қуа­нышы мен салтанатын паш етіп, еркіндікке батыл қадам жасады. Заман ырғағын ұлттық менталитетімен үн­дестіре білді. Осы жарты ғасырда «Досмұқасан» музыка деген құдіретті күш ар­қылы рух пен намысты, тіл мен ділді оятты.
Кейбір әндерде кездесетін сөзбұзарлар мен әнбұзарлар шалқып отырған көңіліңді бір сәтте быт-шыт қыла­тыны өкінішті-ақ. Ал «Дос­мұқасанда» балталасаң да бұзылмайтын ана тіліндегі айшықты тіркестер, әдемі әуездер нәзік лиризмге қарай жетелейді. Халық оларды сол үшін қатты қадірлейді.
«Досмұқасанмен» елу жыл бойы бірге болып, біте қай­насып кеткен, қазақ эстрадасына жаңалықтың лебін әкелген ансамбльдің белді мү­шесі әрі көркемдік жетекшісі – Мұрат Құсайынов. Халық арасына оның әндері, «Наурыз» күйі, рок-классика стилінде жазылған «Пір дастан» күйі, қазақ музыка әлеміндегі тұң­ғыш күрделі шығармалар – «Бетпақдала», «Мұхит пен саяхат» рок-композициялары кең тарап кетті.

АРЫННЫҢ АЗАМАТТЫҒЫ
Топтың тарауына жол бермеген осындай өнер иелері құрметтің қанда­йына болса да лайық. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, 2000 жылдардың ортасында Павлодарда С.Тор­айғыров атындағы мем­ле­кеттік университетінің ректоры болған қазақтың бір­туар азаматы Ерлан Арын «Дос­­мұқасанға» университет қа­бырғасында музей ашып, оқу орны жанынан мүсіндік композициясын қондырды. Осындай жанды неге қазақтың нағыз патриоты деп айтпасқа?!
Осы тұста досмұқасандықтар «Рухани әке» санаған Сә­лібаев Тұрсын Омарұлының есімін айтпасқа болмас. Бұл кісі – Қазақстанның Халық әртісі, атақты әнші Жамал Омарованың туған бауыры.
Досмұқасандықтармен тон­ның ішкі бауындай ара­ласқан, қамқоршысы болған нағыз ұлтжанды, рухы биік жан болатын. Топырағы торқа болғыр азамат, әттең, өмірден ертелеу кетті…
Сөзіміздің соңында ан­самбльдің 50 жылдық мерей­­тойының құрметіне Алма­тының Көктөбесіндегі «Битлз» тобының мүсінінің маңа­йына «Досмұқасанның» ескерткішін қою, өз өнерін төрткүл әлемге паш еткен атақты ансамбльдің өмірі мен өнері, жүріп өткен жолы, асу-асу белдері туралы кино түсіріп, кітабын шығару ел болып істейтін ісіміз болуы тиіс деп айтқым келеді.

Дүйсенәлі МҰСАҰЛЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button