ЖаңалықтарҚала тіршілігіҚоғамМәдениет

Астаналық цирк «Жібек жолына» шақырады

erm_3652

Астаналық цирк желтоқсан айының 3-18 күндері аралығында көпшілік көрерменге «Жібек жолы» цирктік қойылымның премьерасын ұсынып жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған қойылым шығыс философиясына негізделген. Нақтырақ айтсақ, цирк әртістері табиғат пен адамзаттың үйлесімі мен жібек жолының ашық эпизодын айқындайтын бақсылықты жаңғыртып отыр.

Цирк өнері кішкентай балаларды айтпағанда ересек азаматтарды да өзіне тәнті етеді. Сондықтан да аталған өнерге деген көпшіліктің ықыласы өте жоғары болып отыр. Өйткені өмірдегі барлық таңғажайыптарды дәл осы цирк манежінен көруге болады. Мәселен, Астаналық цирк жыл сайын көрермендерді жаңа қойылыммен қуантып келеді. Цирк директоры Ерік Жолжақсыновтың айтуынша, биылғы жаңа қойылым Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Себебі Тәуелсіздіктің арқасында Астанадағы цирк өнері дамып, кең тыныс алып келе жатыр.
– Табиғат пен адамзаттың үйлесімі, әйгілі «Жібек жолы» мен бақсылардың жаңғырығы сынды түркілік құндылықтарды назарға алдық. Негізінен, манежде өнер көрсетіп жатқан өнерпаздардың дені өзіміздің әртістеріміз болып саналады. Тек көршілес Қырғыз елінен арнайы әртістер шақырып, көрермендерді көзайым етіп отырмыз. Жалпы, бізге қандай да бір өнер болмасын, оны ұлттық нақышта көрсете білген дұрыс. Айталық, цирк өнерінің өзінде өзіміздің түркі тілдес халық екенімізді көрсетуге болады, – дейді Ерік Жолжақсынов.

ҚОРЛАН МЕН ДАРИЯ ЦИРКТЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ

Әртістердің «Жібек жолы» цирктік қойылымның кейбір нөмірлеріне назар аударып өтсек. Айталық, сахнада «Сатыдағы ерекше баланс» нөмірін орындаған Қорлан Жанмырзаеваның өнері көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ол – 2014 жылғы цирк өнерінің «Әуе сатысындағы эквилибр» деген жаңа жанрының алғашқы және жалғыз орындаушысы. Балет өнерінің тәжірибесін бойына сіңірген Қорлан Жанмырзаева өз нөмірлерінде хореография элементтері мен цирктің трюктік негізін байланыстыру арқылы қиын эстетикалық және таңғажайып нөмірімен ерекшеленеді.
– Өнер көрсетіп жатқан кезде қандай да бір сәтсіздіктер болып қала ма деп алаңдайтын кездерім болады. Алайда музыканың дауысын естіп, өнерімді көр­сете бастаған кезде барлық қорқынышым тарап кетеді. Осы циркте жолдасым екеуміз екі жылдан бері өнер көрсетіп келе жатырмыз. Бұған дейін біз Алматы циркінде жұмыс жасап, өнер көрсеткен болатынбыз. Жалпы, біз цирк әртісі болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Мәселен, 2009 жылы дайындық кезінде аяғымды сындырып алып, екі рет операция жасаттым. Осындай қиын сәтте жолдасым маған қолдау білдірді, – дейді Қорлан Жанмырзаева.
Сондай-ақ, Астаналық цирктің әртісі Дария Әбдуақасова мен Дана Рысбекова «Пластикалық этюд» нөмірін орындады. Олар 2012 жылы Голландияда өткен «Алтын клоун» халықаралық цирк өнері фестивалінің гран-при иегерлері болатын.
– Менің цирк саласында өнер көрсетіп жүргеніме 16 жылдан асты. Шыны керек, кезінде «циркте өнер көрсетпеймін» деп жылаған кездерім де болған. Алайда тынбай еңбектенгеннен кейін цирк өнеріне деген құлшынысым арта түсті. Әу баста ата-анам менің дәрігер болғанымды қалап, өздерінің ақыл-кеңестерін айтқан еді. Бірақ мен өзге саланы емес, дәл осы цирк әртісі болуды қаладым, – дейді Дария Әбдуақасова.
Жалпы, қиын-қыстау сәт­терді артқа қалдырып, цирк әртісі болу оңай шаруа емес. Дегенмен қазақтың қаршадай қыздары Дана мен Дария және Қорлан цирк әртісі болудан қорықпайтындықтарын айтады. Иә, олар қорқып, артқа шегінсе, бүгінде сахна төрінде өнер көрсетпес еді ғой!

ҚҰРЫЛЫСШЫДАН ЦИРК ӘРТІСІНЕ АЙНАЛДЫ

Астана сан түрлі тағдырлардың басын тоғыстырып, адамдарға тосын сый жасайтын қала екен. Біздің бұл сөзімізге Астаналық цирктің әртісі Әбдімүтәліп Серікбаевтың тағдыры дәлел бола алады. Өйткені ол елордаға Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан құрылыс жасауға келген болатын. Әйтсе де, ол құрылысшыдан Астана циркінің белді әртісіне айналды.
– Ауылда туып өскендіктен болар, мал десе ішер асымды жер­ге қоямын. Әйткенмен еш­қашан цирк әртісі болып, сахнаға шығамын деп ойлаған емеспін. Барлығымыз Астанаға жан-жақтан ақша табу үшін келдік қой. Мәселен, ең алғаш елордаға табан тірегенде, құ­рылыс саласында жұмыс жа­садым. Құрылысқа келгеннен кейін 5-6 ай бойы мал көрген жоқпын. Бір күні атама «Астанада сыртынан болса да көретін мал бар ма? Сағындым» деп едім, ол «Онда мен сені малдың отанына кіргізейін» деп, осы циркке жұмысқа орналастырып кетті. Міне, содан бері цирк саласында жұмыс жасап жатқаныма 12 жылдан асты. Әу баста жұмысты үлкен жануарлардың асты-үстін тазалап әрі оларды тамақтандырудан бастаған болатынмын. Ал қонжық пен маймылды сахнаға алып шығып, өнер көрсетемін деген үш ұйықтасам да түсіме кірген емес, – деп күлімдеді Әбдімүтәліп Серікбаев.
– Әу баста Әбдімүтәліп жыл­қыларға қарап, оның күтіміне жауап беретін. Кейін ол маған келіп «қонжық сатып алып, қарасам қалай болады?» деп сұрады. Мен оған «өзің біл» деп мүмкіндік бердім. Ол әбден қонжықпен жұмыс жасауды меңгеріп алғаннан кейін көркемдік кеңесті жинап, оның қаншалықты кәсіби маман болғанын бақыладық. Өйткені жан-жануарлармен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Бірақ қатаң бақылаудан өткен жағдайда біз мүмкіндік береміз. Жалпы, мұндай практика цирк саласында жиі кездеседі, – дейді Ерік Жолжақсынов.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button