Басты ақпаратҚоғам

Достықтың тамыры терең



Маңдайымызға жазылған, талайымызға берілген тарих осылай қалыптасты: Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілінің үйі болып отыр. Олардың ішінде кейбір халықтар өз еркімен көшіп келді, ал басқаларды қоныс аударып жіберді, кулактарды тәркілеу үдерісі де болды, ал мыңдаған адамдар жаңа тың жерлерін игеруге келді. Осылайша, XX ғасырдағы Қазақстан тарихының үлкен бөлігі – елде тұрып жатқан этностардың этникалық, мәдени өзара әрекеттестігінің тарихы. Сүйектен өтетін суық пен боранды далада қазақтар қысылып, көптеген ұлт өкілін тамақтандырып, жылытып, олардың жартысын өлімнен құтқарды.

Деректер не дейді?

Осылайша, ұлан-байтақ еліміз кешегі бір алапат жылдары халықтар түрмесіне айналды. Тек қана бір Карлагтың болмысына 2 миллионға жуық адамның өмірі байланысты. Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам корей халқы, Еділ өңірінен 361 мың неміс халқы, Солтүстік Кавказдан 507 мың карачай-балкар, шешен, ингуш, тағы басқа халықтар атамекенінен айырылып, қазақ елін паналады.

Биыл шешендер мен ингуштардың Қазақстанға жер аударылғанына 79 жыл болған екен. Еліміз бойынша барлық өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда шешен этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Жыл сайын ақпан айында бірлестіктің ақсақалдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз естеліктерімен бөлісіп, қонақжай қазақ халқына жылы лебізін білдіріп жүр. Іс-шараның барлық қатысушысына еске алу асы ұйымдастырылып, дұға оқылады.

Шешендер мен ингуштардың Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударылуы («Жасымық» операциясы) 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурызы аралығында өтті. Оның барысында әртүрлі есептеу бойынша 500-ден 650 мыңға дейін шешендер мен ингуштар туған жерінен көшірілді. Ақпан-наурыз және одан кейінгі алғашқы жылдары шамамен 100 мың шешен мен 23 мың ингуш көз жұмды, яғни екі халықтың төрттен бірі деген сөз.

Шығысқа бет алған эшелон

Астана қаласындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының тең төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Юсуп Хасанұлы Келигов шешен-ингуш халықтарының елімізге қалай қоныс аударғаны жайлы былай дейді:

«1944 жылдың 23 ақпанында, таңғы сағат 5-те, «Қызыл Армия» күнінде, ингуш пен шешендердің үйлеріне қолында мылтық, автоматы бар сарбаздар мен офицерлер баса көктеп кіреді. Олар қатты зекіп, ал кейде күш қолданып, балалар мен әйелдерді, қарт адамдарды оятып, далаға шығара бастады. Адамдарды мешіттер мен мектептерге, бақшаларға жинас­тырып, қасында автомат пен пулеметі бар мұздай қаруланған қарауылдарды қойды. Осындай аяусыз күзет аз ғана қарсылық білдіргендерді атуға даяр тұрды. Офицерлер қазірден бастап тау­лықтарды халыққа опасыздық жасағандар мен халық жаулары деп танылатынын және кеңес өкіметінің қаулысы бойынша ортаазиялық республикаларға (Қазақстан, Қырғызстан) мәңгі қоныстандыруға жіберетінін мәлімдеді. Жолаушыларды тасымалдауға арналмаған вагондарға адамдарды малша айдап кіргізді».

Ұлан-байтақ еліміз кешегі бір алапат жылдары халықтар түрмесіне айналды. Тек қана бір Карлагтың болмысына 2 миллионға жуық адамның өмірі байланысты. Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам корей халқы, Еділ өңірінен 361 мың неміс халқы, Солтүстік Кавказдан 507 мың карачай-балкар, шешен, ингуш, тағы басқа халықтар атамекенінен айырылып, қазақ елін паналады

Мәліметтер бойынша 180 эшелон жіберілген, ингуш пен шешен ұлттарының 493269 өкілі осындай эшелондарда қоныс аударған. Жетуге жолы қиын аудандар (Хайбах, Таргим, Цори, Гүлім, Монкара) тұрғындарын не өртеп, не атып тастаған екен. Адамдар тиелген вагондарда сәкі, пештер аз болды, тесіктерден жел соғып тұрды. Сәкілері бар жерге қарттар мен ауру адамдарды орналас­тырды. Әйелдер мен балалар еденде отырды. Жастар тұрып, бір-біріне сүйеніп жүрді. Аялдамаларды, тек қана вагондарды мәйітттерден тазалау үшін пайдаланды. Ауыл шетінде, жолдардың қасында пойыздан түсіп қалған өліктер жататын.

Бауырмал қазақ барын берді

Тарихты таразыласақ, жер аударылған алғашқы жылдарда жаңа климат жағдайларына бе­йімделмеген, өмір сүруге қаржы болмаған вайнах халқының өкілдері ауру мен аштықтан өлім халінде еді. Осылай вайнах халқының этнос ретінде жойылып кету қаупі төнді.

– Вайнах халқы үшін жергілікті халықтың соңғы тілім нанмен бөлісу даярлығы, ниеттес­тігі естен кетпейді. Қазақ, орыс, украин мен басқа халықтардың өкілдері вайнах халқын қорғау үшін қаншама игі іс жасады. Тарихи отанынан айырылу ұлт намысына тиген жағдай еді, халқымыздың отансүйгіштік қасиеті де қорланып, тапталды. Әділетсіздік және «халық жауы» жарлығы адамдардың психологиясына әсер етті. Біз жердегі тозақты көзімізбен көрдік, – дейді Юсуп Келигов.

– Мен бірінші шешен соғысы қарсаңында, депортация күні Грозныйда болдым. Репортаждар жасадым, жергілікті тұрғындармен сөйлестім. Елге оралғандардың бәрі көз жасын сығып, қазақтарға ризашылығын айтты. Қазақтар шешендерді қыс кезінде аштан өлтірмей, жарты нанымен бөлісті. Әлсіреген шешен балаларына баспана берді, – деп жазды қазақстандық журналист Сергей Пономарев.

Қазақстанға күнкөріс көзінсіз, жылы киімсіз жер аударылған халықтар тек қазақ халқының бауырластық көмегінің арқасында ғана тіршілігін жалғастырды, тыныш өмір сүрді. Өз ана тілі мен мәдениетін сақтап қалды, осында өздері және ұрпағы үшін екінші отанын тапты, қазіргі қазақстандық қоғамда лайықты орнын айқындады.

Жер аудару кезеңін басынан өткерген әр отбасының сол жылдардағы қиыншылықтар мен депрессияларды еңсерудің өзіндік тарихы, жергілікті халықтың өзара көмек және қолдау тарихы бар.

Тату көршінің түзу тірлігі

Сондай шешен отбасының бірі – Роза Исмаиловамен көрші тұрдық. Роза – гүлдей жайқалған 5 қыз баланың анасы, басынан орамалын тастамайды, ұзын көйлек киеді, сәлемі түзу, бауырмал көршіміз кейінірек Шешенстанның Грозный қаласына көшіп кетті, бірақ қыздары біздің балалармен әлеуметтік желі арқылы үнемі хабарласып тұрады, байланысты үзген жоқ.

«Қазақстан десе елеңдеп тұрамыз, туып-өскен жерімізді, ондағы таныстарымызды, қымбатты көршілерімізді – барлығын сағынамыз, ұмытпаймыз!» деп отырады.

Солар арқылы бүтін бір халықтың салт-дәстүрін танып, қазақ халқына деген зор ықыласын, алғысын таныдық. Олардың отбасы құндылығын бәрінен жоғары қоятыны, имандылығы, дәстүрін берік ұстанып, баба салтын құрметтейтіні, бұлжытпай орындайтыны – бізге үлгі.

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» дейді Міржақып Дулатұлы. Ендеше көрші тұрып, қиын күндерде бір нанды бөлісіп жеген отандастарымыздың тарихын білу де парыз.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button