Басты ақпаратЖаңалықтар

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ



DSC_9023

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесті. Кездесу ХКБ бас хатшысының инспекциялық сапары аясында өткізілді.

Кездесу барысында Ә.Жақсыбеков В.Г. Лоссерталесті «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстарының барысымен таныстырды, деп хабарлады қала әкімнің баспасөз қызметі.

– Астана әкімдігі «ЭКСПО» та­қырыбына сай келетін жоғары технологияларды енгізу арқылы қаланың жол-көлік инфрақұрлымын дамыту жөнінде кешенді шаралар жоспарын жасады, – деді Ә.Жақсыбеков.

Астана әкімі бұл бағыттағы жұмыс бірнеше кезең бойынша жүзеге асатынын атап өтті. Солардың ішінде – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрме қонақтарына қолайлы жағдай жасау, волонтерлік қызметті ұйымдастыру, мәдени, ойын-сауық шаралары, ақ­параттық жұмыс, медициналық қам­тамасыз ету және тағы басқалар бар.

Қала басшысы кешенді жоспарды іске асыру барысында бірқатар маңызды құрылыстар жүргізілетінін айтты. Атап айтсақ, жол құрылысы, BRT құрылысының 1 кезегі, қаланың батыс және шығыс кіреберістеріндегі екі автовокзал құрылысы, 10 жеке автопаркинг, теміржол вокзалы құ­рылыстары мен халықаралық әуежай терминалының реконструкциясы.

– Осыған қоса Астана қаласы әкімдігінің басшылығынан жеке инвестицияларды тарту арқылы қуаты 50МВт құрайтын күн электр станциясы құрылысының жобасы жүзеге асырылуда. Пайдалануға беру мерзімі – 2016 жылдың 1 тоқсаны, – деді
Ә.Жақсыбеков.

Кездесу барысында В.Г. Лоссерталес алдағы уақытта Миланда өтетін «ЭКСПО-2015» көрмесі шеңберінде «Астана апталығын» өткізуді ұсынды. Аталмыш шара қатысушылар мен қонақтарға Астананың бірегейлігімен және әлемнің қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі ретінде таныстыруға үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Көрме кезінде қонақтарға қолайлы жағдай жасау да басты мәселелердің бірі болып табылады. Болжам бо­йынша көрмеге шамамен 2 млн адам келеді. Олардың 85 пайызы – Астана мен Қазақстанның өзге аймақтарының тұрғындары.

2017 жылы көрменің басталуына дейін келетін туристерге қызмет көрсету үшін Астана қаласында 5, 4, 3 жұлдызды қонақүйлер пайдалануға беріледі.

Өз кезегінде Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы В.Г. Лоссерталес атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button