Елордада – есімі

Ел дамуына елеулі үлес қосқан

Астанада көрікті көшелер көп. Соның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов көшесі. Бұрын № 23-7 деп аталған көше 2021 жылдан бері Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтің есімімен аталады.

Елорданың Алматы ауданының аумағындағы Жұмекен Нәжімеденов пен Иван Панфилов көшелерінің ортасында орналасқан шағын көшенің бойында зәулім құрылыс нысандары жоқ, тек тұрғын үйлер тізіліп тұр. Олардың астыңғы қабаттарында дүкендер мен азық-түлік сататын дүңгіршектер бар. Бәйкен Әшімов көшесінің ұзындығы – 350 метр.

Бәйкен Әшімов аса көрнекті кеңес, партия, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы ғана емес, «Дәуірдің адамы» деп атауға әбден лайық адам еді. Себебі ол шынында да, ақылды, көреген, адалдықты, адами қадір-қасиетін сақтай алған халықтың сүйікті перзенті бола білді.

Бұрынғы Ақмола облысы Көкшетау уезі, Айыртау болысы Шабанбай би ауылында (қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданы) 1917 жылдың 10 тамызында дүниеге келген Бәйкен Әшімұлының ел дамуына қосқан үлесі ерекше. Жасынан аштық пен жұтты, соғыс пен репрессияны басынан кешірсе де, республиканың шағын елді мекендері, аудан, облыс шаруашылықтарының әр саласында, партия-совет қызметінде тынымды еңбек етіп, басшылық қызметтің үлкен мектебінен өтіп, қайраткер дәрежесіне көтерілген азамат ретінде танылғаны мәлім.

Өзіне қатал талап қоя білуімен қатар, халықтың мұң-мұқтажын етене сезіне білгені, оны өзінің табиғи міндеті ретінде түсінгені, басқару жүйесінде халықты қандай да бір қысылтаяң жағдайда қыспаққа алмаған, ұраншылдыққа ұрынып, қуырып-шыжғырмаған басшы ретінде көз көргендердің есінде қалғаны анық.

Соғыстан кейінгі жылдары Бәйкен Әшімов Көкшетау облысындағы Айыртау аудандық атқару комитетінің хатшылығынан облыстық партия комитетінің екінші хатшысына дейін әртүрлі қызметте болды. 1961 жылы ол Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағалығына сайланғанда, Қарағандыға республика ғана емес, одақ басшыларының да назары ауып, қатты шүйлігіп тұрған жылдар болатын. Оларды әсіресе, Теміртаудағы қанды оқиғалардың себеп-салдарлары алаңдататын. Жаңа төраға үлкен сенімнен шығып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, алаңдататын ахуалдарды қалыпты арнаға түсіргенін, 1967 жылдың аяғында бір жабылып, қайтадан ашылған Талдықорған облысының бірінші басшылығына жіберілгенде де Жетісудің бес өзені аумағынан өтетін бұл өлкені өркендетуге қосқан қалтқысыз қызметін жергілікті жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Бәйкен Әшімовті республика халқына жаппай танытып, мәшһүр қылған оның Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін 14 жыл бойы атқарған кездегі еңбегі еді. Бұл қызметті ол 1970 жылдың 1 сәуірінен бастап, 1984 жылдың сәуіріне дейін абыроймен атқарды. Сол жылдары ауыл-село еңбеккерлерінің де тұрмыстық ахуалы артып, ұжымшарлар мен кеңшарлардың экономикалық жағдайы артқанын қазақстандықтардың бәрі біледі.

Ол кезде республикада кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру, электрлендіру, механикаландыру және өндірісті автоматтандыру белсенді жүргізілді, жаңа технологиялар енгізілді. Көлік, энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары шапшаң қарқынмен дамыды, Қазақстанның экономикалық әлеуеті арта түсті. Оқу, ғылым, медицина, мәдениет ошақтары да жүздеп салынып, халықтың әлеуметтік жағдайы артты, Кеңес Одағы орнаған жылдардан бергі ең жақсы тұрмысқа қол жеткізді.

Өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы болған Бәйкен Әшімов қай жұмыста да өзін еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тамаша ұйымдастырушы және талапшыл басшы ретінде көрсете білді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button