Елордада – есімі

Көрнекті заңгер көшесі

2021 жылдың басында Астана қаласы мәслихатының шешімімен Алматы ауданына қарасты А36 көшесіне қоғам және мемлекет қайраткері, ірі тұлға, заңгер ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академия­сының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері Салық Зимановтың есімі берілді.

Мына дүниеде биік парасатымен, асыл қасиетімен адамдықтың зиялы үлгісін көрсеткен қазақ заң ғылымының абызына айналған алып тұлғаны бір кездері Қаныш Сәтпаев «Салық Зиманов – Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаушы» деп бағалаған еді. Жаратушы өзі берген тоқсан жылға созылған мағыналы ғұмырының жеті жылын қанды шайқаста өткеріп, одан кейінгі ізденіспен өткен жылдары Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне, т. б. өзекті мәселелерге арналған зерттеулерін жазып қалдырды.

Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолындағы Қазақстанның халықаралық қатынасын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-­демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене аралас­ты. Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, ұлттық мемлекет құрылымының теория­лық мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырып, әділ сотты қамтамасыз ету үшін республикада сот мүшелерінің қатысуымен «билер алқасын» енгізуге басшылық жасады.

Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін С.Зиманов­тың ғылыми және қоғамдық-­саяси қызметінің жаңа, жемісті кезеңі басталды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі көптеген жаңа заңды қабылдауға тиіс болды. Осы жауапты тарихи кезеңде Салық Зиманов білімділік, қайраткерлік қырымен танылды. Қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңыз­ды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ол Жоғарғы Кеңестегі Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі конституциялық комиссияның мүшесі болды, мұнда ол сарапшылар тобын басқарды.

С.Зиманов 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасады. Елге қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік пен рухани келісім» (1993), «Қазақстан» мемлекеттік сыйлықтарының (2002) лауреаты атанды. «Парасат» орденімен (2002), екі рет «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button