Басты ақпаратҚала тіршілігі

Электронды картамен жүру екі есе тиімді



Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатына қатысқан Астана әкімі Әсет Исекешевке журналистер қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты сұрақтар  қойды. Алдымен елорда басшысы қоғамдық көліктегі жолақы мәселесін түсіндіріп өтті.    

Жолақы мәселесін тарқатты

– Осыдан екі жыл бұрын Астанада жолаушыларды тасымалдау бағдарламасы бекітілді. Соның аясында автобустарды жаңарту, сервисті жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басты мәселелердің бірі қаржылық модель түзуде болып отыр.
Шынында да, 2014 жылдан бері тариф көтерілген жоқ. Сол уақыттан бері екі девальвация өтті, жанармай бағасы өсіп, инфляция болды. Біз қазір автопарк­термен, көлік компанияларымен бұл саланың экономикалық моделін анықтап жатырмыз. Біз автопарктердің ұсыныстарын тыңдадық, банкирлерді шақырдық. Автопарктер 300 және 500 теңгеден ұсынды, бірақ біз ең төменгі бағаны – 200 теңгені алдық. Аталмыш тариф жанармай сатып алуды, жүргізушілер мен кондукторлардың еңбекақысын, автопарктердің жөндеуі мен жаңаруын қамтамасыз етуі тиіс. Бірінші кезеңде біз қоғамдық көліктің жағдайын толық түсіну үшін 200 теңгені бекіттік. Биыл басымдықты да осы мәселені анықтауға қойдық. Сол себептен ақшасыз есеп айырысуға көшуге, карточкамен төлем жасауға жүз пайыз басымдық беріп отырмыз. Осындай үлгі көптеген елдер мен өзіміздің Алматыда өзін жақсы көрсетті, – деді Әсет Исекешев.
Жолақы мәселесі қоғамдық кеңес, сарапшылық кеңесі, қалалық мәслихат, әкімдіктің өзінде әлі де талқыланады. Нақты шешім содан кейін қабылданады. Осыны айтқан қала басшысы биыл карточкамен жолақыны төлеу бағасы көтерілмейтінін, сол 90 теңге болып қала беретінін жеткізді.
– Жолаушыларға электронды карточкамен жүру екі есе тиімді. Халық картамен бір реттік төлем жасап, бір сағаттың ішінде басқа қоғамдық көлікке ауысқанда тегін жүре алады. Бірақ біз сараланған тарифті енгіземіз. Бұл 180 теңге шамасында болады. Карточкамен жүргісі келмейтін адамдар қолма-қол есеп айырысып 180 теңге төлейтін болады, – деген Астана әкімі сараланған тариф шамамен алғанда шілде айының ортасында енгізілетінін айтты.
– Халықтың бәрі карточкамен жүретін болса, әкімдік бұл салада қанша қаржы айналымда жүретінін біліп, субсидиялар тарифі бойынша шешім қабылдай алады. Қала тұрғындары 90 теңгеден төлейтін болса, бюджеттен жылына шамамен 15 млрд теңге субсидияланатын болады, – деді Ә.Исекешев.

Шеткі аймақтар жолсыз қалмайды

Астана әкімінің есептеуінше, қала жолдарының барлық проблемасын бір мезгілде шешу үшін триллионнан астам қаржы керек. Жалпы, былтыр елордада100 жаңа көше салынып, жөнделді. Оның жартысынан көбі – 55 жол шеткері аймақтардағы тұрғын алаптарда орналасқан. Биыл 91 жол салынады және жөнделеді, оның 70-тен астамы қаланың шеткері аймақтарында болады.
– Біздің міндетіміз алдағы екі жыл ішінде қаланың шетіндегі жолдарға толығымен асфальт төсеу болып отыр. Келесі жылы бұл аймақтарға газ жетеді. Ең алдымен Көктал-1, Көктал-2 және Оңтүстік-Шығысқа газ тартылады. Биыл жарықтандыру мәселесі шешіліп, аялдамалар орнатылады. Шеткері аймақтарда саябақтар мен қоғамдық-спорттық орталықтарды салу жобасын жүзеге асырмақпыз, – деді елорда әкімі.
Ә.Исекешев жолдардың сапасына қатысты мәселе үнемі бақылауда екенін, оны бақылайтын зертханалар ашылып, сапаға байланысты шетелдік мамандар тартылып жатқанын жеткізді. Жолдардың сапасыз салыну мен жөнделу себептерін атап берді. Соның ішінде мердігерлердің жауапсыздығы, сапасыз материалдарды қолдану, технологиялық циклды бұзу бар.

Қоқыстың 70 пайызы қайта өңделеді

Астана әкімі жақын арада қалада қоқыс жинаудың жаңа мәдениеті қалыптасатынын айтып, тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау мәселесін зерттеуге шақырды. Елорда органикалық және органикалық емес қоқысты сұрыптайтын елдердің тәжірибесін негізге алып отырғанын айтты.
– Біз Франция елінің техно­логия­сымен салынып жатқан зауытты іске қосамыз. Бұл жоба ЭКСПО көрмесінде таныстырылды. Мұны аталмыш көрменің жемістерінің бірі деп айтуға болады. Зауыт толықтай органикалық қалдықтарды қайта өңдеп, соның ішінде биогазды, белгілі тыңайтқыш түрлерін өндіріп, пластик, ағаш, қағаз және т.б. материалдарды қайта өңдейтін болады. Яғни біз қоқыстың 70 пайыздық қайта өңделуін қамтамасыз етеміз. Кешенді қайта өңдеу зауытының құрылысы 2019 жылдың күзінде аяқталады, – деді қала басшысы.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button