Жаңалықтар

ЕЛІНІҢ ЕЛЕУЛІСІ ЕДІ



 Мына өмірдің аса қиын да, күрделі соқпақтарынан сүрінбей өтіп, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің жа­нында жүретін, адал еңбегімен елінің қадірлі де, қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жаны жаз, жүрегі жомарт Әкімжан Назаровтың есімін Ақмола өңірінің халқы, әсіресе, Оразақ ауылының көнекөздері ұмыта қоймағаны даусыз.

Өйткені, ол өзінің қарақан басын күйттеген жоқ, өзі басқарған елдің қамын көбірек ойлады.

Ғибратты ғұмыр кешіп, тағдыр тезінен сүрінбей өткен Әкімжан аға ғұмыр бойы халқына жасаған игілікті ісін, өз еңбегінің жемісін қоғамға тарту етті.. Сонымен, ел ықыласына бөленген осы бір абзал азамат кім еді?

Қасиетті Ақмола өңірі аты аңызға айналған тұлғалардан кенде болған емес. Астанаға іргелес Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын­да дүниеге келген Әкімжан Наза­ров еңбекке ерте араласты. Оның жастық шағы төңкеріс дауылы бұрқаған, ақ пен қызыл жағаласып жатқан аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. 1920 жылы небары 19 жасында атқа мініп, ауылдағы «жарлы-жақыбайлардың» тұңғыш артелін құрған осы Әкімжан аға. Содан айналасы 7-8 жылдың бедерінде ол құлашын кеңге жайып, іргелі ұжымшарға айналды. Кейін ұжымшар кеңестік заман талабына сай шаруасы шалқыған кеңшар болды. «Қызыл ту» (Красный флаг) атанған осы бір дәулеті шалқыған шаруашылық аудан мен облысты былай қойғанда, Одақтағы айтулы еңбек ұжымы болды. Міне, осы істің бәрін басынан бастаған Әкімжан На­заров еңбек ұжымына 1928 жылдан 1961 жылға дейін, 40 жылға жуық үзіліссіз басшылық жасады.

Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ көп қой қашанда. Өткен ғасырдың аумалы-төкпелі өмір белестерінде өз қатарластарынан әманда оқ бойы озық жүрген Әкімжан Назаровтың ел ішінде аңыз боп айтылып жүрген бастамалары жетерлік. Соның бірер сәтін әңгімелеп, оқырманға жеткізсек , абзал азаматтың аруағын құрметтегеніміз емес пе?

… Кешегі сұрапыл соғыс басталған кезде Әкімжан өзі тіленіп, майданға аттанбақ болған. Бірақ, жоғары жақтағы басшылар шаруашылықты көп жыл басқарып келе жатқан адамды тылда қажет деп санаған. Сондықтан дәлелді желеу айтып, «броньмен» алып қалып отырған. Біз бүгінде іргелі облыстың 70 жылдығы аталып өткен кезеңде Әкімжан Назаровтың есімін, оның жанқиярлық еңбегін ескерусіз қалдырсақ, ұрпақ алдында сын болмай ма?

Ол майданға бармаса да, екінші майдан – тылдағы еңбекті ұйымдастыруда өзінің қажыр-қайратымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді.

Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезінде Әкімжан бас болған ұжымшар майдандағы жауынгерлер­ге азық-түлік, жылы киімдер жіберіп отырды. Мына бір фактіге назар аударайық: ұжымшар еңбеккерлері тіпті маңдай терін сорғалатып тапқан еңбек күндеріне шыққан қаржыларын ұжымшар атынан танк жасату үшін аударып отырған. Сон­да әр колхозшы 4 мың теңгеден, ал, Әкімжан өзінің отбасы атынан 116 мың теңге қосқан. Соғыс тауқыметі еңселерін езіп, өздері жартылай жалаңаш, шала құрсақ жүргенде осындай қадамға барудың өзі үлкен ерлік, отанға деген сүйіспеншілік, шынайы патриотизм емес пе?

Қамбадағы астықты тақырлап, қолдағы бірлі-жарым қараны майдан қажеті үшін жаратса да, тылдағы елді ашықтырмаудың да қамын ойлады ол. Оның да шешімін тап­ты. Әскер отбасыларына қоғам малынан сауын босатып, уақытша бағымға берді. Әрине, қоғам малын жекеменшікке тартып бергені үшін оны жоғарыдағылар маңдайынан сипамас еді. Бірақ, елді ашықтырмаудың қамын ойлаған ел ағасы өз басын бәйгеге тігіп, осындай көзсіз тәуекелге барды. Оның үстіне Қорғалжын өңіріндегі елсіз-күнсіз жатқан балығы мол «Асаубалық» көлінен кіре тар­тып, Ақмола мен Қарағандыға мыңдаған тонна балық жөнелтті. Бұл жұмысты қыраулы қыста ар­найы ұйымдастырылған қарттар (соғыс кезінде бар ауыртпалық әйелдер мен қарттардың, буы­ны қатпаған балалардың иығына түскені белгілі) бригадасы іске асырды. Осы арада бір айта кететін жай, сол бір қиын кезеңде науқандық жұмыстарға адам күші жетпей жатқан тұста Әкімжан Назаров «екпінді бригада» атты колхозшы­лар тобын жасақтады. Онда Түсіпбай Қарабұзауов, Мәриям Жагорқызы, Нұрмағамбет Бектібаев, Егор Болту­сов, Дүйсенбек Рахметов, Жағыпар Мәмбетов секілді жасы асқан адам­дар еңбек етіп, бригадаға 85 жасқа келген Толжан Тайжанов жетекшілік етті. Міне, нағыз ерен еңбектің үлгісі, міне, нағыз тәлім алатын жай.

Осылайша мылтықсыз майдан – тылдағы Әкімжан ағаның игі бастамалары елге танылып, одан Мемлекеттік қорғаныс комитеті де құлағдар болды. Көп ұзамай-ақ белсенді басшы Әкімжан Назаровтың атына Сталин жол­дастан алғыс хат келді. Оның мәтіні төмендегідей: «Қазақ ССР, Ақмола облысы, Ақмола ауданы, «Қызыл Ту» колхозы, колхоз председателі Назаров Әкімжан жолдасқа Қызыл Армияның бронетанкті күштеріне қамқорлық жасағандықтарыңыз үшін «Қызыл Ту» колхозының колхозшылары мен колхозшы әйелдеріне және Өзіңізге, Назаров жолдас, алғыс айтамын. Менің сәлемім мен Қызыл Армияның алғысын қабыл алыңыз. И.СТАЛИН».

Ал, 1943 жылы Әкімжан аға «Қызыл Жұлдыз» орденімен, кейіннен Ленин орденімен ма­рапатталды. Бірнеше рет қатарынан Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысты. Ал 1958 жылы ауылшаруашылығы саласындағы ерен жетістіктері үшін Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесі комитетінің қаулысымен бірнеше рет күміс медальдармен және «Үлкен күміс медалімен» марапатталды.

Бар ғұмырын туған ауылын түлету үшін сарп еткен Әкімжан Назаров 1961 жылы зейнеткерлікке шықты.

Елін сүйген, өзі де еліне сыйлы бола білген осы бір нар тұлғаның ерте қалыптасқан қайраткерлік, адамгершілік қасиеттерін сөз ет­кенде ұлы Абайдың мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады:

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Осы үш қасиеттің үшеуі де біздің кейіпкеріміздің бойында бар бола­тын. Әкімжан Назаров 1976 жылы дүниеден өтті. Бірақ «көзден кетсе де, көңілден кетпеген» осынау абзал азаматтың өнегелі өмір жолы ұмытылмақ емес.

 Талғат ТӘШКЕЕВ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button