Елорда тынысы

Елорда маңайы экотуризмге айналады



Астана әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылардың урбанистика және қала құрылысын талқылау алаңына айналды. Елордада «Тұрақтылық пен жайлылық» тақырыбын арқау еткен «Arhica Astana 2023» халықаралық конгресі өтті.

Отандық сарапшылармен қатар, түрлі ведомстволардың басшылары, Малайзия, Англия, Испания, Нидерланды, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден арнайы шақырылған қонақтар қатысқан жиында қазіргі заманғы қалалардың алдында тұрған міндеттер, тез өзгеретін трендтер және тұрғындардың қажеттіліктері талқыланды. Талқылаулар қала құрылысы жұмысын құру жолдарына, жақын болашақта ауылдық аймақтар мен моноқалаларды дамытуға, жайлылықты қамтамасыз етуге, экономикалық даму және табиғи мұраны сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталды. Жаңа қалалық орталықтар, стратегиялық инвестициялар және қала құрылысы арқылы жаңа экономикалық аймақтарды құру мәселелері айтылды. Бұл ретте қатысушыларды «Астана – жайлы қала» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тар қызықтырды.

Сонымен қатар қатысушылар қалаларды жасыл желекке орау, Wellbeing архитектурасы, даланың мәдени ландшафты туралы ой бөлісті. Белгілі сәулетші Тотан Күзембаев «Даланың мәдени мұрасы» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Жиын барысында әлемнің жетекші фотографтарының «Сәулет өнеріндегі жарық пен көлеңке» және «Табиғат пен ғимараттар» тақырыптарында фотокөрме, студенттер арасында «Student Charette» байқауы ұйымдас­тырылды.

Іс-шарада «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу-жобалау институты директорының орынбасары Серік Әбдірахманов Астана агломерация­сын дамыту бағытындағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Бүгінгі таңда Астана агломерациясына 47 елді мекен кіреді. Бұл туралы әңгімелеген спикер елорда маңындағы Майбалық көлінің айналасындағы табиғи аумақты кешенді дамыту жоспарына тоқталды.

18 қазан күні Майбалық көлінің солтүстігіндегі «Maybalyk Estate эко-туристік қалашығы» егжей-­тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу бойынша қоғамдық талқылаулар өтеді. Бұл жобаның жүзеге асуы қаланың экологиялық келбетін өзгертіп, туристердің тартымдылығын арттыратыны айтылды. Сондай-ақ Талдыкөл аймағын кешенді демалыс орнына айналдыру жобасы да сарапшылардың оң бағасына ие болды.

Конгресс жұмысы «Architecture­&Design leaders 2023» сәулет және дизайн саласындағы жеңімпаздарды марапаттау салтанатымен аяқталды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button