Мәселе

Қаржылық сауаттылық деңгейіміз қандай?

Жыл сайын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздің барлық қалалары мен облыстарын қамти отырып, қаржылық сауат­тылық деңгейіне әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Соның қорытындысында былтыр елімізде халықтың қаржылық сауаттылық индексі 40,2% деңгейінде бағаланды.

Аталған агенттіктің бас маманы Мұхамед Бағдатұлының айтуынша, ең жоғарғы көрсеткіш «Қаржы жүйесі туралы хабардар болу» бойынша тіркелді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға ұлғайған. Ал «Қаржылық қызметтерді пайдалана алу» көрсеткіші бойынша деңгей бұрынғы қалпында қалған. Талдау нәтижесі Қазақстанда қар­жылық сауаттылық деңгейі 2020 жылға қарағанда өсіп жатқанын көрсеткен, яғни адамдар шоттарды төлеуде жауапты, қаржылық жоспарлау мен бюджетті жүргізуге, ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін ақша жинауға мұқият бола бастаған.

– Соның ішінде Астана қаласы респонденттерінің арасында жүргізілген сауалнамада 32% қатысушының белгілі бір жинаған қаражаты бар болса, 10%-ы ақша жинамайтын болып шықты. Ал 31,1% респондент несиені, 29,1%-ы жеке жинақтарын пайдаланады. Сонымен қатар астаналықтардың ­42%-ы банктердің депозиттері туралы біледі, 54%-ы ерікті зейнетақы жинақтарынан хабардар, 44,7%-ы келісімшарттың әрбір тармағымен толық танысқаннан кейін ғана несие шарттарына қол қояды. Тағы бір айта кетерлігі, отбасының жалпы бюджетін ер адамдарға қарағанда әйелдер көбірек басқарады. Қаржылық қыз­меттерді таңдау кезінде респонденттер түрлі қаржы ұйымдарында бірнеше нұсқаны қарастыратынын көрсетті. Неғұрлым жас болған сайын, соғұрлым олардың ең қолайлы нұсқаларды іздеуде қызметтер нарығын өз бетінше зерделейтіні байқалды, – дейді бас маман.

Елімізде халықтың қар­жылық сауаттылығын арттыру үшін 2020 жылғы мамыр­да Үкіметтің қаулысымен Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада коммуникация арналары, оның ішінде цифрлық арналар арқылы тұтынушылардың қаржы өнімдері туралы хабардар болуын арттыру және халықтың нысаналы топтарының қаржылық білімін көбейту деген негізгі бағыттар бар.

– Болашақта пайдалы қаржылық әдеттерді қалыптастырудың превентивтік шарасы ретінде балалар мен жастарға қаржылық тәрбие беруге ерекше назар аударылады. Ол үшін осы санатқа таныс онлайн форматта және жас ерекшеліктерін ескере отырып арнайы бағдарламалар шығарылды. Бастауыш және орта сынып оқушылары үшін біз YouTube және Aitube платформаларында орналастырылатын «FinIQ Kids» мультипликациялық бағдарламалар сериясын, «Дружные ребята», «Ұлан» және «Ойла» республикалық балалар басылымдарында танымдық және жеңіл мақалалар түрінде бірқатар бағдарламалар әзірледік, – дейді Мұхамед Бағдатұлы.

Халықтың нысаналы топтарының қаржылық білімін арттыру үшін оқушыларға, студенттерге және ересек адамдарға қаржылық сауаттылық бойынша оқыту іс-шараларын өткізудің бірыңғай жоспары әзірленген. Еліміздің жетекші ЖОО студенттері үшін «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Кредиттік жауапкершілік», «Қауіпсіз төлемдер мен аударымдар», «Банк карталарымен жасалатын алаяқтық» және басқа да тақырыптар бойынша оқыту іс-шаралары өткізіледі.

– Қаржылық сауаттылық, ең алдымен, өз ақшаңызды сауатты пайдалана білу. Бұл қасиет азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру деңгейін жақсартуға әкеледі, тұтынушыларға арналған ақпаратқа қолжетімділікті арттырады, сондай-ақ халықтың қаржылық қызметтерді көбірек қамтуын және оларға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Қазіргі қаржылық қызметтердің қарқынды дамуы, түрлі өнімдердің онлайн-форматқа айналуы және жаңа цифрлық технология­лар, күрделі әрі тәуекелді қаржы құралдарына деген сұраныстың артуы жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі оның өзектілігін арттыруды талап етеді, – дейді ол.

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қаржылық қызметтерді және құралдарын пайдалана білу, меншікті қаржы құралдарын басқару дағдылары, халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сондай-ақ қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы хабардар болу деңгейі.

Fingramota.kz-тен бірнеше пайдалы ұсыным:

  • Аса мұқтаждық болып жатпаса, тұтынушылық несиелерді алмаңыз. Бұл шынымен қажет заттар болса ғана тәуекелге бел бууға болады. (Мысалы, балаларды қашықтықтан оқытуға арналған компьютер, машинаға арналған қысқы шиналар және т.б.). Басқа жағдайларда жеке бюджетке қосымша жүктемеден бас тартқан дұрыс.
  • Қаржылық қызметті таңдау кезінде нарықты мұқият зерттеп, мониторинг жасаңыз, өзіңіз үшін ең тиімді талаптарды іздеңіз.
  • Резерв жасаңыз. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, жинақтау сізге ұқыпты болуға, банктердің немесе басқа қарыз берушілердің көмегіне жүгінбеуге септігін тигізеді.
  • Қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырмаңыз, қаржы алаяқтары мен қаржы пирамидаларының тұзағына түсіп қалуыңыз мүмкін.
  • Инвестициялауды үй­реніңіз. Ақшаны үнемдеңіз, қаражатты көбейте білуіңіз керек. Шын мәнінде қаржылық тұрғыдан тәуелсіз адам болу үшін инвестиция­лау өнерін үйрену қажет. Әртараптандыру бұл мәселеде де маңызды, қарапайым сөзбен айтқанда, «жұмырт­қаның бәрін бір себетте» сақтамаңыз. «Теңге тиыннан құралады» деп бекер айтылмаған. Ақша сізге қызмет етуі керек.
  • Агенттіктің www.gov.kz ресми сайтында және www.fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығы жөніндегі мамандандырылған оқыту медиа порталында, сондай-ақ «Fingramota Online» мобильді қосымша лентасында қаржылық сауаттылық тақырыбындағы соңғы жаңалықтарды оқи аласыз.
Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button