ДенсаулықЖаңалықтар

ЕЛОРДАДА БІР КҮНДЕ 60-65 БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ



Елорда емханаларында жүкті әйелдер үшін «Жасыл дәліздер» ұйымдас­тырылып жатыр. Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс акушер-гинекологы Халида Шарипова мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл шара жүктіліктің ерте кезеңінде әйелдерді уақытында әрі сапалы тексерістен өткізу үшін енгізілген. Сондықтан да ол сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсету үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастыру аса маңызды екенін аттап өтті.

– Жүкті әйелдер үшін арнайы тіркеу бар. Олар міндетті түрде акушер-гинеколог дәрігерге, терапевтке және өзге де мамандарға жіберіледі. Яғни, ауырып жүрген басқа емделушілермен бірге ортақ кезекте тұрмайды. Өйткені профилактикалық тексеріс жүкті әйелдерде экстрагениталды патологияны дер кезінде анықтау­ға мүмкіндік береді. Әйелдер сау баланы дүниеге әкелу үшін, аяғы ауыр кезде кері әсер болмау үшін уақытында аумақтық емханаларға барып тұру керек, алдын ала дайындық жүргізу қажет. Өкінішке қарай, кейбір әйелдер дәрігерге жүкті болған кезде ғана келеді, – дейді дәрігер.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2017 жыл басынан бері Астанада 6 мыңнан астам бала дүниеге келген. Орта есеппен елордада тәулігіне бүгінгі уақытта жұмыс істеп тұрған үш перинаталды орталықта 60-65 бала өмірге келеді. Салыстырар болсақ, өткен жылы Астанада 27 244 бала туылған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8%-ға көп және рекордты көрсеткіш болып саналады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button