ДенсаулықСұхбат

Сәбит Абдраимов, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері: САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП

Елімізде 1 шілдеден бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты жұмыс беруші әр азаматқа қаржы аударуға міндетті болып отыр. Ал жұмыс істемейтін әрі әлеуметтік аз қамтылған азаматтар ақша беруге міндетті ме? Осы және өзге де сұрақтарға Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Абдраимов жауап берді.

– Сәбит Бекмағанбетұлы, жаңа медициналық сақтандыру жүйесін енгізу әлі де болса көптеген сұрақтарды туындатып отырғаны жасырын емес. Осы саланың маманы ретінде жаңа жүйе­нің артықшылығы қандай және қалай жұмыс істейтінін айтып беріңізші…
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) басты ұстанымы мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың денсаулық сақтауды қаржыландыруға ортақ қатысуы болып табылады. Бұл – өте маңызды және шешуші ұстаным, табысы және жарналық аударым мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылғандарға тең, бірыңғай медициналық пакетке қолжетімді мүмкіндік береді. МӘМС енгізудің артықшылығы мемлекеттік және жеке клиникалар арасындағы бәсеке арқасында медициналық қызмет сапасының арту мүмкіндігі. Тұрғындар арасында жоғары сапалы медициналық көмек көрсету және білікті мамандар үлкен сұранысқа ие болады, тиісінше әрбір емхана немесе жекеменшік клиника сапалы және тиімді көмек көрсетуге мүдделі болады. Медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарды қатаң іріктеп, тек сапалы медициналық қызметтерін көрсеткен ауруханалар мен емханаларға ақша төлейді. Нәтижесінде, біз денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын және қолжетімді, кең пакетті медициналық қызмет аламыз.

– Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер жарналарды аударуы тиіс, жарналардың мөлшері қандай, аударым рәсімі қандай болады?
– Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда медициналық сақтандыру бойынша жарна мөлшері шарттары бейімделген, тиімді екенін атап өткім келеді. Мәселен, кейбір елдерде жарна көлемі 12 пайызға дейін жоғары болып табылады. Сақтандыру төлемдері мөлшері қымбат емес, егер қызметтер топтамасына – емханалар қызметі, ол дәрігердің қабылдауынан бастап, әртүрлі зерттеулерге дейін стационарлық емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, сақтандыру пакетіне өте қымбат операциялар кіретінін ескеру керек. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бірінші болып жұмыс берушілер сақтандыру жарналарын төлей бастайды, ол қызметкерлердің айлық жалақысының 1 пайыз мөлшерінен бастап, 2022 жылға дейін 3%-ға дейін бірте-бірте ұлғаяды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ол жеке кәсіпкерлер және азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін азаматтар, жылына 2 ең төменгі жалақының 5 пайы­зын төлейді және әрі қарай көтерілмейтін болады. Ал әлеуметтік қорғалмаған тұрғындар үшін 2018 жылдан бастап мемлекет жарналар төлей бастайды. Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан қызметкерлер өздері айлық жалақысының 1%-ын төлей бастайды.

– Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, медициналық сақтандыру туралы жарияланатын мақалалар мен сұхбаттарда, егер адам медициналық көмекке жүгінбесе ақшаны қайтару туралы пікірлер мен сұрақтар жиі кездеседі. Бұл МӘМС қарастырылған ба?
– Халықтың білгені жөн, бұл жарналар жинақталмайды, медициналық мекемелердің қызметін төлеуге аударылады. Бір жыл ішінде азаматтар медициналық көмекке жүгінбесе де, төленген аударылымдар қайтарылмайды. Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі принциптеріне – барлық жүйеге қатысушылардың теңдігі мен ынтымақтастығына қайшы келеді. Төленген қаражат, медициналық көмекке ауырып жүгінген сақтандырылған азаматтардың қызметіне жұмсалады.

– Егер адам сақтандырылған болса, ол медициналық көмек алу құқығына ие, ал егер сақтандырылмаған болса ше? Жұмыссыз азаматтар қандай көмек түрін ала алады?
– Азаматқа жарналар аударылымы жасалса, ол автоматты түрде сақтандырылған болып саналады. Сақтандыру жарналарының болуы МӘМС шеңбері аясында барлық медициналық қызмет пакеті, соның ішінде қымбат қызметтері де қолжетімді болады. Жұмыссыздар немесе экономикалық тұрғыда белсенді емес тұрғындар сақтандырылмаған болуы мүмкін. Экономикалық тұрғыда белсенді емес 14 санаттағы азаматтар үшін 2018 жылдан бастап мемлекет жарналар төлей бастайды. Бұл санаттағы азаматтар сақтандырылған тұлғалармен тең МӘМС қызметтер топтамасына қол жеткізе алады. Осы ретте жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалардың жоғарыда айтқан 14 санаттың қатарына енетінін атап өткім келеді. Сондықтан жұмысы жоқ азаматтарға жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет, оларға жұмысқа орналасу таңдауы беріледі немесе жұмыссыз ретінде тіркеуге алады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы көп. Оны қарапайым халық алдағы уақытта сезінетін болады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button