Тағзым

Ердің сойы еді



Күн жұма. Ұйқымнан оянсам, үйімнен кәдімгі күйген майдың иісі шығады. Әйелім ескі әдетімен жеті шелпек пісіріп жүр екен. Дастархан басында оның рухына арнап құран оқыдым. Періштелер «әумин!» деп қабыл етсін. Қайран Ер ағам, ердің сойы едің! Қамқорлық, батылдық, табандылық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, тапқырлық, әділдік сияқты адами асыл қасиеттеріңмен көзден кетсең де, көңілден кетпейсің. Жазмыштан озмыш бар ма? Өзің жайлы естелік жазуға мәжбүрмін.

[smartslider3 slider=2328]

«Кең болсаң, кем болмайсың» деуші едің, Ер аға! Мен сізден жақсылық көрген жанмын. Қалайша ұмытайын…

Мен Ер аға басқаратын №40 мектепке жұмысқа орналасқан жылы бастауышқа жирен шашты, көк көзді орыс баласы қабылданды. Ата-анасының бұл қадамын Ер ағам қуана қолдады.

– Астанада аралас мектеп көп қой, егер орысша оқытамын десе. Қазақ класына бергені, қазақтың мемлекет құраушы аға ұлт екендігін мойындағаны және болашағына сенгені. Біз кеудесінен итермей, керісінше, басынан сипап, бауырымызға тартуымыз керек. «Бірінді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп Абай ақын айтты емес пе?! – деп педкеңесте салмақты ой айтқаны есімде.

Өзі де әлгі баланы көрген жерде тоқтай қалып сөзге тартатын. Бала да бауыр басып, Ер ағаны әкесіндей көріп кетті. Директордың «досына» басқа балалар да үйір болып қасынан шықпайтын. Айтып-айтпай не керек, орыс баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қазақтың бір баласынан кем қылмай түлетті. Мектеп бітіру кешінде «Баламыз өсті» деп бірге түскен суретін де салған екен. Беу, дүние-ай! Осылайша Ерекең екінің бірі түсіне бермейтін қазақстандық ұлт ұғымын ұғындыра білді. Ол, қолынан келсе, жақсылықты бәлсінбей-ақ жасайтын және қайтарымын күтпейтін еді.

                                                                                                       ***

Еңбекқорлық, табандылық, адалдық қасиеттері кісілік келбетін келістіре кескіндеп тұр десем де болады. Ер аға ұстаздық ұстанымына мейлінше адал болып, ұрпақ тәрбиелеу жолында құлша қызмет етті. Жүз вагонды сүйреген локомотив сияқты өзіне де, ұжымға да тыным таптырмайтын.

Мектепте Әлкей Марғұлан музейін ашып, журналын жариялады. Ынталы оқушыларын ертіп, ғұлама ғалым жүрген соқпақтармен саяхат­тады. Есімі ел аузында жүрген мәдениет, өнер, білім, ғылым, спорт, саясат саласындағы майталмандарды мектепке шақырып, оқушыларға кәсіптік бағдар берді. Ол мектепте қалтаға қол салып, найқалып жүрген жан таппайсыз. Сарт-сұрт сапырылысып жатқаны.

Энергияның сарқылмас қайнар көзі – Ер аға. Еңбек пен спорт десе ішер асын жерге қояды. Жарыстарда шаңғы теуіп, волейбол ойнайтын. Қар қалың жауып, жел айдаған жапырақтар ауланы көміп қалса, құрал-сайманын қолға алып, жанын салып жинап жүргені. Аптаның бір күнін белгілеп спорт залға ұстаздарды жинап, «Қара жорға» биін үйрететіні және бар. Осынша алапат күштің қаңылтырдай жұқа бойынан қалай шыққанына таңым бар.

«Адамды адам түсіну бір ақырет. Ойлы дос, түсініпсің, рақмет!» дейтін директор ұжымдағы әр ұстаздың қарым-қабілетін, икемін тамыр­шыдай тап басып, нәтижеге бағыттап отыратын. Айта берсем, ұжым жетістіктері көп қой.

Ер ағаның алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағасымен танысуы, ғылымға келуі тіптен қызық. Айтуынша, бірде қаладағы қоғамдық моншаға барыпты. Бір топ адам алаштану тақырыбында академикпен қызу пікірталасып отыр екен. «Шабайын деген тұлпарға қиқу салса не жорық» демей ме? Әңгімеге араласып, Қайымның қайраткерлігі жайында майын тамызып айтқанда таңданған Тұрсын ағасының алғашқы сұрағы: – Сен кімсің? – болыпты.

Осы таныстықпен қайым­тану ғылымына келеді. Өмірден өткенше ұстазына, ғылымға адал болып өтті. Жұмыста қалып, жеті қараңғы түнде қаріп теріп отыратын. Қайымтанудың кезекті томдарын әзірлеп жүр екен. Екі-үш рет жұмыста қалып, көмектестім. Арасында үзіліс жасап шай ішеміз. Шай үстінде ұстазын асқан құрметпен, мақтанышпен әңгімелейтін. Қайым Мұхамедхановтың кеңестік Қазақстанның алғашқы әнұранын жазғанын, абайтану еңбектері үшін түрме тауқыметін тартқанын алғаш естідім.

Бүгінде Абай-Мұхтар-Қайым болып жалғасқан ұлылар көшіне ілескен Ербол Ісләмұлының екінші рухани өмірі басталды. Ұлттық құндылықтарға негізделген «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы осыны дәлелдейді.

Әлі есімде, 2011 жылы №40 мектептегі педкеңесте Ер ағам әлдебір кітапты ұжымға көрсетіп:

– Мынау – Ахметжан Аятжан атты қандас бауырымыздың өлеңдер жинағы. Өзі химия пәнінің мұғалімі болса да, өлеңдерінде ірілік бар. Келешек осындай жігіттердің қолында, – деген еді. Иә, Ер ағаның түйсігі алдамапты. Сол Аятжан інісі арада он жыл өткенде ізін басып, ісін жалғастырып отыр.

                                                                                                         ***

Көз жетпеген жерге көңіл жетеді. Көңілдің көк дөненіне мініп алып өткенге ой жүгірткенде, еңсегей бойлы Ер ағамның ұлтжандылық бейнесі сомдалып шыға келеді.

– Дайын ұлттық мектеп концепциясы бар ма?

– Ұлттық тәрбиеге байланысты эскиз бар ма?

– Жалғыз тәрбие саласы емес, бүкіл мектептің жүйесі туралы керек, – деп жазыпты Ер ағам мессенджер арқылы алысқан соңғы хаттарында. Бұл үлкен бастаманың басында тұрған болашағына сенімді адамның сөзі, өлім аузында жатса да, ұлттың қамын ойлаған шаһбоз шаһидтің өзі емес пе?!

Ер ағаның менен сұрап отырғаны, ол кезде мен Ұлттық білім академиясының тәрбие орталығында аға ғылыми қыз­меткер едім. Еліміздегі 8000 мектептің тәрбиесін тәпсірлеп отырған жайымыз бар. Бірақ бастығымыз құлдық санадан арылмағандар санатынан. «Ғылымның бәрі көршілерде. Көшіріп ал да, тыныш отыр» деп басталатын әлқиссасы, бельгиялық католикке тұрмысқа шыққан қызының ертегі өміріне ұласқанда санам сансырап кететін. Ана тіліміздің 30 жылда оңбай қалғанына тап осы кісі кінәлідей өкпелеп отырушы едім. Өкпем орынды екен.

Бірде орталыққа БИЛ-ден (бұрынғы қазақ-түрік лицейі) екі жігіт келді. Айтуынша, Англия мен Американы аралап келген беті екен. Шетелді зерделеп, зерттеп жүріп «Құндылықтарға негізделген мектеп» атты халықаралық жобасын ала келіпті. Қолдап, пікір жазуды сұрады. Мәтін қазақша болған соң, маған тапсырды. Ұлттық құндылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жобаға үзілді-кесілді қарсы шықтым. Бірақ басекең әлгілерді қолдай жөнелді. «Бақсам, бақа екен» дегендей, жоба авторы вице-министрдің бұрынғы әріптесі екен. Осылайша сынақтан өтпеген, плагиат жоба «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» қосылып кетті. Менде бұғып қалу деген жоқ қой. «Жемқорлар 11 млрд теңгені бөліп алмақ» деп «Астана ақшамы» газеті арқылы байбалам салдым. Антикорға да хат жолдадым. Аналар айылын жимады. «Қазір газетті кім оқиды? Бос әурешілік» дегендей сыңай танытты. Содан бір күні әлгі жобаны қолтыққа қысып, Оқушылар сарайына Ер ағама бардым. Әрине, плагиат, шикі жобаны қуаттамады. Бірақ сотқа дейін барамын деген мені де қолдамады.

Анығын Аллам біледі. Кім айтса да, мәселе министрге жеткен болды. Былтыр министр­дің арнайы бұйрығы шықты. Бұйрық бойынша «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолданыстан алынып, күшін жойды.

Ер ағам осындай батыл, табанды, ұлтжанды тау тұлға болды. Таулар алыстаған сайын асқақтай береді. Ер ағаның еңбектері де уақыт өткен сайын айқындала бермек. Топырағың торқа болсын, есіл ер!

 Болат  БАҚЫТБЕКҰЛЫ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button