Мәселе

Тұрмыстық зорлық көбейіп келеді

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 16 мың шағым түсіпті. Бұл былтырғы көрсеткіш десек те, биылғы жағдай да көңіл көншітерліктей емес. Қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері өзінің отбасына озбырлық көрсеткен 730 ер адамды арнайы тіркеуге алыпты. Олардың барлығы мамандардың бақылауында болады.

[smartslider3 slider=2329]

Өзектілігін жоймады

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоймайтыны анық. Елордалық полицейлер карантин кезінде статистика­ның ұлғайып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың өршіп кеткенін айтады. Сандар өзгеріп тұрады, бірақ біздің қоғамда қатыгездік пен қылмыс көбейіп бара жатқанын көреміз.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің әйелдерді зорлықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, дер кезінде тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алатын іс-әрекеттер жасалып жатқанын айтады.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық әйелді қорғау ұйғарымын толтырдық. Полиция инспекторлары зорлық-зомбылықтың алдын алу іс-шараларын өткізеді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 730 ер адам тіркеуде тұр. Оларды қатаң бақылауда ұстаймыз. Өйткені олар құқық бұзуға дайын тұратын адамдар санатына жатады. Бұл жұмыспен Ішкі істер министр­лігінің жанынан құрылған ана мен баланы жәбірлеуден қорғау жөніндегі арнаулы бөлім қыз­меткерлері айналысады. Өткен жылы Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен бұл бөлім қызметкерлерінің штаты кеңейтілді» деп түсіндірді Г.Шрахметова.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-­демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Ләззат Рамазанова 2021 жылдың 25 ақпанында ішкі істер органдарындағы арнаулы бөлімшенің жаңа тарихының парақтары жазыла бастады деп санайды.

«Ішкі істер органдарында 1999 жылы құрылған органның өткен жылдың 25 ақпанынан бастап жаңаша тарихы жазыла бастады. Себебі Президенттің тапсырмасымен, негізінен, әйелдер жұмыс істейтін осы құрылымның рөлін күшейту туралы шешім қабылданды. Қазір біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – отбасылардағы тұрмыс­тық зорлыққа алып баратын барлық іс-әрекеттердің алдын алу. Өйткені әр отбасындағы бейбітшілік, тыныштық орнап, әр баланың ертеңге деген сенімін нығайту – баршамыздың мұратымыз» дейді ол.

 Полиция мен азаматтық қоғамның дәнекері

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Ішкі істер министрлігіне бағынатын әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің қызметін күшейтуді тапсырғаны мәлім. Президент сол жолғы жиында әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа өткір әлеуметтік проблема ретінде тоқталды.

«Жыл сайын елімізде әйел­дерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Белсенді жұмыс жүргізіледі

Жақында астаналық Полиция департаментінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімше қызметкерлерін құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға қатысқан ведомство басшысы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев әйелдерге грамоталар мен алғыс хаттар тапсырды. 1999 жылдың 19 ақпанында ІІО жүйесінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі құрылды.

Бөлімше әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және жолын кесу, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және психологиялық қолдау көрсету мәселелерінде әйелдерге құқықтық көмек көрсету мақсатында құрылды.

2021 жылғы 19 наурызда Ішкі істер министрінің бұйрығымен осы бөлімшенің штат саны нығайтылды. Қазіргі уақытта әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсартудың түрлі аспектілері бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою.

Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша отбасылық жанжалдар орын алған үйлерге барады. Сол отбасыларда тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ерлі-зайыптылармен әңгімелесіп, психологиялық қолдау және құқықтық көмек көрсетеді. Соның ішінде суицидке бейімділігі бар әйелдермен әңгімелесіп, құқықтық кеңес береді. Бұдан бөлек, бөлімше қызметкерлері қоғамдық орындарда халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұйымдарда дәріс, семинар, тренинг, дөңгелек үстел өткізеді. Басқосулардың бәрінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге іс-қимыл алгоритмі бойынша ақпараттық парақшалар таратылады. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге дағдарыс орталығы консультациялық-ақпараттық көмек көрсетеді.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button