Елорда тынысы

Ерекше қажеттілігі бар балаларды құттықтады

Наурызнама онкүндігі аясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат елордадағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының қызметкерлерімен және емделушілерімен кездесті. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған орталықтың бірнеше жылдан бері ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту және инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында белсенді жұмыс істеп келе жатқанына назар аударды.

«Қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, оларды әлеуметтік қорғау бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Кедергісіз, инклюзивті орта қалыптастыру – мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Сенат мүгедек азаматтардың құқығын қорғауды күшейту және тұрмыс сапасын жақсарту саласында тиісті іс-шаралар қабылдауда» деді М.Әшімбаев.

Кездесу барысында сенаторлар есту, сөйлеу, көру, аутизм спектрі және басқа да ауытқуы бар балаларды оқытудың арнайы жобаларымен және мамандандырылған әдістемесімен танысты. Орталық басшылығының айтуынша, қазіргі таңда бұл жерде 200 бала және психоневрологиялық
патологиясы бар 42 ересек адам есепте тұр. Мекеменің негізгі міндетінің бірі – белсенді өмірлік позиция мен балалардың өзіне-өзі көмектесу дағдыларын қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына ықпал ету. Осыған байланысты есту қабілеті бұзылған 20-ға жуық адам, одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың өздері орталықта аспаз, тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Бұл әлеуметтік бейімделу мен даму үшін қолайлы атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.

Орталық ұжымын және тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтаған Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен биыл аталған мереке «Наурызнама-2024» тұжырымдамасы аясында жаңа форматта аталып өтіп жатқанын айтты. Мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайтуды көздейді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button