#Жаңа Қазақстан

Бұқара күші – бірлікте

Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі және екі сайлаудағы Мемлекет басшысының сенімді өкілі ретінде айтарым, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы Президент болып сайланғалы бері қоғамдағы әділеттілік, бірлік пен жасампаздық туралы айтып келеді. Осы жолғы Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы осы құндылықтардың қоғамды ұйыстыру мен жасампаздық жолында қаншалықты маңызды екеніне ерекше мән берді.

Біріншіден, «ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» дей келе, Мемлекет басшысы ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайтынына, ештеңеден құр қалмайтынына тоқталды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет.

«Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айт­қым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет» деп аға буын, зиялы қауымға Мемлекет басшысы үлкен міндет жүктеді.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтары көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қойып, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық» деп елдегі бірлік пен ынтымақты сақтаудағы діннің рөліне тоқталды. Дәстүрлі исламды берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра алатынымызға ерекше назар аударды.

Екіншіден, соңғы кезде зия­лы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Егер де әлемдік қауымдас­тықтан лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт болғымыз келсе, жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарау керек екенін ескертті.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы құрылтайда ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды: ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тә­уелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.

Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тау­қыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс.

Еліміз тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық сияқты негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Қорыта келе айтарымыз, бабаларымыздың «Бұқараның күші – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақта» деп бізге қалдырған асыл өсиетіне адал болайық, ағайын!

Зулфухар ҒАЙЫПОВ,

Мемлекеттік басқару академиясы

басқару институтының директоры,

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button