Білім

Университет ұлағаты

Рейтинг жөнінен қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік білім ошақтарымен иық тірестіре алады. Соның бірі – Maqsut Narikbayev University елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында  30 жылдығын ерекше бағдарламамен салтанатты түрде атап өтті.

Әуелі Алматыда, сосын Астанада өсіп-өнген оқу ордасы – Maqsut Narikbayev University-нің тарихы сонау 1994 жылдың 14 наурызынан басталады. Осы уақыт ішінде университет өз миссиясына сай, басты қағидаты – халыққа қалтқысыз қызмет ету  деп санайтын 40 мыңға жуық білікті мамандарды даярлап шығарды.

Maqsut Narikbayev University Қазақстанда білім берудің халықаралық деңгейін ұсына отырып, еліміздің университеттері арасында көш бастап тұр. 30 жыл ішінде университет бірнеше ірі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда,  ТМД-да бірінші болып QAA аккредитациясына ие болды, ACCA, CFA, CIMA, TOLES сертификаттарын алды, сондай-ақ BIG4-те жұмыспен қамту бойынша үздік топ-5 университет құрамына енді. Университеттің білім беру бағдарламаларының көпшілігі FIBAA халықаралық агенттігімен аккредиттелген, бұл – жоғары оқу орнының беделін биіктетіп, халықаралық дәрежедегі деңгейін арттыра түседі.

«Жекпе-жек» сарайындағы салтанатты кешке 4 мыңнан астам студент, жүздеген профессор оқытушылар құрамы, кеш қонақтары қатысты. Бұл жиын арманға қанат байлаған, болашағына бағыт-бағдар берген университеттің әл-ауқатын, білім сапасын, жастардың оқытушыларымен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, жұдырықтай жұмылған тату тірлігін көрді, түлектердің ұстаз мерейін аспандатқан жетістіктеріне куә болды, жарасымды, креативті өнерін тамашалап, тамсанды. Бес сағатқа созылған салтанатты іс-шара бір деммен өтті, жастар өздері ұйытқы болған думанды кештің басты кейіпкері болды. Әсіресе, университет түлектерінің жүрекжарды тілектері, ұстаздарына алғыс айтып, ризашылығын білдіргенде, оқу орнының жетістіктері сараланып, видео арқылы көрерменге берілген кезде қол шапалақтамаған адам, қолдамаған жан қалмады, жастар әлемдік үздік оқу ордалары қатарынан орын алуға мақсатты ұмтылған университеттің студенті атанғанына бек риза еді. Ал кештің көркін қыздырып, әуезді әнмен әрлеген хедлайнерлер – қазақстандық эстрада жұлдыздары Raim және Кalifarniya жастар сүйіп тыңдайтын әуендерді шырқап, түрлі-түсті жарыққа толған сарай іші үлкен би алаңына айналды.
Кеш барысында жаңа рекорд жасалды – көлемі 850 шаршы метрді құрайтын университет туының ашылу рәсімі өтті. Аталған атрибут университеттің білім беру және қоғамдық кеңістіктегі күші мен маңыздылығын көрсетті. Мерейтой кезінде университет мектептері арасында аламан бәйге тігіліп (бас бәйге 5 000 000 теңге), мықты дайындықпен келген төрт мектеп пен әкімшілік-басқару персоналы «Университетті үздік құттықтау» атағы үшін өзара таласты.

– Бүгін біз университетіміздің 30 жылдық мерейтойына  орайластырған өте маңызды оқиғаға жиналдық. 30 жыл өте аз сияқты көрінгенімен, біздің қызметкерлер, оқытушылар және түлектеріміздің арқасында университетіміз елеулі нәтижеге жетіп, үлкен жолдан өттік. Өздеріңіз білетіндей, біздің басты миссиямыз – ел мүддесіне қызмет ету, білімді, білікті жасты тәрбиелеу. Осы орайда алға қойған мақсатымызды орындау жолында табанды жігер,  қажырлы еңбек еткен әрбір MNU мүшесіне шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев.

– Maqsut Narikbayev университетін 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Студенттік шақты үнемі ерекше ықыласпен еске аламын. Университеттегі атмосфераның өзі керемет еді. Үлкендерді құрмет тұтып, кішілерге демеу болып, өзара сыйластық орнатуға тәрбиелейтін. Егер біреу оқу барысында қиналып жүрсе немесе сынақтан өте алмаса, оқытушылар көзбе-көз сөйлесіп, себебін анықтап, жан-жақты қолдау көрсететін. Олар бізге үлкен сенім артып, жігерлендіріп, шабыттандырып отыратын.  MNU жастарды үлкен өмірге даярлау міндетін абыроймен атқарып келеді. Кезінде осы университетті таңдағанымды мақтан етемін. Мені шақырғандарыңызға алғыс айтып, әрбір студентке сәттілік тілеймін.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button