#Жаңа Қазақстан

Ақ мол болсын!

Ата-бабамыз атам заманнан күн мен түннің теңелуіне орай наурыз айының 22 жұлдызын «жыл басы» санап, ерекше тойлап келген еді. Халқымыз ежелгі салтында «отамалы» өткен соң-ақ, «енді наурыз айы туады» деп өз шама-шарқынша, қал-қадірінше күн ілгері дайындалатын.

Бұл мерекенің негізгі қағидасы: тазару, жаңару, ұйысу. Әркім өз өмірінде көңіліне қандай да бір кірбің ұяласа, өз ағаттығын, пенделікпен жіберген қателігін пайымдап, қатысты адамдардан кешірім сұрау. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-баба өсиетін ұстанып, ел бірлігіне адам біткен жанқиярлықпен еңбектеніп, ағайын-­ауылдаспен етене араласып, береке-бірлікке ұйысу. Мерекеге орай тазалықпен тәуір киімін кию, үй-жайын, қора-қопсысын тазарту, ат әбзелдерін жаңартып, әзірлеу.

Адамның өзі де, сөзі де, ісі де тазарып, жаңарып, жыл басы – 22 наурызға аса бір ілтипатты ізгі ниетпен әзірленіп тойлайтын. Бұл қарсаңда әр үй ет асып, үлкендердің сыбағасы: бас, жамбас, сыйлы қонақтарға: асықты жілік, жал-жая, қазы-қартаны салып, ұннан кеспе, бидай, күріш, сөк, ет, сорпа, қарындағы қатығын бастап, «астың дәмін келтірген – тұз, қарағым» дегендей, жеті түрлі дәмнен аса тайқазанда көже жасайды. «Есіңе алсаң, ескі астан ауыз тигіз» деп өткен жазда алған құрт-ірімшік, қызыл жарма, жұқалап тіліп кептірген ақ ірімшік, қозы қарын, сары майынан аяқ-аяқ салып және ақ бауырсақ, құйма қант, түрлі түсті кәмпиттермен кең жайылған дастарқанды түрілтіп, толтырып қояды.

Алыс-жақын, ағайын-туыс, құда-жекжат, ауылдастар, сол өңірдің халқы түгелдей ­атты-жаяу шұбырып, айтшылап, әр үйден наурыз көже ішіп, дәм татпайтын адам болмайды. Ақ орда ақшаңқан киіз үйлер қатарластырып тігіліп, азаматтар жақсы атын ерттеп мініп, ойнақтатып, сайланып, аударыспақ, теңге ілу, палуан салып, бәсекелерін өткізсе, кешке қолайлы саналатын ауыл-үйлерде жиналып, жыршылар жыр төгіп, ақындар айтысып, күй шертіліп, жастар далада алтыбақан құрып, қызық-думан қыза түсетін.

Той наурыздың 20 жұлдызында басталып, үш күн бойы ұлан-асыр тойланып, 22 жұлдызының кешінде мәреге жететін. Тәубе! Еліміз тәуелсіздігін алғалы ежелгі төл мерекеміз, жыл басы – Наурыз мерекесін тойлау өз нақышын тауып, жылдан-жылға қуаттанып тойланып келеді.

Наурыз мерекесін он күн тойлау деген ұсыныс, біз қазақ салбөкселеу халықпыз ғой, халқымыз өзінің төл мерекесінің қыр-сырын ұғып, ежелгі салтымыз санасына ұяласын. Әсіресе қыз-келіншек, әйел, аналар өз киімдерін өздері танып кисін, ғасырдан аса уақыт киген (өзге ел әйелдерінің) шалбарын шешсін, жаны таза, қаны таза халқымыздың сырт бейнесінен де қазақтығын аңғартсын деген көкейтесті ұсыныс деп білеміз.

Дүние дүбірледі ой менен қыр,

Шежіре тарихтан шертісіп сыр.

Асқақ ән аспанға өрлеп қалықтаса,

Күй шертіп, көкіректен төгіліп жыр.

 

Жайылып наурыз тойы дастарқаны,

Жал-жая асып, қартқа бас тартады.

Әз-әже тайқазанмен көше жасап,

Тәмсіл ғып көпке жеткен асты айтады.

 

Бабалар «әумин» деп бата тілеп,

Айтылып қасиетті бата-тілек.

– Ұлыс оң болсын!

– Ақ мол болсын!

– Ел мәңгі арылмасын!

– Құдайым жарылқасын!

Ел бірлігі нығайсын, ырыс үдеп! – дегім келеді.

Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ,

Қазақстан, Моңғолия Жазушылар

одағының мүшесі,

«Құрмет» орденінің иегері,
«Алтын алқалы» ана

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button