#Жаңа Қазақстан

Тұғырымыз – татулық

Наурыз – Ұлы дала халқының ертеден бері тойлап келе жатқан мерекесі. Ұлтымыздың жаңа жылы да көктем лебі білінген, күн мен түн теңелген әз-Наурыздан бастау алады.

Тәуелсіздік алғаннан бері қаншама ұлттық құндылығымыз ұлықталып жатыр. Сол қатарда қазақстандық­тардың Наурызды ұлттық мереке, жыл басы ретінде атап өтіп келе жатқанына да біраз уақыт болды. Ол елімізде әлдеқашан береке-бірліктің мерекесіне айналып кетті. Кейде «Неге бізде мереке көп, бәрін тойлай береміз бе?» деген пікір де айтылып жатады. Ал мен халқымызды берекемен тойлайтын мерекеден айырмасын дер едім. Адамның әр күні аман жүруі, атқан таңның арайын, батқан күннің шапағын көріп жүргенінің өзі мереке. Сондықтан ізгілікке шақыратын, бауырмалдыққа баулитын Наурызды біз қалай атап өтсек те артық етпейді. Биыл, міне, Наурызды жаңаша үлгіде тойлап жатырмыз. Осы он күндік мереке аясында қаншама ұлттық құндылығымыз дәріптеліп жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Екінші тұрғыдан алғанда, оның жаңаша үлгіде тойлануы – Наурыздың дәуір тынысымен, замана лебімен қайта түлеуі. Өйткені бұл мерекені түркі тілдес халықтардың барлығы тойлағанмен, мазмұн жағынан айырмашылық та жоқ емес. Биыл қазақ халқы сол мерекені тойлаудың халық арасында сақталған сарқыншағын жүйелеп, бәрін бір арнаға қайта тоғыстырды.

Қазақ халқы – мейірімді, бауырмал халық. Елімізде басқа ұлттардың мерекесі де үлкен құрметпен аталып өтіп келеді. Ешбір ұлттың мерекесіне, салт-дәстүріне шектеу қойылып жатқан жоқ. Сонымен қатар басқа ұлттар да қазақ халқының әз-Наурызын ықыласпен атап өтуді әдетке айналдырған. Бұл – еліміздегі айрандай ұйыған берекенің бір белгісі. Алдағы уақытта да Наурыз мейрамы ұлттар арасындағы ынтымақты нығайтатын татулық мерекесі ретінде аталып өте береді деп сенемін.

Биыл Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Оразада тілеген тілегіміз, жасаған құлшылығымыз қабыл болып, елімізде мәңгілік тыныштық болсын. Бірліктен биік мәртебе, тыныштықтан қымбат байлық жоқ. Төрткүл дүниеден тыныштық кетіп, геосаяси жағдай күрделеніп, қантөгіс көбейген қазіргі шақта бізге ауызбіршіліктен, жұдырықтай жұмылған берекеден қастерлі ештеңе жоқ. «Үй іші ала болса, кереге басы пәле болады» дегендей, ішкі бірлігі кеткен елдің басында бақ та, байлық та тұрмайды. Сондықтан Алла бізді елдіктен, бірліктен айырмасын, көк туымыз көк аспанда желбіреп, жалпы жұрт елдік сана биігінде тоғысып, ұлан-ғайыр Еуразия төсінде мәңгілік ел ретінде салтанат құрайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Наурыздан-наурызға аман жетейік. Болашағымыз жарқын, ұрпақтар бақытты болғай!

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button