Мәдениет

Бесаспап журналист

Бүгінгі таңда «Еgemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарып жүрген Амангелді Қияс жайында айтамыз. Баспа ісін бағамдай білетін азаматтар газеттегі хатшылық не екенін жақсы біледі. Редакциядағы бүкіл техникалық қызметтің барлығы осында атқарылады. Яғни, баспа технологиясын меңгерген мамандардың шоғырланған ортасы. Қазіргі тілмен айтқанда, технократтар дейікші.

Амангелді екеуміз бұрынғы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының (бүгінгі Еуразия ұлттық университеті) филология факультетінде бір топта оқыдық. Бесінші курстан бастап екеуміз қалалық «Ақмола ақиқаты» газетінде (бүгінгі «Аstana аqshamy») қатар еңбек жолын бастаған едік. Оның тырнақалды туындысы махаббатқа арналған новелла болатын. Ол қалай жазылған дейсіз ғой? Бүкіл әңгіме желісіндегі сөздер тек кітап атауларынан ғана құралған. Жаңылмасам, 150-ге таяу кітап атауы. Сөздері өлеңше өрілген. Мағынасы да менмұндалап тұр. Енді ойлап қараңыз, тек кітап атауларын ғана қолдана отырып новелла жазу тіпті оңай шаруа емес. Бұл үшін ұшқыр қиялмен ұшталған ерекше қабілет те керек. Бұған көркем әдебиетті көп оқыған зеректікті де қосыңыз. Несін жасырайын, табаны күректей 28 жылдан бері қалам ұстап жүрген мен әлі күнге мұндай дүние жаза алмаспын-ау.

Алғашқы кездері Амангелдінің газетке жарияланған материалдары бүркеншік атпен шығып жүрді. «Алдыоңғардың жыр-жүрегі» деген атаумен. Әсіре айтқаным емес, әр жазған дүниесі сенсациялық сипат алатын. Әсіресе, сол кездегі Целиноград қаласында елге етене танылған жазушы қауымның айрықша назарына ілікті. Тіпті олардың бірқатары редакцияға арнайы келіп, «Алдыоңғардың жыр-жүрегін» аттай қалап іздегені бар. Мәселен, марқұм публицист-жазушы Жомарт Әбдіхалықтың (облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы) аңсары Амангелдіге қарай қатты ауды. Талай рет «Арқа ажарына» ауысуын сұраған да болатын. Көлемді кей материалдарын өз газетінде көшіріп жариялап та жүрді. Сондай-ақ сол кездегі орақ тілді журналист, марқұм Жұматай Сабыржанұлы да  Қиястың қимас ағасына айналды. Бұдан басқа да бірталай зиялы қауым өкілдерінің оған деген шынайы ықыласына өз басым куә болғанмын. Бұлардың барлығы Амангелдінің студент кезде өзі көп айтатын «бір тұтам» бойына емес, ұшқыр ойына, қытайлар қысылмай қасына келе беретіндей қысыңқы көзіне емес, қиыстыра құрастырғанда көңілдің құрышын қандыратын көркем сөзіне қызықты. Сондықтан болса керек, оны ел арасында «Екінші Әуезов» деп те айтатындардың қарасы табылған еді.

Енді «Екінші Әуезов» неге болмай қалды?» деген сұраққа келейік. Тақырыпты тауып қоятын журналист ағамыз Талғат Батырханның «Газет жазу мен сызудан тұрады» деген сөзі бар ғой. Алғашқы еңбек жолын жазудан бастаған Амангелді Ақмола астана болған кезде газеттің екінші жағына ауысты. Тіпті, мұны негізгі кәсібіне айналдырып жіберген жайы бар. Еріккеннен емес, ет-жүрегі соған қарай елжірегендіктен. Әрине, жазуға арналған қаламын сызуға қолданғаны бір кездегі жазушылық қабілетіне салқынын тигізгені анық. Әйтсе де, бұл әріптесім сызу жағынан да осал болмай шықты. Газеттегі сызу – оның кескін-келбеті ғой. Келісті болса, оқырманға ол да тартымды болады. Сол келістіру жағынан Амангелді Қияс бүгінгі таңда Қазақстандағы бірден-бір кәсіби маманның бірі болып тұр. Мұны қалам ұстаған зиялы қауым жоққа шығармайды. Әсіресе, бас қалада жарық көрген басылымдардың басым бөлігі бұл жағынан Аужекеңе «басын иетіні» анық. Бүгінгі таңда ел газеті деген мәртебелі атаққа ие болып жүрген «Еgemen Qazaqstan» газетінде жауапты хатшы болып отырғаны да сондықтан болса керек. Қысқасы, газеттің екі қырын да еркін меңгерген майталманға айналды.

Амангелді жайлы әлі де айтарымыз көп. Алайда бұл жолы тым алысқа шаппай, осы жерден жүгенді тартқанды жөн көрдім. Кезінде газеттегі сөзін жетер жеріне жеткізіп жазған, бүгінде газеттің көркемдігін сұлу қыздың келбетіндей келістіріп жасайтын журналистика саласының майталман маманы Амангелді Алдоңғарұлы биылғы Наурыз мейрамында, атап айтқанда, 24 наурызда ердің жасы – елуге толады. Олай болса, жер ортасына жеткенің құтты болсын, баспасөздің баспалдағын бірге аттаған әріптес-дос демекпін. Шығармашылық шабытың арта берсін, абыройдың биігінен көріне бергейсің!

Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналының шығарушы редакторы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button