Мәдениет

Темірқазық түбінде тоғысады

Ғалами жаратылыс құбылысын түркі жұрты Наурыз деп атады. Нау­рыз – той, табиғат мерекесі ғана емес, астрономия, астрология, геометрия, математика, физика саласындағы ғылымға негізделген жол сілтеуші шамшырақ. Он сегіз мың ғаламды зерттеудің кешенді ғылыми жобасы десек болады.

амамен он екі мың жылдай, мүмкін одан да бұрын аспан денелерінің орналасуын ғылыми дәлдікпен меңгерген түркі жұртының ғылымына қайран қаламыз. А.Горбовский атты ғалым 10-11 мың жыл бұрын аса ірі мәдениет болған дейді. Оған дәлел өте көп. Осыдан 5-6 мың жыл бұрын қазақ халқы мекен еткен қазіргі қарақалпақ жерінен табылған «Қой қырылған» деген қаңлы тайпасы жасаған, (кей жерде қоңырат деп жазылған) аспан денелерін зерттейтін үлкен расытхана (обсерватория) табылуы да – қазақ халқының білім ізденгіш, жоғары мәдениетті халық екенінің дәлелі. Мәдениеті мен оқу-білімі болмаса, расытхана да болмас еді. Аспан шырақтарының белгілі мезгілде көрінбей кетуі мен айлар өткізіп барып қайта тууын зерттеп, құбылуына қарай жеке-жеке ат қойып тани білуі астрономиялық, математикалық, геометрияны меңгерген терең білімділігінен еді.

Осы шетсіз бен шексіз ғаламдағы аспан шырақтарының қозғалысын аса дәлдікпен реттеп, өзіне тартып ұстайтын, бірақ өзі өмірі қозғалмайтын алып жұлдыз – Темірқазық. Жыл бойы қозғалыста болып табиғат-ана босаңсып, жаңаратын уақыт – Наурыз айында ай мен күн Темірқазық түбінде тоғысады. Қазақ халқының астрономдары Темірқазық жұлдызын аспан мен жердің тірегі, кіндігі деген. Қазіргі Наурыз тойына арналған мемлекеттік эмблемадағы ортадағы таяқтың екі жағына ширатылған Қошқар мүйіз іспеттес сурет осы ғалам жаратылысын бейнелеп тұр. Ортасындағы таяқ – Темірқазық. Ал екі жағындағы шиірлей жиналған жіп – сол ақ қой мен қара қойды (күн мен түн ғой) арқандаған жіп суреті.

Темірқазықтың осы Қош­қар мүйіз заңы туралы ғалым Ақжан Машани, «Аспан кіндігін – Темірқазық деп атап, оған тебеннің бағытталуын білудің өзі ерте заманда халқымыздың магнит темір қасиетін білгендігі. Өгізханның (Өгізхан түркі жұртының мифтік кейіпкері) Құрылтай тобында Орданың екі босағасында қырық құлаш ағаш орнатылған. Сол ағаштардың басында – тауық, түбінде қой байланған. Тауық – уақыт білдіруші. Ақ қой мен қара қой – түн мен күн сипаты. Осы екі қойдың ағаш түбіне байлануы темірдің магнит күшін сипаттайды. Ақ қой мен қара қойдың қарама-қарсы кездесуі – Жыл басы осы. Күн мен түн теңелгенде екі мүйіз арасына күндіз күн, түнде ай қонады. Екі мүйіз сол кезде Ай орағымен тоғысады, тоғыс айы, көріс айы сол» деген ол өз еңбегінде.

Қазіргі кезде ғалымдар расында, әлемді ұстап тұрған ширатылған жіп – жердің магниттік тарту күші дейді. Әлем қозғалысында Құс жолы жұлдыздарын, Тұмандықтарда магнит жібі секілді қошқар мүйіз формалар жиі кездеседі екен. Органикалық заттардың молекулалары екі түрлі «жіптен» спираль түрінде ширатылып құрылғанын қазіргі кезде ғалымдар да айтып жүр.

Тек қазақ халқы ғана емес, адамзаттың жер бетіндегі тірлігі, тәулік санау, мезгіл ауысу, ауа райы өзгеруі аспан денелерімен байланысты. Ал мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы Үркер, Сүмбіле, Таразы осы үш шоқжұлдызының көкте көрінуі мен батуына қарап жыл мезгілінде аспан көгінде пайда болуы мен жоғалуына қарай маусым ауысуын, мал күйттеп, күзен салып, күйік алатын кезді, егіс егуді бастаған. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деп, қой шаруашылығын экономиканың өзегі, тіршілігінің көзі еткен. Жыл мезгілдеріне қарай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп қой шаруашылығының жәйін күйттеген. Себебі бала-шағасының нәсібі осы малдың жайына байланысты еді. Күзде Тоқты жұлдызын ығыстырған Үркер шоқ жұлдызы қыс айы аспан көгіне жарқырап көтеріледі де, наурыз айының 13 күні жылыстап жылжып көрінбей кетеді де, орнына маңырай басып Тоқты жұлдызы кіреді. Биыл кіргелі отырған мүшел жыл – Ұлумен бірге Темірқазық түбінде тоғысады. Осы кезде Жер планетасына көктем келіп, қыс қаһарынан аман шыққан ел-жұрт қыстан амалдап аман шықтық деп қыстаудан жайлау­ға көшіп, 14 наурызда қуана қауышады, көріседі. Осылай табиғат мерекесі Жаңа жыл басы Нау­рызды қарсы алған. Табиғат құбылысын тірліктің өзегіне, табиғатты құрметтеу мерекесіне айналдырған. Осы уақта түркі жұрты күнделікті тұрмыста қыстан аман шыққанына тәубе десіп бір-бірінен кешірім сұрап, мейірім төгіп, қонаққа шақырған. Сондай салттың бірі «Шекеге» шақырып, дәм таттыру осы мезгілде жасалған. Қазір де бұл салтты ұмытпай, өмірлеріне өзек еткен қазақтар қатарымызда бар.

Табиғаттың ілімі мен ғылымын ден қоя зерттеген түркі жұртының жұлдызшылары Наурыздың 21-22 қараған түні Күн мен Түн теңелгеннен кейін, таң ата Күннің қай жұлдыздар тобы тұсынан шығатынын бақылаған. Естеріңізде болар, барлық аң жануарлар жиналып, таң ата Күннің шығуын аңдып, Жылға таласатын аңыз. Аңыз түбі – ақиқат. Бұл табиғат құбылысын бақылап, анықтап, аспан денелеріне ат берген сол дәуірдегі ғалым жұлдызшылардың аңызға айналған еңбегі сияқты. Ғалами жаратылыс заңында Наурыз туған таңда Күн екі жарым мың жылда бір Балық шоқ жұлдызының тұсынан шығатын табиғи құбылыс бар екен. Ғаламдық сирек болатын бұл күрделі құбылысты, астрономияда «прецессия» дейді. Осы күні сирек болса да қолданып жүрген «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген астрономиялық сөздің шығуы осы астрономиялық құбылыс­тарға қатысты айтылған екен. Астрономиялық сөз демекші, аспан шырақтарының құбылысына қатысты қазақ халқында астрономиялық сөздердің этимологиясы да қалыптасқан. Наурыз туған күн таң атпай Күннің шығуын күтіп Жыл басына таласқан аңдар туралы аңызда Түйе жануары бар еді ғой. Ел аузында әлі күнге «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген сөз айтылады. Халық астрономиясында «Ертеден ерте заманда, түйенің құйрығы жер сызғанда, Ешкінің мүйізі көк тіреген заманда» деген сөз, бір кездері түйенің мүшел жыл басы болған уақытын білдіреді. Бұл шамамен он мың жылдан астам уақыт екен. Түйе жануары бір кездері мүшел жыл қайыру есебіне енбеген болса, ертедегі жұлдызшылар мұндай сөз жазбас еді. Және түйе жер мен жаз жануары болғандықтан, оның құйрығы жерде жатады. Ал ешкінің мүйізі көк тірегенде деген сөзге келсек, ешкі – қыс жануары. Ай жылжып отырып Ешкі жұлдызын қыста, қаңтар айында аялдайды екен. Қаңтар айында Ешкі шоқжұлдызы аспан төрінде жарқырап көрініп, қыс мезгілінің сәні мен мәнін келтіргендіктен, «Ешкінің мүйізі көк тірегенде» деп көркем сөз саптаған.

Наурыздың осы ғылымы мен білімі, ілімі, қуатты рухани мәдениет мәйегі – түбі бір түркі жұртын біріктіріп тұр десек, артық айтқандық емес. Ұлы іс оң, ақ мол болсын!

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button