Денсаулық

Ерте анықталса – емдеу тез



Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Instagram парақшасында «Бастапқы кезеңде анықталған онкология: бірінші медициналық көмек, науқастың бағыт-бағдары, емдеу және профилактика» тақырыбында тікелей эфир өтті. Оқырмандар сұрақтарына қалалық көпсалалы медициналық орталықтың директоры, елорданың бас онкологы Мұхтар Төлеутаев жауап берді.

[smartslider3 slider=2692]

 

Қазіргі таңда елордада 12 мың жарымдай науқас онкологиялық аурулар бойынша арнайы тіркеуде тұр. Былтыр 2178 адам жаңадан тіркелді. Олардың 94 пайызы дәрі-дәрмекпен қамтылып, емін алды. Қатерлі ісікке шалдыққан адам өзінің тіркелген емханасына барып, тексерудің бірінші кезеңінен өтеді. Екінші кезеңі онкология орталығында жалғасады. Тексерулер тізіміне қанның барлық көрсеткіштері бойынша жалпы талдау жүргізу, несеп талдауы, КТ және МРТ және т.б. жатады. 18 күнге дейін емхана көлемінде бүкіл тексеруден өтіп болуы керек. Соңғы жыл ішінде арнайы сақтандыру арқылы қаржы бөлінген, қалада бірнеше жерде КТ мен МРТ аппараттары бар, науқастар кезек тоспай сонда бара алады.

– Скрининг дегеніміз – жаппай жалпы тексеруден өту, сырқат адамның бойындағы ауруды оның белгісі жоқ кезде анықтау. Біздің елімізде скрининг үш бағытта өткізіледі: сүт безінің, жатыр мойнының және тоқ ішек пен тік ішектің обыры. Қаламызда сүт безі обырының скринингінен 40-70 жас аралығындағы 34 184 әйелдің, жатыр мойнының тексерісінен 35-70 жас аралығындағы 49163 әйелдің және тоқ, тік ішек обыры скринингінен 40-70 жас арасындағы 37769 ер және әйел адамдардың өтетіндігі белгіленген. Барлық скринингтер тегін. 2021 жылы сүт безі обыры бойынша тексеруден өтуі тиіс тұрғындардың 99,7 пайызы скринингтен өтіп, соның барысында 52 адамда осы қатерлі ісік анықталды. Жатыр мойнының скринингінен де бәрі өтіп, солардың арасынан 5 адамның науқас екені белгілі болды. Тік және тоқ ішек бойынша белгіленген адамдар арасынан 7 адамның бойынан қатерлі ісік табылды. Аталған науқастардың бәрі де аурудың 1 және 2 сатысында анықталып отыр, – деді М.Төлеутаев.

Емханадан кейін онкология­лық орталықта науқастардың бойындағы тіннен материал алынып, микроскоптық қана емес, молекулярлық, генетикалық тексерулер жүргізу басталады. Бұл тексерулер ісіктің түп себебін табу және оның қандай дәріге сезімталдығы бар екенін, қандай ем қолдануға болатынын анықтау үшін жүргізіледі. Соның бәрінен өтуге емханадан бастапқы тексеруді қосқанда 30 күн кетеді, сол мерзімде науқастың қолында бойындағы ауруы туралы шешім болуы керек. Онкологтар, химиятерапевтер және т.б. мамандар бірігіп консилиум өткізіп, шешім қабылдаған соң науқас ауруханаға жатқызылады.

– Онкологиялық ауруларға шалдыққан сырқаттар барлық дәрі-дәрмекті тегін алады. Соның ішінде химия терапия­сы, нысаналы ем, әр ісіктің сезімталдығына байланысты арнайы дәрілер бар. Олар өте қымбат тұрады, бірақ мекеме арқылы тегін беріледі. Сырқатқа ота жасалғаннан кейін оңалту жұмыстары басталады. Отадан кейін нау­қас міндетті түрде тұрақты бақылауда болады. Бірінші жылы 3 ай, екінші жылы 6 ай сайын, үшінші жылдан ары қарай өмір бақи жылына бір рет тексерістен өтіп отырады. Оның тамағының құрамындағы элементтерге мән беріледі. Елімізде бүгінгі таңда осы оңалту жұмыстары бойынша 8 хаттама бар, – дейді бас онколог.

Оның айтуынша, онкологиялық аурулар асқынуына қарай 4 сатыға бөлінеді. Бірінші сатысында сырқаты анықталып, емделсе, ол адам 100 пайыз аурудан айығып кетеді. Екінші сатысында да солай, кейде қосымша дәрімен немесе сәулемен емдеу қажет болуы мүмкін. Ал үшінші және төртінші сатысында қатерлі ісікке байланысты диагноз қойылса, онда ем 1-1,5 жылға созылады. Ол өте ауыр ем, мұндай мерзімде анықталғандарға ота жасар алдында толық дайындық жүргізіледі. Жылдар бойына дәрі ішуді жалғастыра беруі мүмкін. Сырқат ісіктің түрі мен хаттамаға байланысты ем қабылдайды. Сондықтан ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емделуі тез.




Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button