Басты ақпаратҚала мен Сала

Есілге түскен кемелер



Астаналықтар мен қала меймандарының сүйікті демалыс орындарының бірі – еркелей аққан Есіл өзені жағасы. Елорданың сәніне айналған өзеннің жағалауы – жазда жанға сая болса, қыста коньки, шаңғы, сырғанақ тебетін таптырмас орын. Ал өзен бойымен жылжып, бас қаланың айшықты ғимараттарын су үстінен тамашалауға мүмкіндік беретін кемелер шырайлы шаһардың сән-салтанатын одан әрі арттырады. Содан болар, бүгінде ерке Есіл жағасында адам қарасы қалың.

Есілде кеме жүргізу жобасы әу баста елорданың туристік тартымдылығын арттырып, қаланың сыртқы көрінісін ажарландыра түсу мақсатынан туындағаны белгілі. Орталық саябақтағы аталмыш қызмет түрін «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны ұйымдастырады. 2008 жылы құрылған мекеме бүгінде 15 жыл бойына жолаушыларға жыл сайын мамыр-қазан айлары аралығында қызмет көрсетіп келеді.

«Есіл-Астанаға» қарасты барлығы 8 жолаушылар теплоходы күндізгі 12.00-ден бастап кешкі 23.00-ге дейін халыққа қызмет етеді. Ересектерге арналған билет құны 3000 теңге болса, 3-14 жас аралығындағы балалар билеті 2000 теңге тұрады. Оған дейінгі сәбилерге тегін. Көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер қарастырылмаған. Кенесары ескерткішінің тұсынан аттанатын теплоходтар Ақорда ғимаратына дейін барып, кері қайтады. Осы аралықтағы серуендеу жолы 18,8 шақырымды құраса, ұзақтығы 45 минутқа созылады. Кемелер әр 5 минут сайын ауысып отырады. Сағатына 12 км жылдамдықпен қозғалатын кеме сыйымдылығы – 30 адам. Одан бөлек, 30, 45, 65 орындық теплоходтармен сағатына топ болып саяхаттау құны түске дейін 70 мың, 120 мың, 140 мың теңге болса, түстен кейін олардың бағасы 20 мыңға қымбаттайды.

Есіл бойына түскен кемелерде әдетте романтикалық кеш ұйымдастырып, ғашығына сезімін білдіретіндер, астананы тамашалауға келген туристер, жас жұбайлар, су үстінде сейіл құруға келген отбасыларды көруге болады. Мұнда, негізінен, кешке және мереке күндері келушілер саны толастамайды. Солардың қатарындағы қостанайлық тұрғын Саида Ахметбек теплоходқа алғаш рет отырғанын айтты.

– Маршруты қысқа болғанымен, кеме бойындағы серуеннен керемет әсер алдым. Астанаға келгенімде, міндетті түрде осы кемелерге мінуді қалайтынмын. Міне, сәті түскеніне қуаныштымын. Әрине, жолау­шыларды тек серуендетіп қана қоймай, қандай да бір экскурсия ұйымдастырып, гид болса, жақсы болар еді. Мүмкін жан-жақтан келушілерге аудионұсқаулық қойып, оларға ғимараттарды таныстырса, немесе әуезді әуен қосып қойса да болар еді. Алайда ондай қызмет түрі жоқ екен. Сол арқылы жолаушылар кемедегі саяхатты толық сезіне алар ма еді?! – деді ол.

Елордалық тұрғындармен де тілдес­кенімізде, басым бөлігі бес-алты жыл бұрынғы ескі сервис әлі сақталғанына және бағасының қымбаттап кеткеніне көңіл толмайтынын білдірді.

Алажаздай келушілерді серуенге шығарып, аталмыш мекемеде 2013 жылдан бері жұмыс істеп жатқан кеме капитаны Данияр Нұрғожин күніне он шақты рейс жасайтынын жеткізді.

– Кемелерге мінемін деушілер қатары көп. Әсіресе жұмадан жексенбіге дейінгі уақытта ұзын-сонар кезек пайда болады. Елорда күнінде келушілер саны көп болғаны сонша, өз кезегін 40 минут бойы күткен жолаушылар болды. Теплоходтарға сұраныс бар. Шетелдіктер де жиі келеді, – деді ол.

Кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету үшін жыл сайын түрлі шаралар атқарылады. Мәселен, навигация белгілері орнатылып, қосалқы мердігер ұйымдардың күшімен іздестіру және түпті тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Әрбір кеме құтқару шеңберімен жабдықталған. Сондай-ақ өзен бойындағы құтқарушылардың бөлімшесі де әзір.

Кемелерден бөлек, өзен бойында қаз-
қатар тізілген қызылды, сары, жасылды катамарандар да бар. Оларды жалдайтын «Есіл-Астана» ЖШС мекемесіне қарайтын жеке кәсіпкерлер екен. Катамарандардың бағасы жарты сағатқа – 4000 теңге. Әр жолаушыға міндетті түрде сақтық үшін сары жилет кигізіледі. Кеме саяхаттайтын тұстан бастап Radisson қонақ үйіне дейін катамаран арқылы өзенді жағалай саяхаттауға болады. Есіл бойында барлығы осындай 8 катамаран бар.

Есілдің ерке толқындарына сүйсініп, қаланың мың құбыла жарқыраған көрініс­теріне тамсанып, музыкалық аспаптарын серік еткен қала дарындарының әсем әуен, сазды әндерімен құлақ құрышын қандырып, керемет серуен құруға болатыны анық. Бұл жағалауда жанға сая болар тыныштық пен думанды тіршілік жарасымдылық тапқан. Түн жамылғандағы көріністің әсерлілігі кез келгенді сүйсіндірмей қоймас. Осылайша елорданың бар жарқылы Есілдің айнасынан пана тапқандай көрінеді.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button