Қоғам

Замандас не дейді?

Қоғамда шешімін күткен маңызды, өзекті мәселелер көп. Әрине, оның бәрін бірден қамту, бір деммен шешіп тастау мүмкін емес екені түсінікті. Дегенмен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік деңгейде қолға алынатын нақты іс-шараларды айқындап берді.

Бұйырса, Атырау облысында, тарихи Сарайшық өңірінде өтетін Құрылтайдың кезекті отырысында оның есебі, мән-жайы талқыланары сөзсіз. Өйткені елімізді дамытуға байланысты осындай форумда айтылған ұсыныс, қабылданған шешім аяқсыз қалмауға тиіс.

Алдымызға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте еңбек етуіміз керек. Сырттан қарап отыратын сыншы, бақылаушы немесе жалпы тілеулес болып қана отыру жеткіліксіз. Әділетті мемлекет құру ісінде әр азамат өз орнында жеке үлесін қосуға ұмтылғаны жөн.

Елге көп айтылатын сөз, жиі берілетін уәде емес, адал еңбек қана пайда әкеледі. Жастай маңдай терді төгіп нан тапқан адам жүктелген жауапкершілікті мойынға алып, бейбіт өмірде ерлік жасауға қабілетті. Себебі керек болған жағдайда оның бойынан қажетті ерік-жігер табылады.

Дәл қазіргі кезеңде жеңіл жолмен табыс табуға бейім, әрі-сәрі ойдағы адамдар да жоқ емес. Оны жасырып қайтеміз? Жастарды жақсылыққа жетелеу үшін тәлімгерлік институты іске қосылғаны абзал. Кез келген ұжымда үлкендердің өнеге көрсететін дәстүрін қалпына келтіруге ешкім кедергі келтіре қоймас. Ал оқу бағдарламасына енгізілген еңбек сабағы мектепте ғана емес, мектептен тыс жерде де үзілмеуге тиіс. Жалпы, берекелі еңбек – мәдениеттің өзегін құрайды. Біздіңше, осы Құрылтайда еңбек адамына көпшілік күткен қарапайым әрі терең анықтама берілді.

«Ол – ең алдымен өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деп атап көрсетті Президент. Расында, қоғамның әрбір мүшесі осы міндеттің үдесінен шыққан кезде жағдайымыз да, сана-сезіміміз де түзеледі. Адал еңбек ету салты қалыптасады.

Сондай-ақ ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды әкім мен ұстазға ғана артып қоюға болмайды. Оған жанашыр ата-аналар, қағаз жүзінде емес, шынайы жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар атсалысуға тиіс. Дәстүрімізде есті, белсенді азаматтар туған ауылындағы мектепке қамқорлық жасауы бұрыннан орныққан. Сайып келгенде, жастарды тәрбиелеу, сапалы білім мен өнерге баулу – мемлекеттің ісі, қоғамның парызы.

Бірде сұхбаттас болған бір замандас қоғамға ой салатын ерекше пайымын жеткізді. Ол – түрлі себеппен Қазақстанға келіп жатқан көрші елдердің азаматтарына, әсіресе, қолынан іс келетін бөлігіне қатысты ұсыныс. Жұртшылық көңілінде жылдар бойы қалыптасқан қасаң пиғылдың қалып қойғанын, соның ішінде отаршылдық пиғыл мен азаттық серпілістің текетіресі, осыған қатысты қилы саладағы қорқыныш пен үрей көпті сарыуайымға салатынын біз де жасырмадық. Ой таластырып бақтық. Әңгіме соңында тұжырымымыз төмендегіше тиянақталды.

Арабта «Болашақтың бетіне қараудан қорықпайтын адам ғана өзгелерден бай-бақуатты болады» («Богаче всех тот, кто осмеливается глядеть в лицо будущему») деген нақыл сөз бар екен. Енді он-жиырма жылдан кейін еліміздің, өзге мемлекеттердің даму барысы, жай-күйі қандай болады? Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп салмақты ой-пікірін жария еткені белгілі.

Дәл қазір әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, аума-төкпе кезеңде қандастарымыздың тағы бір елеулі толқынын елге жеткізуге байыпты байлам жасау маңызды. Осы орайда көрші елдерден көш басын атажұртқа бұрып жатқан, бұратын білікті, жас азаматтарды өнеркәсіп, өндіріс, бизнес саласында тиімді пайдалану бағдарламасын қабылдау керек. Елімізде аса зәру еңбек ресурсын іске жаратудың жөн-жосығын айқындау қажет. Бұл – әлемдік үрдісте жүзеге асып жатқан, реттелетін әрі үйлесімі бар тетік (механизм). Оларға қойылатын ортақ талап өркениетті елдердегідей қатаң орындалуы міндетті. Айталық, осы бағыттағы Түркия, Польша, Чехия елдерінің тәжірибесін зерделеуге де болар еді. Әрине, аталған мәселені маман даярлайтын жоғары оқу орындар да айналып өтпей, мақсатты түрде қарастырғаны мақұл. Құбылмалы өзгерістерді, әсіресе тұтас елдің болашағын болжау кімге болса да оңайға түспейді. Тап басып айту мүмкін емес.

«Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, біздің қоғамға да ертеңнің жайын ойлап, қамын жеу өзекті. Осы ретте ұлт ұстазының:

«Жанасқан шын көңілмен

жақындық аз –

Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық

қалмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін

қайғырар ма,

Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы!» деген ескертуін де ұмытпалық. Өйткені мұндай қадам таяу болашақтағы жоспарымызға, стратегиялық мақсатымызға сай болса ғана жеміс береді.

 Дархан МЫҢБАЙ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button